«Не молчи. KZ» қоғамдық қорының дерегі бойынша, елдегі әрбір 2 отбасындағы әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Психологтер оңтүстікте менталитетке байланысты ауыл-аймақ, ата-ананың күйеуін кешіруге, екінші мүмкіндік беруге үгіттейтінін айтады. Осындайда Ақсақалдар кеңесі мәселені екінші қырынан қарап, әйелдерге басу айтып, сабырға шақырады-мыс. Жәбірленуші әйел 2 рет сотқа арыз бергенімен, «көндірудің» көмегімен, оның үстіне ата-анасын ренжітпеу үшін күйеуін кешірген екен. Қоғамдық қордың жетекшісі Дина Таңсәрі енді кешірудің жөні жоғын, ауылдағы аталған кеңестердің әйелге келіп, бетін бері қаратуға тырысудың қажеті жоғын атап өтті. Керісінше, әйелге психологиялық кеңес беріп, әрі қарай аяғынан тұрып кетуіне жәрдемдесу керегін айтты.
«Мәселенің басы осындайдан басталады. Мысалы, бүкіл ауыл жиылып, «күйеуіңді кешір» деп айтады. Бізде «түрме жаман, әйелің мен балаңды соққыға жығу жаман емес» деген түсінік бар. Сондықтан осындай жағдайда полиция болсын, әкімдік болсын, ауылды жинап, әйелді үгіттеуді қою керек», – дейді Дина Таңсәрі.Ақсақалдар кеңесінің араласуымен, ауылдағы ағайындардың араша түсуімен осыған ұқсас жайттар жабулы қазан жабулы күйінде қалатыны жасырын емес. Қоғамдық қорға ата-анасын жерге қаратпау үшін зорлық-зомбылыққа шыдап жүргенін айтып хабарласатын әйелдердің қатары көп. Сол себепті қор жетекшісі Дина Таңсәрі әйелдерді жағдайды ашық айтып, күресуге шақырды. Бастысы, баласы мен өзінің болашағын ойлау керегін, тәндегі соққы ізінің кеткенімен, психологияға тиген кері әсер жылдар бойы ұмытылмайтынын жеткізді. Иә, осыдан кейін әлеуметтік желіде «мұндай кеңестердің барынан жоғы» деп пікір білдіргендердің қатары көбейді. Желі қолданушысы Нұртілеу Бекмұхаметов мұндай айланы көп әйел қолданатынын, бірақ арғы жағында заң орындары тиісті қолдау көрсетпейтінін айтқан.
«Қазір әлеуметтік желіден де, күнделікті өмірден де мұндай жағдайды жиі кездестіреміз. Осыған ұқсас жағдайды көргенім бар. Біразы ата-анасы мен ауылдастарының күйеуіне «араша» түсетінін айтады. Ендігілері жай ғана үнсіз шыдап жүреді. Білуімше, Ақсақалдар кеңесі алдымен күйеуі мен әйелін шақырып, мәселені ортақ талқылауға салады. Шешім іздейді. Дегенмен соңы көндіру мен отбасын сақтау үшін өзін құрбандыққа шалуға шақырумен аяқталатын сияқты. Сондықтан мұндай мәселені заң орындары арқылы шешкен дұрыс», – дейді журналист Адия Тасболатқызы.Осындай пікірлерден кейін Түркістан облысындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Мәуленқұловқа қоңырау шалдық. Ол кісі ауыл-аймақта Ақсақалдар кеңесі құрылғаны жайында жиі еститінін айтты. Негізінде, Ардагерлер кеңесі заңды ұйым екенін, әлеуметтік мәселені шешу мақсатында аталған ұйымнан көмек сұрау керегін атап өтті. Өйткені облыста Ардагерлер кеңесіне жұмысқа орналасудан бастап ірілі-ұсақ проблемасын айтып келетіндер көп екен.
