Елордада карантин шараларын қадағалау күшейтілуде. Бұл туралы әкімдікте өткен кеңес барысында айтылды. Талаптарға сәйкес келмеген шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері жабылуы мүмкін.
Мобильді топтар сауда және ойын-сауық орындарына күнделікті рейдті күшейтті. Елорда тұрғындары мен қонақтары маска тағу тәртібін қатаң сақтауы керек. Айта кетейік, 5 шілдеден бастап карантин тәртібін бұзған елорда тұрғындары мен кәсіпкерлерге жалпы сомасы 128 665 848 теңгеге 587 айыппұл салынды. Оның ішінде жеке тұлғаларға – 12 809 358 теңге мөлшерінде 267 айыппұл, кәсіпкерлік субъектілеріне – 115 856 490 теңге мөлшерінде 320 айыппұл. Карантинді өрескел бұзушылар негізінен тыйым салынғанына қарамастан өз қызметін жүзеге асырған тамақтану орындары, азық-түлік дүкендері, түнгі клубтар иелері. Ең өрескел бұзушылар – «Алуа» кафесі (Мұстафина к-сі, 38), Dorffman сыра клубы, «Текила» лаундж-бары (Жеке батыр к-сі, 49), сондай-ақ сұлулық салондары мен азық-түлік дүкендері. Сонымен қатар 102 фармацевтикалық компанияның қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша тіркеуден өтпеген дәрі-дәрмектерді сатқаны және дәрі-дәрмек бағасының шектеулерін бұзғаны үшін 29 фармацевтикалық компания жауапкершілікке тартылып, сотта айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 13 864 998 теңгені құрады. Қазіргі уақытта КВИ ауруларын тіркеу жалғасуда, тәулігіне 3-тен 20-ға дейін жаңа жағдай тіркелуде. Науқастар қатарында ересектермен қатар, балалар да бар.«Мейрамханалар, кафелер, сауда орталықтары және басқа кәсіпкерлік субъектілері мен ШОБ санитарлық нормаларды сақтамаған жағдайда, біз карантинді қайта енгізуге мәжбүр боламыз», – деп хабарлады әкімдік.