Қымбатшылық басынып барады
Қымбатшылық басынып барады
149
оқылды

Биыл азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Кәсіпкерлер халық көп тұтынатын тауарлардың әлдеқайда жоғары бағамен жеткізілетінін алға тартады. Қымбатшылық салдарынан аз қамтылған отбасылар, бюджеттік сала қызметкерлері жәрдемақылары мен жалақыларына қосылған ақшаның тұрмысты жақсартуға әсері төмендегеніне, оң ықпалын сонша сезінбейтініне шағымданады.

Бұл мәселенің бар екенін билік те мойындайды. Инфляцияның артуына жол бермеуге жауапты құрылымдардың бірі – Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев азық-түлік тауарлары бағасы­ның өсуі 2017 жылдың басынан бері ең жоғары шегіне жеткенін растады.

Сонымен бірге оның мәліметінше, елімізде инфляцияға ең көп үлесті дәл осы тамақ өнімдерінің бағасы қосып отыр. Оның еншісі кейінгі үш жылдағы ең жоғары көрсеткішке – 9,1%-ға жетті.

Бұл ретте үлкен қымбатшылық бұқара халық дәстүрлі түрде көп жеуге мәжбүр азық-түлік түрлерін жайлауда: ет үшін саудагерлер қазір былтырғыдан 13,5%-ға, нан-тоқаш өнімдері мен жармаға – 12,7%-ға көп ақша сұрайды. Бұлардың инфляцияға үлесі 1 пайызды құрапты. Қаржылық реттеушінің байламынша, үйдегі көңілді жаһан­дағы нарық бұзған: әлемде ет пен ас­тық бағалары өскендіктен, отандық кәсіпкерлердің назары сол жаққа ауыпты.

Инфляцияның сипаты адам шо­шырлық болып кетуі мүмкін еді, алай­да жағдайды ішінара азық-түліктік емес тауарлар және ақылы қызметтер құтқаруда. Олардың бағасының жылдық өсімі 5,4 пайыз болды. Бұл 2015 жылғы қарашадан бергі ең аз көрсеткіш. Бензин – 4,8 пайызға, қатты отын 3,5 пайызға арзандапты.

– Қаржылық нарықтағы ахуал тұ­рақты болып қалуда. Инфляция ны­санаға алынған 4-6% дәлізінде қалып­тасты. 2019 жылғы қыркүйекте жыл­дық инфляция тамыздағы 5,5%-дан 5,3%-ға дейін баяулады, – деді Е.Досаев.

Ұлттық банк 2019 жыл қорытын­дысында инфляция 5,7-5,8% деңге­йінде болады деп болжайды.

Айтқандай, Ерболат Досаев инфля­цияға тұтынушылық сұра­ныс­тың артуы мен бюджеттік шығыс­тардың өсуі серпін беріп отыр деп айыптайды. Инфляцияның мақсатты дәліз шегінен шығуын болдырмау үшін ҰБ 9 қыркүйекте базалық став­каны 9,25%-ға дейін көтерді. Сал­дарынан, елде мысалы, ипотека құны қымбаттады.

Қазақстанда тек баға ғана емес, сонымен қатар шетелдік валюта құны да басқа шауып, төске өрлеуде, бұл да бағаның өсуіне бір сылтау. Е.До­саевтың мәліметінше, қыркүйек айының басынан 11 қазанға дейінгі аралықта 1 АҚШ долларына шақ­қандағы ұлттық валютаның бағамы 385,27 теңгеден 390,12 теңгеге дейін құн­сызданған. Сөйтіп, тарихи ре­корд­ты бағындырды. Жыл басынан бері теңге 1,4% «салмағын» жоғалтқан.

Бірнеше толқынмен жүретін Қа­зақстандағы қымбатшылықтың елді есеңгіретер келесі жойқын соққысы алдағы ірі мерекелер қарсаңында күтілуде. Сондықтан Үкімет жауапты министрліктер мен әкімдерге «4-тоқ­санда тұтыну тауарларының бағаларын қатаң бақылауды» жүктеді.