Карантинде кәсіпкердің қолы байлаулы

Карантинде кәсіпкердің қолы байлаулы

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегіне сенсек, орта есеппен карантин кезінде қызмет көрсету саласындағы 800 мыңнан ас­там кәсіпкер қиындыққа тап бол­ған. Санитарлық дәрігерлердің бұй­рығына сәйкес, олардың 500 мыңнан астамының жұмысы әлі тоқтап тұр. Сарапшылар болжамы бойынша, елдегі шағын және орта бизнестің 30 пайызы қайта аяққа тұрмай, тү­бегейлі құрдымға кетуі мүмкін. Бұл бір жағы ғана, кәсіп иелері қаншама азаматты жұмыспен қамтып отырса, олардың біразы жұмыссыздар қатарын толықтырды. Әлі де жұмысын бастай алмай отырған кәсіпкерлер бар. Тіпті, шағын дәмхана иелері өзінің шығынын өтей алмағаннан кейін, жұмысын то­лық құрамда бастай алмай тұр. Дегенмен бизнес саласы қолдаудан тыс қалды деп айта алмаймыз. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай режимі жарияланған бірінші күннен бастап пандемияның бизнеске кері әсерін азайту үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында 300 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Одан бөлек, сәуір айының аяғында Президент 1,6 млн азамат пен 11,5 мың шағын және орта бизнес субъектісінің жалпы көлемі 360 млрд теңге несиесін төлеу мерзімі ұзартылғанын жеткізді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, сәуір айында кәсіпкерлер арасында өткен сауалнамаға қатысқан 8 228 шағын және орта бизнес субъектісінің (бұларда 131 мың адам еңбек еткен) 10 пайызы 12 мың қыз­меткерін жұмыстан шығаруға, ал 35 пайызы 46 мың адамды ақысыз еңбек демалысына жіберуге мәжбүр болғанын айтыпты. Ал сауалнамадан тыс жағдай бұдан да күрделі болса керек. Негізінде мерекелік іс-шаралар мен той ұйымдастыру орталықтары жұмысын толық тоқтатқан. Ал Қа­зақстан мейрамхана бизнесі қауым­дастығының мәліметі бойынша, елдегі дәмхана мен мейрамханалардың 10 пайызының ғана табысы тұрақты, жағдайы жақсы. Пандемия залалы жеңілдетілген карантин кезінде толық сейілген жоқ. Осы орайда, біз індет кесірінен кәсібі жабылып немесе уақытша тоқтаған азаматтардың пі­кірін білген едік.   Алмас СЕРІКҰЛЫ, DalaSazy шебер­ханасының иесі, эт­но­­дизайнер, қол­өнер шебері: – Зергерлік бұ­йымдар мен ұлттық саз аспаптарын жа­саумен 9 жылдан бері айналысамыз. Төтенше жағдай басталғанда 1-2 айға ғана созылады екен деп ойладық. Оның алдында бұйым жасау үшін ма­териалдарға тапсырыс беріп қой­ған­быз. Тапсырысымыз жетпей қалды. Кәсіпкерлер ғана емес, ха­лық та қатты қысылды. Бұйым мен аспаптарымызға тапсырыс тоқтады. Орташа есеппен табысымыз 4-5 есе азайды. Төтенше жағдай режимі бітіп, карантин болған күннің өзінде оңалып кете алмадық. Өзіміз де ауырдық. Бір нәрсе анық, биыл жоспарды орындай алмаймыз. Шеберханамыз Алматы қаласының шетінде орналасқан, егер қаланың ішінде болса тіптен зардап шегер едік деп ойлаймын. Қыз­меткерлеріміз де қала шетінде тұрады, әйтеуір жұмысқа келіп тұ­руына мүмкіндік болды. Кейбірі амал­сыз шеберханаға қонып, жұмысын жал­ғастырды. Ін­дет зардабының орнын 1-2 жылсыз тол­­тыра алмаспыз. Әлі алдымыз бұлың­ғыр.   Ирина БЕЛЯЕВА, PRESTIGE жи­һаз кәсіпорны дирек­торы:  – 1997 жылы іргесі қаланған ме­­кеме пандемия алдында 250 адам­ды жұмыспен қам­тып отырды. Тө­тенше жағдай кезінде қиындыққа тап болдық. Кіріс 100 пайыз тоқтады. Қызметкерлерді ақысыз еңбек демалысына жібердік. Ақылдаса келе сауданың онлайн түріне көштік. Сәуір айындағы жоспардың тек 25 пайызы іске асты. Жиһазды көзбен көрмей ала алмайсыз. Әр жиһазды жан-жағынан суретке түсіріп, тұтынушыға таңдау жасауға жол аштық, үйіне жеткізіп бердік. Қажетті материалдардың бағасы жығылғанға жұдырық болып 10-20 пайызға өсті. Материал шетелден тасымалданады, сондықтан доллар бағамының өс­кені кері әсер етті. Пандемия бізге әлеуметтік желімен жұмыс істеуді үйретті. Мамыр айының соңында ғана дүкенімізді ашуға рұқсат алдық. Қазір жағдай сәл де болса реттеліп келеді. Жұмыс қарқынын бұрынғы өлшеммен қарасақ, 50 пайыздан асырдық.    Бағлан МОЛДАБЕКОВА, «Тойлар индус­трия­сы» той ұйым­дастыру  орта­лығы­ның жетекшісі – Қазір білеміз, той өткізуге ты­йым салынған. Жасыратыны жоқ, 20-30 адамдық тойлар өтіп жатыр. Бірақ одан сұраныс аз. Қызметімізді толық ұсына алмаймыз, шағын тойға кемі той орталығынан асаба, әнші мен бишісі бар, он шақты адам баруы тиіс. Төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге көмек алдық. Қол астымда жұмыс істейтін студент қыздар жұмыссыз қалды, жеке тігіншімізді босаттық. Қазір халықтың қалтасы той өткізуді көтермейтін секілді. Жалға алып отырған ғимаратымызды ауыстырдық, қалтаға салмақ салды. Салықтан босатылдық. Бұрын Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қаласының арасында шапқылап жүріп, той ұйымдастырдық. Миллиондап табыс таптық, бірақ қазір ол табыс жоқ. 10 пайызын тапсақ та қуанатын болдық.  

Мадияр ТӨЛЕУ