Аймағамбетов ҚазККА-ны неге жапты?
Аймағамбетов ҚазККА-ны неге жапты?
135
оқылды
90 жылға жуық тарихы бар, еліміздің эко­номика, нақты атап айтар болсақ, те­міржол саласына маман дайындап кел­ген іргелі оқу орнының басына қара бұлт үйірілуіне не себеп? Бұл оқу орнында қа­зіргі таңда тек теміржолшылар ғана емес, автомобиль, қала электр көліктері мен метрополитен қызметкерлерін, ақ­параттық технология, телекоммуникация және қаржы-эко­номика құрылымдарына да мамандар даярлайды. Қалай дегенде де, осындай іргелі оқу орны белгіленген мер­зім аяқталғаннан кейін ЖОО бі­лім беру саласындағы қызметін тоқтатуға міндетті. Шешім 10 жұ­мыс күні өткеннен кейін заң­ды күшіне енеді.
«Жыл бойы академияда жос­парлы және жоспардан тыс тек­серулер жүргізіліп, білім беру са­ласындағы өрескел заң­бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, оқу процесі про­фессорлық-оқытушылық құ­рам­мен, өндірістік прак­тика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етіл­меген. Білім беру бағдар­ламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес кел­меді. Бұл түлектердің жұмысқа ор­наласуына да әсер етті. «Ата­мекен» ҰКП жүргізген рейтинг бойынша академияның білім беру бағдарламаларының шама­мен 60% жұмыс берушілердің та­лап­тарына сәйкес келмейді» делінген ха­барламада.
Қазіргі таңда аталмыш ЖОО-да 5 мың­нан астам студент оқиды. Академияда оқу құны – білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейін. «Енді академия студенттерінің тағдыры не болады?» деген сауал көпшілікті мазалайтыны анық. Студенттер өз қалауы бойынша қаладағы өзге оқу орындарына ауыса алады. Академиядағы бакалавриаттың 8 бағыты, ма­гис­тратураның 6 бағыты, док­торантураның 4 бағыты бо­йынша ли­цензиялар Алматы қа­ла­сының басқа 30 жо­ғары оқу ор­нында бар.
«Білім алушылар сол қа­ла­дағы басқа жоғары оқу орын­дарына грантын сақтай отырып ауыса алады, сондай-ақ ақылы негізде оқығандар үшін де оқу құны артпайды. Ауысу үшін олар­ға семестрдің аяқталуын кү­т­удің қажеті жоқ, біз қазірден бастап басқа ЖОО-ға ауысуға рұқсат бердік. Сонымен қатар студенттердің оқу нәтижелері де сақталады және ауысып барған жоғары оқу орнында ескеріледі. Бұған дейін 35 мың студенті бар жоғары оқу орны жабылғанда барлық студентті басқа оқу ор­ындарына ауыстыру бойынша жұмыс атқарған болатынбыз, яғни мұндай тәжірибе бар. Про­фессорлық-оқытушылық құ­рамды жұмысқа орналастыру бо­йынша да жұмыс жүргізіледі», – деді БҒМ Білім және ғылым са­ласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова. Сондай-ақ ол академия ие­лері комитеттің шешіміне қарсылық танытқан жағдайда сот тәртібі бойынша шағымдануға құқылы еке­нін де айтты. «Біз Мемлекет басшысының сапалы білім беруді қамтамасыз етпейтін жоғары оқу орындарын жабу бо­йынша қойған міндеттерін іске асыруға тиіспіз. Бірінші кезекте, студенттердің сапалы қыз­мет алу құқы мен мүддесін ескеріп жа­тырмыз. Олардың алаңдауға еш се­бептері жоқ», – деді ол. Бұл өтпелі кезеңде дүрмекке ілесіп ашыл­ған көп оқу орнының бірі емес. Те­рең тарихы бар еке­нін жоғарыда да айт­тық. Осын­дай іргелі оқу орнының ли­цен­зиясынан айырылғанына көпшілік түрлі пікір білдіруде. Кейбірі қынжылыс білдірсе, енді бірі талапқа сай келмесе, жа­был­ғаны дұрыс деген ой айта­ды. Сала мамандарын даяр­лаудың маңыздылығына тоқ­талған Жоғары оқу орын­дары қауымдастығының пре­зиденті Рахман Алшанов «Өкі­ніш­тісі сол, қазіргі таңда бұл бі­лім ордасында болашақ маман­дарды тиісті деңгейде даярлау бойынша түйткілді мәселелер жетерлік. Мұндай жағдай елдің экономикасы үшін стратегиялық маңызды саласына маман дайын­дау барысында орын алмауы тиіс. Білім беру бағыты ұқсас оқу орындарының күш-жігерін бі­рік­тіру қажет шығар» деген ойын айтты. «Жоғары білім саласын са­уық­тыру мәселесінде барынша радикалды бағыт ұстанған ме­нің өзім іргелі оқу орнының жа­былуына айтарлықтай себеп көріп тұрған жоқпын. Кейбір рәсімдік заңбұзушылықтар бар шығар, бірақ оны түзетуге болады ғой. Көлік және логистика саласын басты кадр дайындау мекемесінен айырудың қажеті қанша?», – дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев. Ол сондай-ақ ҰКП зерттеуі бойынша ЖОО түлектерінің орта есеппен 75 пайызы өз ма­ман­дықтары бойынша жұмысқа ор­на­ласатынын да айтып өтті. «Білім және ғылым сала­сындағы Сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенованың пікірімен келісем, себебі тексеру жүргізілгенде бі­лім саласындағы нормалық құ­жаттар, заң орындалмай, талап қа­нағаттандырылмағандықтан, осындай шешім қабылдауға мәж­бүр болған. Бірақ еліміздегі бас көлік академиясының аз ғана уа­қыт ішінде осындай ахуалға же­туі бізді таңғалдырады. Оқу орны осыдан екі жыл бұрын же­кешелендірілген болатын. Содан бері 4-5 ректор ауысып, басшыға жарымады. Көлік және коммуникация академиясын қалайша біз бас лицензиясынан айырылуға дейінгі деңгейге түсірдік? Білім және ғы­лым – стратегиялық маңызды сала. Сол үшін мұн­дай сұрақтарда қателеспеуге тиіспіз. Ал іргелі академияның бас ли­цензия­сы­нан айырылуы тек оқу орны қо­жайындарына ғана емес, қа­зақ еліне сын. Бұл жайсыз ха­бар академияның түлегі, бір кез­дердегі қызметкері ретінде бізге де оңай тиіп жатқан жоқ. Қазақтың тұңғыш жол инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың атын иемденіп тұрғанының өзі көпті ойландыруы керек. Академияны сақтап қалатындай жағдай болса, «Мемлекеттік талаптар орындалып, ЖОО сапасын қалай көтереміз?» деген мәселені ойлауымыз керек», – деді Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бағдат Телтаев.
Ғасырға жуық тарихы бар ЖОО тағдыры шешілетін күн таяу. Елдің болашағы үшін әлі де талай мықты маман дайындауға мұрындық болуға тиіс академия осы сыннан сүрінбей өтіп, еңсесін қайта тіктей ала ма? Ол – уақыттың еншісіндегі мәселе.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