– Ғалымқайыр Мұтанұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті елімізде ЖОО арасында көшбасшы екенін жылдар бойы дәлелдеп келеді. Таяуда әлемнің ең үздік 200 университетінің бірі атанып, жаһандық танымал университеттер қатарынан көрінді. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы кемінде 2 қазақстандық ЖОО-ның әлемнің үздік 200 университетінің қатарына кіру міндетін қойды. Дәл сол жылы университетке ректор болып келуім осы стратегиялық мақсатты жүзеге асыру міндетімен тұспа-тұс келді. Ол кезде ҚазҰУ классикалық университет болған еді. Мақсатқа жету басқару тиімділігіне байланысты екені белгілі. Стратегиялық мақсатқа сәйкес бірінші міндетіміз – классикалық университетті әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру. Оқу орнының әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуы нәтижеге және индикативтік көрсеткіштерге бағытталған қайта құрылымдау, кластерлеу және тиімді процесс менеджментіне негізделген өзіндік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. ҚазҰУ – QS WUR жаһандық рейтингінде әлемдегі үздік 200 университеттің қатарына енген алғашқы қазақстандық ЖОО. Он жыл ішінде 436 орынға көтеріліп, 165-орынға ие болдық. Мұндай динамиканы әлемде бұрын-соңды ешбір университет көрсетпеген және оны әділетті түрде ҚазҰУ феномені деп атайды. Осы және тағы да басқа жоғары халықаралық жетістіктер университетте енгізілген тиімді басқарудың нәтижесі. Айтып өтерлік жайт, QS рейтингінде ҚазҰУ-мен қатар тұрған университеттер біздің оқу орнымызға қарағанда 100 есе көп бюджетке ие. – Microsoft компаниясы ҚазҰУ-дің цифрлы моделін ең озық тәжірибелердің бірі ретінде таныды. Мұның сыры неде? Мұндай жағдайда ҚазҰУ пандемия салдарынан дәстүрлі білім беруден онлайн оқуға көшкен кезде қиындық тумаған болар? – Еш қиындық болған жоқ. Коронавирусқа байланысты карантин басталады деп айтылған кезде университет бірден қалыптасқан сабақ кестесіне сәйкес толығымен қашықтан білім беру жүйесіне көшті. Оған негіз болған соңғы жылдары университетте «ақылды» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым және smart-кампус құрылып, бұлтты және мобильді технологиялардың енгізілуі. ІТ қызметтерді дамыту ЖОО-ны сапалы жаңа сандық деңгейге шығарды. Бұл оқу үдерісін қазіргі сабақ кестесі бойынша қашықтан оқыту түріне жедел ауыстыруға мүмкіндік берді. Университеттің заманауи және дамыған IT инфрақұрылымы барлық студентті қашықтан оқытумен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл үшін «Универ 2.0», Jinalys Room, Moodle ақпараттық-білім беру платформалары пайдаланылуда. «Универ 2.0» және Jinalys Room – ҚазҰУ-дің инновациялық жобалары. Программистеріміз «Универ 2.0» жүйесінің әлемдегі ең танымал Moodle қашықтан оқыту жүйесінің бірегей интеграциясын жүзеге асырды. Онлайн тыңдаушылардың үлкен ағынын қолдау мақсатында оның ауқымын жылдам кеңейтіп, оқытушымен жеке ақпар алмасу құралдарын қолдану, топта талқылау, кез келген форматтағы файлдармен алмасу – жүйенің артықшылығы. Студенттер үйлерінде барлық шәкіртімізге жоғары жылдамдықты интернетке тегін қол жеткізу қамтамасыз етілген. Жағдаяттық басқару орталығы қашықтан білім беру үдерісін бақылау мен мониторингті жүзеге асыруда. Қашықтан оқыту мүмкіндіктері – ҚазҰУ мен Microsoft арасында орнаған ынтымақтастықтың жемісті нәтижесі. Әлемдік танымал IT компаниямен бірлескен жұмыстың және «Office 365» бағдарламалық өнімін енгізудің арқасында студенттер мен оқытушылар білім алу үшін Microsoft Teams сервисін пайдалана алады. Әлемге әйгілі Hewlett-Packard, Cisco, Intel, Konica Мinolta, Microsoft, Huawei және басқа да жоғары технологиялы компаниялар ҚазҰУ-де өздерінің оқу орталықтары мен зертханаларын ашты. Осындай орталықтар мен зертханалардың ашылуы оқытудың жаңа технологияларын оқу бағдарламаларына