Түрмедегі теология
Түрмедегі теология
325
оқылды
 

Дін мен криминал несімен жұп?

Діни теріс идеология мен криминалдық субмәдениетті табыстырған ортақ нәр­се – бүгінгі қоғамнан оқшаулануға үн­дейтін ұстанымдары сияқты. Екеуі де қо­ғам мен заңды мойындамайды. Бірі заң­ды белден басып, тайраңдап жүргісі кел­се, келесісі құқықтық практикаға өз­дерінің шариғатын ұсынады. Яки кри­миналды тарап Конституциямызда жа­зылған құқықтық мемлекет екенімізді, әсі­редіншілдер тобы зайырлы мемлекет еке­німізді жоққа шығарғысы келеді. Сол се­бептен де елімізде теология институтын ен­гізу өзектілігі туындады. Шетелде діни бі­лім алу шектеліп, теолог мамандарды өзі­мізде дайындау міндеті қойылды. Ал 2017 жылы Қылмыстық атқару жүйесі ко­митетіне қарасты түзеу мекемелерінде жаңадан 2 теолог штаты ашылды. Осы тұстағы мәселелерді екшеп, штатты ашу­ға Парламентке, Ұлттық қауіпсіздік ко­митетіне ұсыныс жазған философия ғы­лым­­дарының докторы Ерболат Қайнар бо­ла­тын. Ол бұл жұмыстарды әлі де болса жет­ілдіре түсу қажеттігін айтады. «Менің ұсынысым бойынша аға инс­пектор және инспектор штатына дін­танушы мен шығыстанушы мамандығын бітірген адамдар алыну керек болатын. Бірақ 90 пайыз заңгер және психолог мамандар қабылданды. Тіпті, кейбір меке­мелерде адам таба алмауына байланысты басқа лауазымда жүрген мамандарға жүк­телді. Көп жерде әйел қызметкерлер алын­ды. Академияны жаңа бітірген курсанттарды тағайындаған оқиға да кездесті. Оған қоса, теолог мамандар режимдік, жедел және қадағалау жұмыс­тарына да жұмылдырылды. Бұл – әуелгіде көзделген діни оңалту мақсатына қайшы. Өйткені біріншіден, теолог маман діни сауатты болуы керек. Ол жазасын өтеушінің діни көзқарасын өзгерте алуға қабілетті болуы қажет. Екіншіден, ол азаматтық тұлға болуы тиіс. Өйткені криминалды суб­мәдениеттің ықпалындағы адам ны­санды киіммен жүрген құқық қорғау қыз­меткеріне ашыла қоймасы анық», – дейді ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Жалпы заң пәндері кафедрасының бастығы, полиция майоры Ерболат Ерланұлы. Әрине, бұл кемшіліктер еліміздің мұн­дай жағдайға бірінші рет ұшырап отыр­ғанымен байланысты. Қылмыстық ат­қару саласында діни бағыттағы жұ­мыстар – жаңашылдық. Мәселен, осын­дай тәжірибесіздіктен бастапқыда тү­зеу мекемелерінде мешіттер ашылып, бес уақыт намаз оқуға да рұқсат етілді. Бұл – Конституцияда жазылғандай, де­мо­­кратиялық ұстанымдарды сақтау үшін жасалған қадамдарымыз еді. Бірақ радикалды идеология бұл толе­рант­тықты әлсіздік деп қабылдады. Сон­дықтан да біріншіден, мемлекеттік сая­сатқа, екіншіден, режимдік тәртіпке сәйкеспейді, тіпті қайшы келген соң тыйым салынды. Сол секілді теология мәселесінде де тә­жірибе жинақтау керек. «Бұл салаға діни қызметкерлерді тар­ту қиындау болып тұр. Біріншіден, әскери міндеттемесі жоқ адамдар тек еркін жалдамалы негізде алынады. Оның еңбекақысы мардымсыз. Ал аттестациядан өтуге діни білімі барлар ықылассыз. Екіншіден, арнайы контингентпен жұ­мыс істеуге кез келген адам шыдас бере алмайды. Үшіншіден, Ислам дінінде әйел ер адамнан кейін тұрады, уағыз айт­пайды және намазын да бөлек оқиды. Сондықтан мұнда әйел қызметкерлерді қоюға болмайды. Болмаса әйелдер ко­ло­ниясына тағайындау қажет. Осы мә­селелердің бәрін шешіп, жұмыстарды жа­ңаша жүргізу қажет, – дейді полиция майоры. Жалпы, діннің теріс талқылануы және әсіредіни пиғылды ұстанушылар санының өсуі қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде 2007-2008 жылдан бастап сезіле бастады. Ал одан кейінгі елді шу­латқан оқиғалар теологияның өзектілігін айшықтай түскен. 2009-2012 жылдары бас бостандығынан айыру орындарында діни теріс көзқарастағы тәртіпсіздіктер жиіледі. Соның ең бір ушыққан шағы 2010 жылы Маңғыстау облысындағы ГМ-172/1 түзеу мекемесінен 21 жазасын өтеушінің қаруланып, қашып кету оқиғасы. Тергеу іс-шаралары бұл әрекетті діни теріс жол­дағы сотталғандардың қылмыстық суб­мәдениетті ұстанушы топ пен олардың бостандықтағы сыбайластарымен бірге жоспарлап жасағанын анықтады. tyrme 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбе қала­сында әсіредіншіл 27 адамның қару сататын дүкенге және әскери бөлімшеге шабуыл жасаған оқиғасы да, «Жусан» опе­рациясымен елге жеткізілген 22 ер адам, 137 әйел мен 357 баланың тағдыры да осы мәселенің тізбегінде.  

