Қарағанды қаласында тозығы жеткен жылу желілерін жөндеуге қаржы қажет. Оны табудың бір жолы – тұтынушының қалтасына қол сұғу. Осыған дейін қарағандылықтар алаңның шаршы метрі үшін жылу энергиясына 115 теңге төлеп келді. Егер монополистің ұсынысы қабылданса, үйлерінде жылу есептегіштері жоқ тұтынушылар әр алаңға 157 теңгеден төлейтін болады. Ал жертөлесіне жылу есептегіш орнатылған көпқабатты үй тұрғындары жылу тарифі Гкал үшін 3 042 теңгеден 4 126 теңгеге дейін көтеріледі. Заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарға келетін болсақ, олар үшін жылу 1 Гкал үшін 8 020 теңгеден 10 879 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Жария тыңдауды Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Алайда агенттік шақырған азаматтар мен белсенділер тыңдауға қатыса алмады. Ғимаратқа коронавирус инфекциясына ПТР-талдаудың теріс нәтижесі бар азаматтар ғана кіргізіледі деген талап қойылды. Халықты есіктің сыртына тұрғызып қойған «Теплотранзит Караганда» ЖШС бас директоры Әлішер Ибрагимов қоғамдық тыңдауды Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде өткізді.
«Жылу энергиясын беру және тарату қызметтерінің қолданыстағы тарифі ҚҚС-сыз 2 097,14 теңгені құрайды. Біздің 2021-2021 жылдарға арналған өтінімімізде берілген орташа өлшенген есептік тариф жылу энергиясының 1 Гкал-сы үшін ҚҚС-сыз 3 485 теңгені құрайды. Бұл ретте өсім 66,2%-ды құрайды, – деді монополист.«Теплотранзит Караганда» ЖШС тарифке ескірген желілерді өзгерту, жабдықты жаңарту және жылу оқшаулауын қалпына келтіретін инвестициялық қаржыны енгізіп отыр. 5 жылға есептелген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға 3,6 млрд теңге қажет. Қоғамдық кеңес мүшесі Николай Абт та жария тыңдауға қатыстырылмады, оны да ғимаратқа кіргізбеді.
– Менің ойымша, олар жылыту тарифін көтеру сияқты маңызды тыңдауға қатысуды әдейі шектеп отыр. Бұл тыңдауды жарамсыз деп тану үшін Қоғамдық кеңеске шағымданамын, – дейді жабық есікпен бетпе-бет келген қоғамдық белсенді.Қазақстан Коммунистік халық партиясының облыстық филиалы мүшелері де тыңдауға кіргізілмеді. Олар да Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен бас санитарлық дәрігерге өз құқықтарының бұзылуына орай шағым түсірмек.
«Біз карантин талаптарын бұзған жоқпыз. Бетперде, қолғаппен келдік. Залда әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, бір-бірімізден 2 метр қашықтықта отыруға дайын болдық. Екіншіден, CОVID-19-ға ПТР-талдаудың теріс нәтижесі бар анықтама туралы талап – заңсыз. Неліктен 50 адам кіретін театрға тест нәтижесінсіз кіруге болады? Ал тариф бойынша тыңдауға небәрі 7 адам келсе де, олардан медициналық анықтаманы талап етті»,– дейді ҚКХП Қарағанды филиалының бірінші хатшысы Александр Зевахин.Монополистің өз уәжі бар.
«Тыңдау Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 15.08.2020 жылғы №48 қаулысының 4-қосымшасына сәйкес өткізілді. Онда көпшілік тыңдауға қатысушыларға қойылатын талаптар орындалуы тиіс: 1) алған сәттен бастап 3 тәуліктен аспайтын уақыт өткен ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеудің теріс нәтижесінің болуы; 2) ғимаратта болған барлық кезең ішінде респираторлық үлгідегі медициналық бетпердені пайдалану; 3) әлеуметтік қашықтықты сақтау; 4) қол алысуды не тікелей байланыстың басқа да нысандарын болдырмау. Көпшілік тыңдауларды өткізудің негізгі міндеті департаментпен қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету»,– дейді монополист.«Теплотранзит Караганда» компаниясы тарифті өсіріп қана қоймай, оны 5 жылға шекті тариф ретінде белгілеуді сұрап отыр. Бұған дейін де 2015 жылы монополист өз қызметіне қазіргі бағаны бекіттіріп, құбыр желілерін ретке келтіруге уәде берген болатын.
– Тарифтің көтерілуінің бернеше себебі бар. Біріншіден, бұл нақты шығындардың тарифтік сметадағы шығындарға сәйкес келмеуі. Қолданыстағы тариф 2015 жылы бекітілді. Оның өсуі барлық 5 жыл ішінде 11% -ды құрады. Осыған байланысты кәсіпорынның барлық нақты шығындары ескерілмеген. Тек инфляция деңгейі жыл сайын орта есеппен 6% ғана. Осыған байланысты бізде қазір барлық шығын баптары бойынша тапшылық бар. Әсіресе, еңбекақы төлеу, ЖЖМ, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, сондай-ақ салық төлемдері бойынша күрделі жағдай қалыптасып отыр, – дейді «Теплотранзит Караганда» ЖШС бас директоры Әлішер ИбрагимовСондай-ақ Қарағанды ЖЭО-1 және ЖЭО-3 жылу энергиясы мен электр энергиясын өндіру тарифтерін өсіруі де себеп болған.
– Тек 2020 жылдың өзінде жылу энергиясын өндіру 7%-ға және электр энергиясын өндіру 18%-ға қымбаттады,– дейді қызмет көрсетуші.«Теплотранзит Караганда» компаниясы Ленин, Гоголь көшелері, Құрылысшылар, Республика даңғылындағы магистральды желілерді жаңғыртуға алған несиесі бойынша мемлекетке 12 миллиард теңгеден астам берешек.
– Қызметкерлердің жалақысын арттыру қажет. Бүгінде ол орташа есеппен 110 мың теңгеге жетіп отыр. Ал біздің сала мамандарының орташа еңбекақысы Қарағанды облысында –160 мың теңге, – дейді Әлішер Ибрагимов.Жылу тарифінің күрт өсуіне қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі, кәсіпкер Николай Абт қарсы.
– «Табиғи монополиялар туралы» заңда инвестициялық бағдарламада қаржыландыру көзі мен қаражатты қайтару жолдары болуы тиіс деп айтылған. Яғни, жылу энергиясына тұтынушылар салған ақшаны көтеріңкі тариф арқылы кейін бізге қайтару керек. Өтемақы тарифі арқылы. Әзірге бұл орындалмады. Сондықтан «Теплотранзит Караганда» компаниясы алдымен ескі инвестициялық бағдарламаға салынған ақшаны тұтынушыларға қайтарсын, содан кейін жаңа тариф сұрасын, – деді Николай Абт.40 минутқа созылған эфирде сұрақтар қойылмады. Енді іс Қарағанды облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің құзырына берілді. Олар «Теплотранзит Караганда» ЖШС ұсынған дәйектерді тексеріп, жылытудың шекті тарифін бекітуі тиіс.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы