Сондай-ақ осы іске «Қиын жағдайға тап болған тұлғаларды ресоциализациялау орталығы» мекемесінің мамандары тартылды. Нәтижесінде, Нұр-Сұлтан қаласында үйсіз-күйсіз жандардың қайда тіршілік кешіп жатқаны әшкереленді. Елордада олардың темір жол вокзалының айналасында, сондай-ақ Гете, Қарасай батыр, Біржан сал, И.Құтпанов, І.Есенберлин, Бейбітшілік, Ы.Дүкенұлы көшелерінде, Жеңіс, Бөгенбай батыр, Республика даңғылдарындағы үйлердің аулаларында жүріп түнейтіні анықталды. Тиісінше, ол жерлердің бәрі тексерілген. Бұдан бөлек, Көктал-1, Көктал-2 тұрғын үй алаптары, базарлардың маңы қаралды. Осылайша, іс-шара барысында Нұр-Сұлтан қаласының «Қиын жағдайға тап болған тұлғаларды ресоциализациялау орталығына» 61 үйсіз адам жеткізілді. Оның 45-і орталыққа орналастырылды. Тағы 6-уы қабылдағыш-бөлгішке (приемник-распределитель) ауыстырылған. Бұған қоса, еріктілер баспанасыздарға тамақ, киім-кешек, медициналық бетперде үлестірді.
Ерік ЕРДЕНОВ