одан әрі енгізуге, ғылым мен бизнестің әлемдік деңгейдегі кооперациясына қуатты серпін береді. Әлемдегі жетекші Microsoft компаниясымен ынтымақтастығымыз ІТ инфрақұрылымды технологиялық жаңғырту мәселелерінен бастап, кәсіби табысқа жету үшін қажетті білім алушылар мен оқытушылардың құзыреттілігін қалыптастыруға және сертификаттауға бағытталған академияны құруға дейін өте кең ауқымды және алуан түрлі болып келеді. Біздің тәжірибеміз өзге отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында белсенді қабылданып, таратылуда. – ҚазҰУ тарихында өзіндік орны бар академик Өмірбек Жолдасбеков «Ғылым – өмірге» атты ұстанымы арқылы теория мен тәжірибені ұштастыруды мақсат тұтты. Жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін көтеруге, оның әрі қарай дамуына және жаңа белестерге қол жеткізуіне қаншалықты қолдау көрсетіліп келеді? – ҚазҰУ – дамыған ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар зияткерлік корпорация. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу бағытын ала отырып, білімге негізделген елдің инновациялық экономикасын дамытудың драйверіне айналуды мақсат тұтамыз. Университетте 13 ғылыми-зерттеу институты, 30-дан астам ғылыми орталық, бизнес-инкубаторлар, коммерцияландыру кеңселері және шағын инновациялық кәсіпорындар жұмыс істейді. Кластерлік тәсіл негізінде «идеяны генерациялаудан бастап оны коммерцияландыруға дейінгі» тиімді технологиялық дәліз құрылды. Бұл ғалымдардың әзірлемелерін нақты өндіріске енгізуге мүмкіндік береді. Жыл сайын университет ғалымдары іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша 500-ге жуық ғылыми жобаны орындайды. Сондай-ақ олар шетелдік серіктестермен 200-ден астам жобаны жүзеге асыруға қатысады. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-де ғылыми-технологиялық парк, технологиялық инновациялар орталығы мен «Жасыл технологиялар» орталығын қамтитын инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластері құрылып, жұмыс істеуде. Шағын сериялы өнім шығару бойынша 10-нан астам ғылымды қажетсінетін өндіріс іске қосылды. Scopus және Web of Science халықаралық базаларында индекстелген қазақстандық авторлардың әрбір бесінші ғылыми жарияланымы – ҚазҰУ ғалымдарының үлесі. Айта кету керек, жарияланымдардың 60 пайызға жуығы шетелдік ғалымдармен бірлесіп дайындалған. Мұндай ғылымометриялық базалардағы дәйексөздер бойынша біздің университет елдегі абсолютті көшбасшы. Осы көрсеткіштердің барлығы бойынша біз әлемдік жетекші зерттеу университеттерінің деңгейіне жақындадық. Біз студенттерді белсенді түрде ғылымға тартамыз. Осы мақсатта студенттердің оқу-зерттеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының интегративті жүйесі жасалды. Зерттеулерді қаржыландырудың жалпы көлемінің 10 пайызын студенттік ғылымды қолдауға бөлу – жақсы ынталандыру. Нәтижесінде, студенттеріміз елеулі ғылыми жобаларға белсенді атсалысуда. Мысалы, олардың қатысуымен алғашқы қазақстандық «Аl-Farabi-1» және «Аl-Farabi-2» наноспутниктері жиналып, іске қосылды. Университетте 20-дан астам студенттік бизнес-инкубатор жұмыс істейді. Онда 75 студенттік стартап пен инновациялық жоба жүзеге асырылады. Университетті бітіргеннен кейін түлектердің жұмыс іздемей, шағын инновациялық кәсіпорындар ашу арқылы өздері жаңа жұмыс орындарын құруы өте маңызды. Сонымен қатар ғылыми кадрлардың сабақтастығын қалыптастыру және ғылыми мектептерді зерттеуді жалғастыру мақсатында ҚазҰУ елімізде алғаш рет университеттің өз есебінен қаржыландырылатын постдокторантура бағдарламасын ашты. ҚазҰУ ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойында «әл-Фарабидің ғылыми-технологиялық алқабын» құруға бастама жасады. Университет кампусының аумағында НТҚ құрудың алғашқы қадамы әлемнің 130-дан астам жетекші университетін