Қаза болған жүкті әйелдердің дені пневмония мен коронавирус жұқтырған екен
Қаза болған жүкті әйелдердің дені пневмония мен коронавирус жұқтырған екен
153
оқылды
Мемлекет басшысының тарапынан айтылған сыннан кейін облыстық денсаулық сақтау департаменті өкілдері осындай мәлімдеме жасады.
Олардың айтуынша, аяғы ауыр жандардың иммунитеті қатерлі ауруға төтеп беруге қауқарсыз. Жыл басынан өңірде 14 ана көз жұмған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 есе көп. Халі ауыр жағдайда жедел жәрдеммен жеткізілген жүкті әйелдердің дені Ақтөбе медицина орталығында болды. Мұнда пневмония жұқтырған 500-ден астам аяғы ауыр келіншек ем алды. Алайда 8 ананы ажалдан арашалау мүмкін болмаған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың өкпесінің 80 процентінен астамы қабынған.
- Сегіз қаза болған анадан 6 бала аман алып, қазіргі таңда отбасыларына берілді. Екі баланы өкінішке орай аман алып қала алмадық. Себебі жаңа айтып өткендей, бір жүкті әйелдің баласы іштей шетінеп келді. Екіншісі босану кезінде шетінеп туылды. Жалпы жыл басынан облыста 14 жүкті әйел көз жұмған. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері мұндай сандар бұрын-соңды болған емес, - дейді медицина орталығы бас дәрігерінің орынбасары Светлана Ағзамова.