Бір ұстазы жоқ мектепке жолықты
Бір ұстазы жоқ мектепке жолықты
154
оқылды

Назарбаев универси­те­тіне мәртебелі меймандар сау ете қалды. Олар инно­ва­циялық жаңалықтар мен стар­тап-жобаларға қанық­пақшы. Дариға Назарбаева бастаған сенаторларға белді ЖОО-ның оқытушылары мен студенттері төл жетістіктері туралы айтып, болашақ жос­парларымен бөлісті.

Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсудың ай­туынша, шәкірттер өз идеялары мен жобаларын түрлі мекемелер мен мемлекеттік құрылымдарға ұсынып жатыр. Медицина, эколо­гия, ғылым, білім беру, қауіпсіздік салаларында ондаған ірі ғылыми жаңалықтар табысты пайда­ланылуда екен.

Студенттер сенаторларға Бал­қаш көліндегі судың сапасы мен құрамы зертханада қалай зерт­теліп жатқанын көрсетті. Жоғары оқу орнының студенттері сондай-ақ өз зерттеулері емдеу мекеме­леріндегі ауыр науқастарға, оның ішінде онкологиялық сырқаттарға диагноз қоюда дәрігерлерге көмектесетінін айтты.

Сенат депутаттары универ­ситет аумағында орналасқан технопаркті де аралады. Ол уни­верситетте жұмыс істейтін жоғары технологиялық инновациялық компаниялар орналасуы үшін құрылған.

Сенаторлар сандық 3D-голо­грамма жасаушыларымен әңгі­мелесті. Технология кез келген ғимаратты сандық нұсқаға көші­руге және оны сыртқы жағынан ғана емес, ішкі жағынан да 3D-сипатында егжей-тегжейлі көр­сетуге мүмкіндік береді. Де­путаттарға сондай-ақ топырақты мұнайдан тазартумен, ағынды суға талдау жүргізумен және тағы басқа жұмыстармен айналысатын компания таныстырылды.

Жоғарғы палата депутаттары сол күні Astana Hub халықаралық технопаркінде де болды. Мұнда 130 IT компания жұмыс істейді және салық жеңілдіктерін пай­даланады. 690 стартап инкуба­циялық және акселерациялық бағдарламаға қатысыпты.

Сенаторларға қазіргі заманғы халықаралық оқыту әдістемесі қолданылатын бағдарлама жа­саудың жаңа мектебі таныс­ты­рыл­ды. Онда студенттер оқыту­шы­ның қатысуынсыз, бір-бірін оқытады.

Депутаттарға сондай-ақ стар­тап-жобалар паш етілді. Олардың қатарында – психологтың онлайн-кеңесі, жеке медици­на­лық орталық, пәтерлерді жөндеуге арналған онлайн-сервис, төтенше жағдайлардың алдын алу жөнін­дегі балаларға арналған оқу материалдары бар.

Сенат төрағасы Дариға На­зарбаева кездесуді қорытындылай келе, жаңа технологияларды пай­далануды реттеуге, жас кәсіп­керлерді қолдауға, экономикада ғылыми-зерттеулерді кеңінен пайдалануды қамтамасыз етуге қатысты бірқатар маңызды мәсе­лелерге назар аударды.