біріктіретін «Жаңа жібек жолы университеттері альянсының» халықаралық IT кластерін іске қосу болады. Оның негізін Silicon Valley моделі бойынша IT технопарк және ҚХР үкіметінің гранты бойынша ҚазҰУ-ге ұсынылатын суперкомпьютер құрайды. Бұл туралы уағдаластыққа өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қытайға сапары барысында қол жеткізілді. Бұл жоба әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту платформасы мен IT технологияларды дамыту драйверлерінің бірі болуға арналған. – Жақында тағы бір студенттер үйінің іргетасын қалағандарыңыздан хабарымыз бар. Студенттер дәстүрлі оқуға оралғанда «Жатақхана – өз үйім» деп емін-еркін қоныстана ала ма? – Университетте 14 студенттер үйі мен жас ғалымдар үйі бар, онда 6 мыңнан астам адам тұрады. Студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуге мемлекет ерекше көңіл бөлуде. Бұл маңызды міндетті бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру аясында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев қойған болатын. Университет осы бағытта дәйекті жұмыс істеуде. Астана күні қарсаңында ҚазҰУ қалашығында 1 250 орындық жайлылығы жоғары жаңа Студенттер үйі құрылысы басталды. Бұл нысанды бір жылда аяқтау жоспарланған. Университетке түсуге ниет білдірушілер саны да артуда, олардың қатарында шетел азаматтары да бар. Көптеген студент тұрғын үйге мұқтаж, ал жаңа жайлы жатақхана салу бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді. Айта кетерлік жайт, университеттің әлеуметтік даму бағдарламасы аясында ҚазҰУ-дің 118 қызметкері мен оқытушылары «Ақселкент» тұрғын үй кешенінен жеңілдетілген бағамен жаңа жайлы пәтерлерге ие болды. – Ұлы бабамыз әл-Фарабидің 1150 жылдығын әлемдік деңгейде тойлау осы оқу орнында бастау алды. Қара шаңырақта әл-Фараби ғылыми орталығы ашылды. Биыл ауқымды түрде атап өтілуі тиіс шараны қалыптасқан карантиндік жағдайға байланысты ойдағыдай дәрежеде өткізуге мүмкіндік болмады. Әйтсе де, онлайн режимде де біраз шаруа тындырған сияқтысыздар. – Бүгінгі таңда Түркия, Иордания, Қытай, Болгария, Египет және басқа елдердің жетекші университеттерінде 12 ғылыми-білім беру орталығы, әл-Фарабидің екі мұражай-үйі ашылып, жұмыс істеуде. Онда қазақ тілі мен қазақ халқының мәдениеті оқытылады. Сондай-ақ олардың негізінде ҚазҰУ филиалдарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Грекия, Румыния, Албания, Малайзия, Ресей, Өзбекстан және Түркіменстанда әл-Фарабидің жаңа шетелдік орталықтарын, әл-Фараби ғылыми-білім беру орталығын және ҚазҰУ-дің Дамаскідегі филиалын құру бойынша жұмыс жалғасуда. БҰҰ-ның Жаһандық хабы ретінде ҚазҰУ-дің мерейтойлық іс-шараларының ресми ашылу рәсіміне халықаралық қоғамдық және академиялық топтар, соның ішінде БҰҰ мен ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ өкілдері, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялар, әлемнің 40 елінен келген жетекші шетелдік фарабитанушылар мен басқа да ғалымдар, сондай-ақ Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-педагогикалық интеллигенция мен студенттер тартылды. Мерейтойлық іс-шараларды жариялау және әл-Фараби мұрасын отандық және шетелдік БАҚ-та, оның ішінде Қытай, Түркия, Египет, Орталық Азия және ТМД елдерінде танымал етуге бағытталған 200-ден астам материал жарияланды. Сингапур, Ұлыбритания, Малайзия, Израиль және басқа елдердегі Қазақстан елшіліктерінің қолдауымен әл-Фарабиге арналған конференциялар онлайн форматта өтті. Бұдан басқа да көптеген шара өткізілді және алдағы уақытта да біраз жоспар бар. Ұлы бабамыздың мұрасын насихаттау бағытында жұмыстар жүргізу тоқтамақ емес. Бір қуанарлығы – әлемдік деңгейде мойындалған ғұламаның мерейтойлық іс-шаралары халықаралық деңгейде де өтіп жатқанын атап өткім келеді.
Cұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