Теология – зайырлы идеологияның елшісі

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылы 31 қаңтарда халыққа жасаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық қабілеттілік» атты кезекті Жолдауының бесінші басым­дылығының үшінші реформасында: «Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе діни қарым-қатынас са­ла­сындағы радикалды көзқарасқа бай­ланысты кез келген әрекетке «мүлде төз­беушілікті» қалыптастыру қажет. Бас бос­тандығынан айыру орындарында сот­талғандарды теологиялық тұрғыдан сау­аттандыру қызметінің мақсатты жұ­мысы ұйымдастырылуы тиіс. Бұл іске мем­лекеттік емес секторды және діни бір­лестіктерді белсенді түрде тарту қажет» деп атап өткен болатын. Ендеше бүгінде түзеу мекемелеріндегі теология қызметі бірте-бірте жанданып келеді. ҚАЖ департаменті, ҚМДБ, Дін істері басқармасы арасында үшжақты арнайы жоспар бекітілген. 1 жылға арналған сол жоспарға сәйкес жұмыстар жүруде. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша барлық түзеу мекемелерінде жеке-жеке діни мамандар мен тақырыптар белгіленіп қойылған. Әйтсе де, мұндағы дәрістер көп ретте ауызша уағыз түрінде өтеді. Бұрын теолог қызметін атқарып, бүгінде жедел бөлімге ауысып кеткен әділет капитаны Сағдат Дюсекеев дін мамандарының әрбір пән бойынша сабақтарын басынан аяғына дейін оқытатын жүйелі жоспары болғаны дұрысырақ екенін айтады. «Бізде имамдар бір келгенде ата-анаға қатысты, келесі келгенде ақида туралы, одан кейін фиқһ, тағы бірде бас­шыға қатысты әртүрлі тақырыпта ауыз­ша уағыз айтып кетеді. Ал жаңа кел­ген сотталушылар толық түсінбеген соң қалғанын қасындағылардан сұрап жү­реді. Сөйтіп, басын имамнан, аяғын сотталғаннан алады. Шала білім содан шы­ғады. Сол себепті бұл жұмысты ар­найы жоспарлы сабақ ретінде өткізіп, сот­талғандарға жаздырып отыру керек. Сонда ұмытып қалғанда қайталап отыруы­на мүмкіндік болады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы ҚАЖД ЕЦ-166/1 мекемесінің жедел уәкілі, әділет капитаны Сағдат Серік­ұлы. Жазасын өтеушілер арасындағы дін мәселесін сырттан маман тартып шешу уақытша әсер беретіні анық. Абзалы – олармен тікелей жұмыс істейтін маманның болғаны. Сол себепті теолог мамандарды қызметке шақыруға арналған кәсіби бағдарлау жұмысын дұрыс ұйымдастырып, арнайы діни мамандарды дайындайтын оқу орындарымен тығыз байланыс орнату қажет. Оған қоса, қызығушылық тудыру үшін бұл лауазымды аттестаттаудан алып тастау керек. Аға инспекторды әділет майоры, инспекторды әділет капитаны шеніне дейін жоғарылатып, аталған шен­нің қаражатын жалақыға қосқандағы дең­­гейімен теңестіру қажет. Арнайы діни ма­мандығы бар тұлғалардың қызметке тұру барысында құқық қорғау органдарының тиісті заңдарынан тест тапсырудан босат­қан дұрыс. «Ішкі істер саласында жұмысқа алын­ған адамның 3 айлық курстан өтуі қа­растырылған. Осы ретте заңгер немесе психологті осындай біліктілік курсына жіберіп, дін қызметкері ете алмасымыз анық. Ал діни сауаты бар адамды 3 айда түзеу мекемесіндегі жұмыстың қыр-сыры­мен таныстырып шығуға болады. Мұндағы бір тиімділік – осы. Екінші айтарым, теолог жазасын өтеушілер арасында «теріс діннен қайт» деп үгіт-насихат жүргізбеуі тиіс. Ол тек олардың әрбірінің психологиялық портретін жасайтын агент ретінде жұмыс істеуі керек. Оның берген мәліметтері бойынша жазасын өтеушімен тәрбие бөлімі айналысуы тиіс. Сонда мұндағы жұмыс жемісті бо­ла­ды деп ойлаймын. Сонымен қоса бүгінгі таңда теолог мамандардың ортақ қызметтік міндеттемелері жоқ. Осы жағы да ойластырылса», – дейді Қайнар Ержанұлы.  

Нұрлан ҚОСАЙ