«Бізде Ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Оған 173 мың ардагерлер мен зейнеткер мүше. Орталық кеңестен бастап жүйелі жұмыс істейді. Қоғамдағы әлеуметтік мәселені шешуге көмектесеміз. Жастарды тәрбиелеу мақсатында насихат жұмысы жүргізіледі. Арагерлер кеңесі қоғамның іргетасы берік болып, айрандай ұйығанын қалайды. Өйткені құрамында бұрынырақта лауазымды қызмет істеген, зиялы, тәжірибесі мол кісілер бар. Айта кетерлігі, бұл – заңды құжаты бар, мемлекеттік тіркеуден өткен ұйым. Сондықтан түрлі кеңеспен шатастырмауды сұраймыз. Иә, біз аймақтағы күрмеуі қиын, дәстүрге негізделген мәселені шешеміз. Мысалы, бізге бір рудан шыққан, бір-біріне ғашық екі жас келді. Олардың үйленгісі келеді. Бірақ ата-аналары өзара қырқысып, екі әулетте үлкен дау туған. Мәселені шешу үшін қыз бен жігіттің 7 атасын санап шықтық. Сөйтсек, қыз 12 атадан, ұл жақта 11 атадан асып кетіпті. Содан екі жастың ата-анасына кеңес мүшелері жағдайды түсіндіріп, көндірдік. Салт бойынша 7 атадан асса, ас беріп, Құран оқытып, екі жасты қосуға боларын айттық. Осылайша, жастардың тағдырына әсер етіп, екі отбасы арасындағы кикілжіңді шешкеніміз бар. Айта берсек, осыған ұқсас жағдай көп», – дейді Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Мәуленқұлов.Ұрып-соғу жағдайы жайында сұрағанымызда, сұрақтан тайқып, мұндай іс облыста болмағанын алға тартты. Оның айтуынша, егер осындай мәселе бойынша әйелдер кеңестен көмек сұрай келсе, алдымен істің ақ-қарасын ажырату үшін жақындарымен тілдеседі екен. Ал өңірлердегі Ақсақалдар кеңесінің жұмысы жайлы білу үшін Қызылорда облысындағы кеңес төрағасына қоңырау шалдық. Қызылқиядағы жайтты айтып, мұндай жағдайда кеңес мүшелері әйелді бірден полицияға шағымдануға шақыра ма, әлде басу айта ма, білгіміз келді. Әдеттегідей ақсақал қос тараптың арызын бірдей тыңдап, кеңес өткізетінін баяндады.
«Ақсақалдар кеңесі қоғамдағы береке-бірлікті сақтау үшін қажет. Олар ауыл-аймақ арасындағы жөн-жосықты нұсқап, артық-кемін айтады. Араздасқан қауымға басу айтып, бірлікке шақыру – біздің міндетіміз. Әлеуметтік мәселеге келсек, аз қамтылған отбасыларға жәрдем береміз. Елдің арызын тыңдаймыз, шешім шығарамыз. Түркістан облысындағы мәселе жайында сырттан тон пішуге болмайды. Бірақ алдымен жағдайды кеңесте талқылап, содан кейін шешім шығарған жөн. Екі жақтың ата-аналарымен бірге шақырып, мәселеге екінші қырынан үңілу керек. Содан кейін іске құқық қорғау органдарын араластырудың қажеті болса, заң орындарына жүгінуге кеңес береміз», – дейді Қызылорда өңіріндегі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Берікқара Әбдіжапбарұлы.Иә, егер жоғарыдағыдай ру ісі, ағайын-туыс арасындағы кикілжіңді шешу үшін Ақсақалдар кеңесі керек-ақ. Бірақ ол кеңестер күйеуінен зәбір көріп, ұр-тоқпаққа айналған әйел мен баланың тағдырына араша бола ала ма? Араша болса, екі күннің бірінде олар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас еді. Ақсақалдар кеңесі де баланың зәбір көрмегенін, әйелдің жапа шекпегенін қалайтын шығар. Үлкеннің сөзін құп көріп, әйел тоқтам жасағанымен, қатыгез кейбір әке бұған көндігер емес. Аталы сөзден аттамаған қазақтың бүгінгі ұрпағы ақсақалдар кеңесіне құлақ аспай тұр. Өкінішті!
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