Атыраудағы діни ахуал алаңдатады
Атыраудағы діни ахуал алаңдатады
188
оқылды
Қазіргі таңда ғаламтор желісі дес­труктивті діни ағым идеологиясын тарату бойынша алдыңғы қатарда тұр деп есептеледі. Бұл проблеманың негізгі шешімі – ғаламтор желісінде жарияланатын діни ақпараттарға қатаң қадағалау жасап, теріс дін­ді насихаттаушыларды заңды жа­уапкершілікке тарту. Аталған жұмыстар тек ғалам­тор желісінде ғана емес, бүкіл дін саласындағы әкімшілік құқық­бұзушылықтарды қамтиды. Атырау облысы әкімдігі Дін іс­тер басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевтың ай­туын­ша, әкімшілік ықпал ету әрекеттерінің күшею себебі Аты­рау тұрғындарының өзіндік бір мен­талитетінен болып тұр. Атырау тұрғындары жасаған әрекеттерінің бұрыстығын ауызша түсіндірмеден гөрі заң жүзінде шыққан шешімнен кейін ғана түсіне бастайды. Яғни, заң алдында жауап беретін кезде ғана санасы «оянып» кешірім сұрап, болған іске өкінетіндерін айтып, ақталады. Атырау облысы Дін істері бас­қармасы жүргізген жұмыстардың нә­тижесінде өңірдегі интернет желісі арқылы тұрғындардың санасын улап отырған аккаунттар 69,7 пайызға азайған. Алайда әкімшілік құқық­бұзу­шылық жағынан өңірде көр­сеткіш артып тұр. Айталық, Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодекстің дін саласына қатысты 490 және 453-баптары бойынша 2020 жылы жалпы 63 факті тіркел­ген. Дерек өткен жылғыдан 6 жағдайға өсті. Аталған әкімшілік құ­қықбұзушылық әрекеттерге тоқ­талатын болсақ, 2020 жылы діни әдебиетті, діни мақ­саттағы заттарды әкелуге, әзір­леуге, басып шығаруға және  тара­туға белгіленген талаптарды бұзу бойынша 36 дерек тіркеліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 фак­тіге көбейді. Аталған 36 әкімшілік құқық­бұзушылық бойынша 3-іне айыппұл салынды. 25-і заңды себептермен қысқартылды. Айтарлығы, 26 де­рек бойынша 20 дерек,  1 құқық­бұзушылық әрекетте тіркелген тұл­ғалардың әрқайсысына бөлек-бөлек іс қозғалу себебінен сандық есепті көбейтіп отыр. Миссионерлер де қарап жат­пайды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 4-тармағы бойын­ша, яғни миссионерлiк қызметтi тіркеусіз жүзеге асыру бойынша 2 факті тіркелді. Ал Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі жетекшісі Г.Мұхтарова жыл басынан бері деструктивті діни ағымдардың мүшелері 30 қылмыс жасағаны ту­ралы деректі алға тартты. 30 қыл­мыстың 7-еуін екіден көп адам немесе топ болып  жасаған. Қыл­мыстың  екеуі экстремистік сипат­тағы қылмыс.  Қалған  28 қылмыс әртүрлі бұзақылық. Сондай-ақ 67 әкім­шілік құқықбұзушылық тір­кел­ген. Қылмыстың дені Аты­рау қаласында болған. Бұл құқық­бұзушылыққа барғандар өздері діни ағым мүшелері болмаса да, діни әде­биеттер, аудио-бейнетаспадағы жазбаларды таратумен айналысқан. Айтарлығы, биылғы мамырда Экстремизмге қарсы күрес бас­қар­масының қызметкерлері дес­труктивті діни ағымдардың бірі­нің 32 жастағы жақтаушысын ұс­таған болатын. Полицейлер оны синтетикалық есірткі сатқаны үшін қолға түсірген. «Бірақ бұл оған тағылған жалғыз айып емес. Тергеу дерегіне сүйен­сек, ер адам ДАИШ тобының содырларына қосылуды жоспарлап, бірнеше рет таныстарымен терро­ризмді насихаттаумен айналысқан», – дейді облыстық Полиция де­партамен­ті басшысының орын­басары, полиция полковнигі Нұрхат Кенжебайұлы. Сайып келгенде, діни ахуал тұ­рақты деген Атырауда діннің өзге ағымына ілесіп жүргендер жетерлік. Хиджаб кигендер толы аймаққа сырттан келгендердің  Атырауды араб елдерімен шатастырып алып жататыны да облыс тұрғындарын толғандырады. Биыл мектептерде карантинге байланысты оқушылар сабаққа іріктеліп барды. Әйтпесе, жыл сайын жыр болатын орамал тақырыбы қозғалып қалмасына кепіл жоқ.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы