Депутаттар дипломатиясы маңызды
Депутаттар дипломатиясы маңызды

Халықаралық тәртіпті сақ­тау үшін әлемдегі пар­ла­ментшілердің ынтымақ­тас­тығын нығайту қажет. Мә­жі­ліс төрағасы Нұрлан Нығма­тулин бастаған қазақстан­дық делегация Сербияда өткен Парламентаралық одақ­тың 141-ассамблеясына қа­тысты.

Дүниежүзінің әр атырабынан келген парламентшілерінің басын қосқан маңызды форумда халықа­ралық құқықты нығайту, соның ішінде Парламенттің рөлі мен те­тіктері, аймақтық ынтымақтас­тық мәселелері әңгіме өзегіне айналды.

Мәжіліс спикері халықаралық әріптестік пен ынтымақтастыққа сына қағылып жатқан қазіргі кез­де тек ұзақмерзімді мемлекета­ра­лық келісімдер ғана емес, тіпті БҰҰ қарарлары да бұзылып жат­қанын, сондықтан ПАО тал­қы­ла­уына шығарылған мәселелер ма­ңызды әрі ауқымды екенін айтты.

– Осыған байланысты Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев жалғас­тырып жатқан Тұңғыш Президен­тіміз Н.Назарбаевтың стратегия­лық бағыты арқасында Қазақстан халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын ары қарай да сақтайтынын және ұстанатынын атап өткім келеді, – деді Н.Нығ­матулин ұйым ассамблеясының отырысында.

Ол қазақ елі өңірлік және жаһандық қақтығыстарды тек халықаралық деңгейде мойын­далған келіссөздер форматында шешу үшін диалог алаңдарын құрып, ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге күш салып жат­қа­нына тоқталды. Нұрлан Зайрол­лаұлының айтуынша, төрткүл дү­ниенің қос бөлігі – Еуропа мен Азия тоғысында орналасқан Қа­зақстан үшін аймақтық ынтымақ­тастықты дамыту ерекше маңызды.

– Парламенттер өздерінің мүм­кіндіктері мен жұмыс тетік­те­рі арқылы халықаралық құқық қа­ғидаттарын сақтау және нығай­ту ісіне елеулі үлес қоса алатыны анық, – деген Мәжіліс төрағасы ол тетіктердің бірі – парламенттік дипломатия екенін нұсқады. Оның маңыздылығы биылғы қыр­күйекте Нұр-Сұлтан қаласын­да өткен Еуразия елдері парла­менттері спикерлерінің 4-ке­ңесінде расталды.

Нұрлан Нығматулин Елбасы Н.Назарбаевтың ынтымақ­тас­тық­ты халықаралық құқық негі­зінде дамытуға мүмкіндік беретін негізгі бастамаларына шетелдік парла­мент­шілер назарын аударды.

– Өз кезегінде Парламента­ралық одаққа қатысушы парла­ментшілер БҰҰ жарғысының ор­талық рөлін жандандыру бо­йынша жоғары деңгейдегі заңна­малық пікірсайыстар өткізе ала­ды, – деді спикер.

Оның байламынша, құқықтық актілерді үйлестірудің де мәні зор. Бұл терроризммен және есірткіні интернет арқылы сатумен күресте ортақ күш-жігерді үйлестіруге, сондай-ақ әлемдік экономика мен әлеуметтік дамудың жаңа цифрлы дәуірге өтуі кезінде қажетті құқықтық базаны жасауға жол ашады. Мәжіліс басшысы өз әріптестерін БҰҰ-ның Ядролық қаруға тыйым салу туралы жаңа шартын қолдауға және ПАО-ға қатысушы елдерді оны ратифи­кациялауға үндеді. Қазақстан осы келісімді 2019 жылдың шілдесінде ратификациялады.