Қарағандыда коммуналдық қызмет қымбат
Қарағандыда коммуналдық қызмет қымбат
166
оқылды
Қарағанды қаласында тозығы жеткен жылу желілерін жөндеуге қар­жы қажет. Оны табудың бір жолы – тұтынушының қалта­сына қол сұғу. Осыған дейін қарағандылықтар алаңның шар­шы метрі үшін жылу энер­гиясына 115 теңге төлеп келді. Егер монополистің ұсынысы қа­былданса, үйлерінде жылу есеп­тегіштері жоқ тұтынушылар әр алаңға 157 теңгеден төлейтін бо­ла­ды. Ал жертөлесіне жылу есеп­тегіш орнатылған көпқабатты үй тұрғындары жылу тарифі Гкал   үшін  3 042 теңгеден 4 126 теңгеге дейін көтеріледі. Заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарға келетін болсақ, олар үшін жылу 1 Гкал үшін 8 020 теңгеден 10 879 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Жария тыңдауды Табиғи мо­но­полияларды реттеу комитетінің Қара­ған­ды облысы бойынша де­партаменті ұйымдастырды. Алайда агенттік шақырған азаматтар мен белсенділер тыңдауға қатыса ал­мады. Ғимаратқа коронавирус ин­фекциясына ПТР-талдаудың теріс нәтижесі бар азаматтар ғана кіргізіледі деген талап қойылды. Халықты есіктің сыртына тұр­ғы­зып қойған «Теплотранзит Ка­ра­ганда» ЖШС бас директоры Әлі­шер Ибрагимов қоғамдық тыңдауды Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде өткізді.
«Жылу энергиясын беру және тарату қызметтерінің қол­даныстағы тарифі ҚҚС-сыз 2 097,14 теңгені құрайды. Біздің 2021-2021 жылдарға арналған өті­німімізде берілген орташа өл­шенген есептік тариф жылу энер­гиясының 1 Гкал-сы үшін ҚҚС-сыз 3 485 теңгені құрайды. Бұл ретте өсім 66,2%-ды құрайды, – деді мо­но­полист.
«Теплотранзит Караганда» ЖШС тарифке ескірген желілерді өзгерту, жаб­дықты жаңарту және жылу оқшаулауын қал­пына кел­тіретін инвестициялық қар­жыны енгізіп отыр. 5 жылға есептелген ин­­вестициялық бағдарламаны іске асыруға 3,6 млрд теңге қажет. Қоғамдық кеңес мүшесі Ни­ко­лай Абт та жария тыңдауға қатыс­тырылмады, оны да ғимаратқа кір­гізбеді.
– Менің ойымша, олар жылыту та­рифін көтеру сияқты маңызды тыңдауға қатысуды әдейі шектеп отыр. Бұл тың­дауды жарамсыз деп тану үшін Қоғамдық кеңеске шағымданамын, – дейді жабық есік­пен бетпе-бет келген қоғамдық бел­сенді.
Қазақстан Коммунистік ха­лық пар­тиясының облыстық фи­лиалы мүшелері де тыңдауға кір­гізілмеді. Олар да Табиғи мо­нополияларды реттеу комитеті мен бас санитарлық дәрігерге өз құқықтарының бұзылуына орай шағым түсірмек.
«Біз карантин талаптарын бұзған жоқпыз. Бетперде, қолғап­пен келдік. Залда әлеуметтік қа­шықтықты сақтай отырып, бір-бі­рімізден 2 метр қашықтықта отыруға дайын болдық. Екіншіден, CОVID-19-ға ПТР-талдаудың теріс нәтижесі бар анықтама туралы талап – заңсыз. Неліктен 50 адам кіретін театрға тест нәтижесінсіз кіруге болады? Ал тариф бо­йынша тың­дауға небәрі 7 адам кел­се де, олардан ме­дициналық анықтаманы талап етті»,– дейді ҚКХП Қарағанды филиалының бірінші хатшысы Александр Зевахин.
Монополистің өз уәжі бар.
«Тыңдау  Қазақстанның бас мем­ле­кет­­­тік санитарлық дәрі­герінің 15.08.2020 жылғы №48 қаулысының 4-қосымшасына сәйкес өткізілді. Онда көпшілік тыңдауға қатысушыларға қойы­латын талаптар орындалуы тиіс: 1) алған сәттен бастап 3 тәу­ліктен аспайтын уақыт өткен ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеудің те­ріс нәтижесінің болуы; 2) ғи­ма­рат­та болған барлық кезең іш­ін­де респи­ратор­лық үлгідегі меди­циналық бетпердені пай­далану; 3) әлеуметтік қашықтықты сақ­тау; 4) қол алысуды не тіке­лей байланыстың басқа да нысан­дарын болдырмау. Көп­шілік тың­дауларды өткізудің негізгі мін­деті департаментпен қабыл­данатын ше­шімдердің ашықтығын қамтамасыз ету»,– дей­ді моно­полист.
«Теплотранзит Караганда» компаниясы тарифті өсіріп қана қоймай, оны 5 жылға шекті та­риф ретінде белгілеуді сұрап отыр. Бұған дейін де 2015 жылы монополист өз қызметіне қазіргі бағаны бекіттіріп, құбыр желілерін ретке келтіруге уәде берген бо­латын.
– Тарифтің көтерілуінің бер­неше себебі бар. Біріншіден, бұл нақты шы­ғындардың тарифтік сметадағы шығын­дарға сәйкес келмеуі. Қолданыстағы тариф 2015 жылы бекітілді. Оның өсуі барлық 5 жыл ішінде 11% -ды құрады. Осыған байланысты кәсіпорынның барлық нақты шығындары ескерілмеген. Тек инфляция деңгейі жыл сайын орта есеппен 6% ғана. Осыған байланысты бізде қазір барлық шығын баптары бойынша тапшы­лық бар. Әсіресе, еңбекақы төлеу, ЖЖМ, еңбекті қорғау және қауіп­сіздік техникасы, сондай-ақ са­лық төлемдері бойынша күрделі жағдай қалыптасып отыр, – дейді «Теплотранзит Караганда» ЖШС бас директоры Әлішер Ибрагимов
Сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-1 және ЖЭО-3 жылу энергиясы мен электр энер­гиясын өндіру тарифтерін өсіруі де себеп болған.
– Тек 2020 жылдың өзінде жылу энер­гиясын өндіру 7%-ға және электр энергиясын өндіру 18%-ға қымбаттады,– дейді қызмет көр­сетуші.
«Теплотранзит Караганда» ком­паниясы Ленин, Гоголь көшелері, Құрылысшылар, Республика даңғылындағы магистральды желі­лерді жаңғыртуға алған несиесі бо­йынша мемлекетке 12 миллиард теңгеден астам берешек.
– Қызметкерлердің жалақысын арт­тыру қажет. Бүгінде ол орташа есеппен 110 мың теңгеге жетіп отыр. Ал біздің сала мамандарының орташа еңбекақысы Қарағанды облысында  –160 мың теңге, – дейді Әлішер Ибрагимов.
Жылу тарифінің күрт өсуіне қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі, кәсіпкер Николай Абт қарсы.
– «Табиғи монополиялар ту­ралы» заңда инвестициялық бағ­дарламада қар­жыландыру көзі мен қаражатты қайтару жолдары болуы тиіс деп айтылған. Яғни, жылу энергиясына тұтынушылар салған ақшаны көтеріңкі тариф арқылы кейін бізге қайтару керек. Өтемақы тарифі арқылы. Әзірге бұл орындалмады. Сон­дықтан «Тепло­транзит Караганда» ком­паниясы алдымен ескі инвестициялық бағ­­дарламаға салынған ақшаны тұ­ты­нушыларға қайтарсын, содан кейін жаңа тариф сұрасын, – деді Николай Абт.
40 минутқа созылған эфирде сұрақтар қойылмады. Енді іс Қа­рағанды облысы бойынша Та­биғи монополияларды реттеу де­партаментінің құзырына берілді. Олар «Теплотранзит Караганда» ЖШС ұсынған дәйектерді тексеріп, жылытудың шекті тарифін бекітуі тиіс.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы