Ерлан САИРОВ: Жастардың үлесі артты
Ерлан САИРОВ: Жастардың үлесі артты
– Күні кеше «Nur Otan» пар­тия­сының партияішілік праймеризінің дауыс беру қорытындысы жария­ланды. Пар­тияның аталған іс-шараны өткізу­дегі басты мақсаты – жаңа көш­басшы­ларды іріктеу болатын. Мақсатына жетті ме? – «Nur Otan» партиясының пар­тияішілік праймеризі бүгінгі таңда елімізде саяси плюрализмді, жаңа тұр­паттағы саяси мәдениетті қалып­тастырудың таптырмас құралына ай­налды. Еліміздегі ең басты проб­ле­малардың бірі бізде (облыстық, қалалық, аудандық деңгейде) қо­ғамдық саяси процесс жоқ. Сон­дық­тан аймақтардағы қоғамдық про­цесті қалыптастыру керек. Бұл – еліміздің саяси жүйесін ілгерілетудің бірден-бір жолы. Міне, осы тұрғыдан алғанда праймериз дұрыс, уақытылы қолға алынған оңды қадам. Бірінші рет ұйымдастырылғаннан кейін түр­лі кемшіліктер де болды. Сын да ай­тылды. Бірақ біз бір нәрсені жете тү­сінуіміз керек. Сыни көзқарас бү­гінгі таңның саяси процесінің құ­рам­дас бөлігі болуы тиіс. Осы тұр­ғыдан ал­ғанда, праймериз елімізде күн тәр­тібіне өркениетті түрдегі дебат өткізу, адамдардың өзінің ойын еркін білдіре отырып бағдар­ламасын халыққа түсіндіре білу, әлеуметтік желілерде өзін таныстыру секілді тың, жаңа құбы­лыстарды алып келді. Қай тұрғы­дан алып қа­расақ та, праймериз еліміз­де демо­кратиялық қоғам жасау­дың үлкен қадамы болды деп айтуға толық негіз бар. – Праймериз барысында лиганың мүшелері қанша өңірді аралады және оның қорытындысы бойынша не айта аласыз? – Иә, расымен «Nur Otan» пар­тиясының жақтастар лигасының өкілдері Қазақстанның барлық об­лыстарын, ауыл-аймақтарын аралап шықты. Сол кезде біз біраз жайтқа қанықтық. Бірінші мәселе, елімізде 216 әртүрлі деңгейдегі мәслихат бар болса, соның 3 335-і депутаттар құ­райды. Өкініштісі, 2 пайызы – жас­тардың үлесіне тиесілі. Праймеризден кейін жастар­дың үлесі 26 пайызға артады. Бұл – қуантарлық жағдай. Тағы бір айта кетерлігі, мәслихаттарда­ғы әйелдер­дің үлесі 11 пайыздан аспай­ды. Прай­меризден кейін осы олқы­лық­­тың орны толтырылып, әйел­дердің үлесі 30 пайызға дейін артады. Нақты сондай болжам бар. Олай бо­латын болса, мәслихаттардың бар­шасы ана мен баланы қорғау, жастар мәселесін көтеретін болады. Бұл мәселелерді көтеру – аймақ­тардағы адам индексін дамытудың бірден-бір жолы. Сол себепті де праймериз аймақтардың, халықтың әлеуметтік деңгейін өсірудің құра­лына айналып отыр. – Саяси дода кезінде түрлі тәр­тіп­бұзушылықтар болды. Бірнеше кан­дидат праймеризге қатысу мүм­кін­дігінен айырылды. Партия хатшы­сы Арман Қырықбаев науқан ереже шеңберінде өткенімен, ұйымдастыру комитетінің жұмысында да, канди­даттардың іс-әрекеттерінде де кем­шіліктер болғанын хабарлады. Осы мәселелерді толықтыра кетсеңіз. – «Nur Otan» партиясының жақ­тастар лигасы праймериз басталмай тұрып, праймеризді әділ әрі шынайы өткізу жөнінде мәлімдеме жасаған кезде бұл іс-шараны әділетті түрде өтуіне барлық деңгейдегі әкімдердің соботаж жасауы мүмкін деп айтқан болатын. Біз енді өңірлерге барған кезде әкімдердің праймеризге біраз кедергі жасауға тырысқанына куәгер болдық. Кей жерлерде әкімдер өздерінің адамдарын тықпалауға тырысты, кей аймақтарда әкімдер өзіне ұнайтын кандидаттарға дауыс беруге адамдарды көндіруге әрекет етті. Біз осындай фактілерді бірден партияның Орталық аппаратына жеткізіп отырдық. Соның арқасында әділетсіздікке жол берілмей, мәселе­лер оңтайлы шешіліп, тәртіпсіздік­терге тосқауыл қойылды. Дегенмен бірінші шара болғандықтан, көптеген жерлерде тәртіп бұзу фактілері тір­келді. Мұның бәрі праймериздің әдісі мен тәсілдерінен түсінбеуден деп те айтуға болады. Бұл мәселелерді Орталық аппараттың саяси менедж­менті оперативті түрде шешіп отыр­ды. «Көш жүре түзеледі» ғой. Прай­мериздегі тәртіпсіздіктер келешекте қайталанбайды деп ойлаймын. – Партияішілік іріктеудің бірінші деңгейі мәресіне жетті. Енді алда нақ­ты қандай жұмыстар жоспарға ен­гізілді? Өз кезегінде еліміздегі жетекші пар­тия­ның жақтастар лигасы қандай жұ­мыстар атқарады? – Праймериз кезінде жақтастар лигасының өкілдері еліміздегі бүкіл аймақтарға барып қайтты. Біз осы ай­мақтарда өзінің ойын ашық айта ала­тын, өзінің позициясы бар жас­тар­дың бар екенін көрдік. Саяси аренаға сондай жалынды жастарды шығару­дың өзекті екенін түсіндік. Сонымен бірге сапар аясында көп­теген аза­мат­тармен кезігу нәти­жесінде жақтастар лигасының біздің еліміздің саяси ре­формалары, елі­міздегі әлеуметтік транс­формация, ана мен бала мәсе­лелерін шешу жө­ніндегі көптеген оң­тайлы шешім­дер­дің нақты ұсыныс­тары бар. Бүгінде «Nur Otan» партия­сы­ның сайлауалды бағдарламасына еліміздегі саяси реформа, әлеуметтік сферадағы Қазақстандағы кедейшілік мәсе­лесін, халықтың екінші деңгей­дегі банктерге қарызын оңтайлы ше­шу, ана мен бала мәселесін дұрыс жол­ға қоюға байланысты оңтайлы ұсы­ныс бар. Біз осыларды партияға ар­найы дайындап жатырмыз. Ұсы­ныс­­тар сайлауалды бағдарламаға ене­тін болса, халықтың басым көп­шілі­гінің мүддесіне сай келетін халықтық бағдарлама әзірленеді. Осы мақсатта жақтастар лигасы қазіргі кезде жүйелі түрде еңбектеніп жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!  

Әбілмансұр ЖАСАН