Атырауда С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде мұнай өндірудің символы «мұнай тербелмесінің» ашылу салтанаты өтті. Университет ғимараты алдына қара алтынның символына айналған мұнай тербелмесі орнатылды. Шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты. Университет ректоры Г.Шакуликова өз сөзінде жаңа символдың ашылуынан университеттің даму тарихындағы тағы бір кезеңнің бастау алатынына үлкен сенімде екенін атап өтті. «Университеттің бүгінгі символы үлкен еңбектің нәтижесі, өйткені бұл мұнай тербелмесінен 1992 жылдан бастап шамамен 60 859,5 тонна мұнай өндірді. Оқу орнының символы ретінде мұнай тербелмесін таңдау – университеттің Атырауда орналасқанын бейнелейді» дей келе, Атырау облысының әкімдігіне, Энергетика министрлігіне, барлық серіктестерге – «ЕмбіМұнайГаз», «Атырау мұнай өндеу зауыты», «Қазэнерджи», ҚМГ «Инжиниринг» және өзге де стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда қолдау көрсететіндері үшін алғысын білдірді. Жиында сөз алған аймақ басшысы М.Досмұхамбетов аталған оқу орнының атқарып жатқан жұмыстарына оң баға беріп, жаңаша талап қойып отырғанын атап өтті.
Облыс әкімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуы тиіс. Бізде осы күнге дейін мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесінің жоқтығы – ақылға қонбайтын қисынсыз нәрсе» деген сөзін мысалға келтірді. Сондай-ақ оқу орны алдынан ашылған символдың мағынасы терең екенін айтты.Салтанатты шараға С.Өтебаев атындағы АтМГУ Индустриалдық кеңесінің төрағасы Құрманғазы Исқазиев қатысты. Түлектердің біліктілік моделін қалыптастыру және индустриямен бірлесіп жұмыс істеу, бекітілген біліктілікке қол жеткізуге материалдық-техникалық және әдістемелік базаның сәйкес болуын қамтамасыз етудегі оқу орны басшылығының алға қойған жоспары және оны жүзеге асырудағы жаңашылдық идеяларына тоқталды. Мұнай өндірудің символы «мұнай тербелмесі» ұзақ жылдар бойы отандық мұнай-газ саласындағы іргелі кендердің бірі «Ембімұнайгаз» АҚ-на пайдаланылып келген. Енді, міне, салалық университет алдына символ ретінде орнатылды. Сонымен қатар Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің негізін қалаған алғашқы ректоры Төлеуіш Серіковтің «Заңғар» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапқа Төлеуіш Серіковпен сыйлас болған, жол сілтеген аға буын өкілдері, қатарлас замандастары, шәкірттерінің естелігі мен фотосуреттері енген. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Төлеуіш Серіковтің өнегелі өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі екенін атап өтті. Оқу орнының Индустриалдық кеңесінің төрағасы Құрманғазы Исқазиев өткізген жиында алдағы жоспар талқыланды.
«Дуалды білім беру аясында «индустрия-білім беру-ғылым» бағдарламасы бойынша оқу орнына өңірде жұмыс істеп тұрған кен орнын беру мәселесі қаралып отыр. Бұл – студенттерді практикалық даярлайтын оқу кластері және оқу полигоны. Болашақта оқу процесі кен орнында өтеді, сол арқылы студенттер мен оқытушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге маңыз беріліп отыр. Атырау өңіріндегі негізгі мұнай қоры палеозой тұз шөгінділерінің бор қабаттарынан түседі. Жоғары тұтқырлы мұнайды өндіру мен өңдеуде заманауи технологияларды пайдалану арқылы бүгінгі студент – ертеңгі маманның бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделуде» деп атап өтті Кеңес төрағасы.Университет білім беру процесін толықтай оқу полигонында өткізуді еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алғаш болып қолға алып отыр. Ауқымды жоба облыс әкімшілігі мен Энергетика министрлігінің қолдауымен жүзеге аспақ. Сонымен бірге осы оқу полигоны аясында университеттің Ардагерлер кеңесінің де қызмет саласы кеңейеді. Университет ардагерлерінің әрқайсысының мұнай-газ саласы өндірісіндегі теңдесі жоқ мол тәжірибесін пайдалану арқылы студенттердің кәсіби дағдыларын жоғары деңгейде қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Жиын барысында индустриялық полигон – индустрияның және академиялық қоғамдастықтың коммуникация алаңы болатыны туралы да айтылды. Бұл өз кезегінде инновациялық шешімдер мен жаңа білімдерді генерациялайды және технологиялар трансферін одан әрі ынталандыратын бірлескен зерттеулер орталығын дамытады. Индустриялық полигонды іске қосу университет табысын әртараптандыруға және студенттер санына деген қаржылық тәуелділіктен құтылуға мүмкіндік береді.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы