Ант беруге дайынсың ба, мұғалім?
Ант беруге дайынсың ба, мұғалім?
«Ұстаз мәртебесі» жеке заң ретінде әзірленгені белгілі. Заң жобасын әзірлеу үшін экс-министр Ерлан Сағадиевтің кезінде жұмыс тобы құрылып, оған  бұрынғы вице-министр Эльмира Суханбердиева басшылық еткен еді. Заң жобасы ұсынылды. Алайда заң жобасының «Педаго­гикалық әдеп және педагог анты» деп аталатын 5-бабының 2-тар­мағы мұғалімнің әдеп қағидала­рына қатысты жазылған нұсқасы мұғалімдердің көңілінен шықпай отыр. 

Ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы: «Заң жоба­сының «Педагогикалық әдеп және педагог анты» деп аталатын 5-баптың 2-тармағында «педа­го­гикалық әдеп қағидаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді» деп жазылған. Өз басым мұны ұстаздардың аузына қақпақ болу деп есептеймін. Өйткені сол баптың 4-тармағында «Ант мә­тінін және педагогтердің оны қабылдау тәртібін білім беру са­ласындағы уәкілетті орган бе­кі­теді» делінген. Ертең білім бас­қармалары осыны негізге алып, мектепте болатын дауларды сырт­қа шығармай қоюы мүмкін. Мұ­ғалімдердің аузын буып, олар сыртқа айтқан жағдайда корпо­ративтік әдеп нормасын бұзды деп жұмыстан шеттетуі ғажап емес. Бұл – өте қауіпті. Заң жо­басы жарияланғалы оқып жа­тыр­мыз. Өз басым заң жобасынан іліп алар ештеңе таппадым. Түрлі заңдардан жұлынып алған сыл­дыр сөздер. Осы жылдың 26 мау­сымында Білім және ғылым ми­нис­трі бір топ белсендіні қабыл­даған. Сол кезде тарбағатайлық ұс­таз Мейір­жан Темірбек екеуміз заң жоба­сы­на қатысты 14 ұсы­ныс­пен барған­быз. Соның ешбі­рін министр бол­май­ды демеген еді. Кейбірін заң жо­­басына енгіземіз дегендей бол­ған. Оның біреуі де енбеген. Ми­­нис­тр­­мен кездесуде ант беру ту­ралы әң­гіме қозғалған жоқ», – дейді.

 

Мұғалімнің атқаратын өз миссиясы бар

Кеңес үкіметі кезінде пионер, комсомол қатарына өту үшін де ант беретін. Бірақ мұның бәрі ке­ңестік дәуірмен келмеске кеткен. Қазір дәрігерлер «Гиппократ» ан­тына адал. Әскерилер де ант бе­реді. Ант берудің өз қағидасы бар. Ал мұға­лімдер ант беруден неге қо­р­қады? Әлде Өмір Шы­ны­бе­кұ­лы айт­қан­дай, «мұғалімнің аузын жабу ма?».

«Қазбілім» орталығының ди­рек­торы Аятжан Ахметжанұлы: «Бізге формализмнен арылатын кезең жеткен секілді. Ант қа­был­дау жемқорлықтан ада ететін бол­са, шенеуніктер жемқор бо­лып кетпес еді. Әскерилер заң бұзбау­шы еді. Дәрігерлер де кәсі­біне адал болар еді. Өкінішке қа­рай, ант берсе де, антына қарсы жұмыс іздеп жүрген кейбіреулерді көзіміз көріп жүр. Сондықтан ант бергі­зу – мәртебені көтеру емес. Бұл – формализмнің көрінісі, яғни қойылым. Мұндай қойы­лым­дардан онсыз да қоғам шар­шады. Сол себепті керек емес дү­ние деп ойлаймын. Ең алдымен, бүгін ант беріп қойып, бала дұрыс тәрбие алмаса, анттың да қадірі ке­теді. Керек емес шаруа. Талқы­лан­бай­тын, басы артық дүние деп ой­лаймын» деген пікірін алға тартты.

Бұл да дұрыс шығар. Дегенмен ант беруден неге қорқамыз? Пре­зидент жанындағы ОКҚ дирек­торы Талғат Қалиевтің ойынша, ант беруде тұрған ештеңе жоқ дейді. «Дәрігерлердің Гиппократ анты бар. Әскерлер де ант береді. Олар өз антын құрметтейді. Пе­дагог антында тұрған ештеңе жоқ. Мұғалімдер де жай адамдар емес. Оларға біз болашағымызды, ба­лаларымызды сеніп тапсырамыз. Сондықтан мұғалімнің анты олар­дың еркіндігін шектейді де­ген сөз емес. Мұғалім балаға креа­тивті ойлау тәсілін үйретсе, ойын шектемесе дейміз. Мұғалімді сая­сатқа араластыруға болмайды. Қоғамда олардың атқаратын өз миссиясы бар» дейді.

Ұстаз неден үмітті?

2004 жылы Ресейде өткен «Жыл мұғалімі» байқауында мұға­лімдер өздері ант ойлап тапты. Мұғалімнің қолында адам тағды­ры тұр. Олар да дәрігерлер мен әскерилер сияқты өздеріне мол міндет артылып отырғанын жақ­сы түсінеді. Әділқазылар сол жо­лы Омбы облысынан келген мұ­ға­лім Александр Рахноның бер­ген антын жоғары бағалапты. Мұ­ғалім өз антында: «Менің ал­дымда отырған әр бала – Ота­нымыздың келешегі. Олардың аза­мат болып қалыптасуына ең ал­дымен мұғалімдер жауапты. Ба­ла футболистерге неге жан­күйер? Олар қалай өзіне ықтияр етеді? Сол секілді, мұғалім де ба­ланың білім алуға құштарлығын арттыру жолында аянбай еңбек еткені дұрыс. Мен де әр баланың Отанын сүйетін патриот болып өсуіне қызмет етуге ант беремін» де­ген екен. Бұл әр мұғалім уәкі­лет­ті органға ант береді деген сөз емес.



АҚШ-тың кей штаттарында мұғалім емес, оқушылар мемлекет туын құрметтеп, патриот болуға уәде береді. Бұл оқушының ант беруі деген сөз емес. Әрі бұл бар­лық штатқа тән дүние де емес. Оқушыны адалдыққа, адамгер­шілікке үйрету – барлық мемле­кетте бар үрдіс. Мәселе – мұғалім мен оқушыда емес, қоғамның педагогқа көзқарасында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мұғалім­дердің мәртебесі» туралы: «Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызмет­кер­лерін ынталандыратын барлық тетікті қарастыруы керек. Жүк­теме қысқартып, қызметтен тыс тексерістен арылту қажет. Тың­даңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таң­да барлық жұмыс жүктеле бе­реді. Сайлауды өткізетін – мұ­ғалімдер, үгіт-насихатты жүргі­зе­т­ін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер... Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уа­қытында жұмыс істеуі тиіс. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек» дегені белгілі. Елбасының бұл сөзі мұғалімдердің сенімін арттырған еді. Елбасы айтқандай, заң жо­басы мұғалімнің сабаққа дайын­далып, тиісті уақытында жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.


Ант беруден үркудің қажеті жоқ

«Мұғалімнің мәртебесін кө­теру ант қабылдаумен шешіл­мейді». Белгілі меценат, ұстаз Бекзат Алтынбеков осылай дейді. «Ұстаз болу – жүректің батыр­лығы. Мұғалімдікті жүрегімен қалаған адамдар ғана таңдайды. Мұғалімдік дипломды қолға ал­ған сәттен бастап, сол қызметке деген адалдығын еш уақытта бұз­байды. Бізге дейінгі бұзыл­маған заңдылық бұдан кейін де бұзыл­майды деп есептеймін. «Мұғалім мәртебесі» туралы заң тұжырым­дамасындағы ант беру мәселесі – мен үшін артықтау. Себебі мемле­кеттің басты байлығы – адам болса, сол адамның қалыптасу жолында мұғалімнің де еңбегі ұшан-теңіз. Әрине, кейде келең­сіз жайттар аракідік кездесіп қа­лып жатады. Бірақ бүкіл мұғалімге күйе жағуға болмайды. Мұғалім­нің мәртебесін көтеру деген оның жалақысын арттыру, әлеуметтік мәселесін шешумен өлшенеді. Мемлекеттік қызметкер ант қа­былдайды. Әскерилер ант береді. Егер мұғалімнің еңбегін мем­лекеттік қызметкер деңгейінде бағаласақ, онда ант қабылдауға болады. Ұстаз деп құрметтейтіндер көп. Алайда қоғамның «Үсендері» көбейіп тұрған заманда, «Асан­дар» әлеуметтік тұрмысы төмен мұғалімді қадірлей ме? Одан ар­тық мұғалім де ештеңе сұрап отыр­ған жоқ» дейді Бекзат Алтынбеков.

Мұғалімнің жалақысы өссе, әлеуметтік статусы түзелсе, мұға­лім мамандығына жан қалауымен баратын жандар көбейсе, мәртебе де өсетіні белгілі. Сондықтан «мұ­ғалім мәртебесі» деп шырылдап жүргеннің көбі осылай әлеуметтік мәселені кесе-көлденең тартады.

Заң жобасын әзірлеген жауап­ты мамандардың да өз айтары бар. «Мектепке дейінгі және орта білім» департаментінің басқарма басшысы Бағым Көптілеуова «ант беруден үркудің қажеті жоқ» дейді.

«Мұғалімдер мәртебесі» тура­лы заң жобасы Елбасының ар­найы тапсырмасы бойынша әзір­ленді. Ең алдымен тұжырым­дамасы жасалған кезде өңір­лер­дегі де білікті мұғалімдердің ұсыныс-талаптары да ескерілді. Бүкіл мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен жан-жақты талқыланып, келі­сіл­геннен кейін ғана барып, Үкі­мет­те қаралды. Ол жерде де ұзақ талқыланып барып, Мәжіліске жіберілді. Бұл заң жобасы белгілі бір жұмыс тобының нәтижесі емес. Мұнда жан-жақты зерт­теу­лер, ұсыныстар, талап-тілектер ескерілді. Педагогтардың құқы­ғын кеңейту арқылы мәртебесін көтеру, жалақысын көтеру деген сияқты негізгі мәселелер айтыл­ды. Педагогтардың педагогика­лық әдеп нормаларын сақтайтын ережесі бар. Әрбір оқушы мұға­лімге қарап, өзін баулиды. Сол себепті «Ант қабылдау» әдеп қа­ғи­дасы да арнайы ұсыныспен кел­ді. Сондықтан бұл заң жоба­сын жасауда тек ТМД елдеріне сүйенген жоқпыз. Қытай, Фин­ляндия сияқты елдердің үздік заң нормаларына да қарадық. Қай елдің білім саласы үздік, сол елдің заңнамаларын қарауға тырыстық. Оның үстіне, ант қабылдағанда мұғалім оны директордың немесе білім басқармасы басшысының алдында бермейді. Жас маманның «Өскелең ұрпаққа жақсы тәрбие беруге тырысамын» деген өз-өзіне есеп беруі. Ол өз антында: «Директордың тапсырмасын орындаймын» деп айтпайды. Әрі бұл бүкіл мұғалімдер ант береді деген де сөз емес. Мектепке жаңа келген жас маманның үлкен тә­лімгерлердің алдында, болашақ шәкірттері алдында уәде беруі деп қабылдауымыз керек. Бұл жас маманды ынталандырады. Негі­зінен 5-баптың 2-тармағына қа­тысты кішкене бұрмалаулар бар секілді. Тіпті дұрыс түсінбей жат­қан секілді. Қазіргі таңда Мә­жі­ліс­те бұл заң жобасы қаралып жа­тыр. Желтоқсан айында қа­был­данамын дегенше, әлі талай өзгерістер болуы мүмкін. Мұға­лімдерге ант қабылдау әдеп қа­ғидасы жобада болғанымен, ол алынып қалуы да ғажап емес. Бұл әдеп нормасы сақталған күнде де, анттың мәтіні мұғалімдердің өз қалауымен жасалады» дейді Ба­ғым Әбубәкірқызы.


Түйін.

Әзірге заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Парламенттің екі палатасы оны бекітпес бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кесетіні» анық. Бастысы, қоғам бел­сен­ділерінің қарсы­лы­ғына тап болып отырған 5-баптың 2-тармағы естен шығып кетпесе болғаны. Жобаны әзірлегендер де жергілікті педагогтардың талап-тілектерін, ұсыныс­тарын ескергенін айтып отыр. Сол себепті де, екіге жарған екінші тармақтан «үріккен» дұрыс па, жоқ па, уақыт көрсетеді.