Пандемия кезіндегі Ұлттар лигасы
Пандемия кезіндегі Ұлттар лигасы
Ұлттық құрамамыздың ойыны да жа­қын­дап келеді. Санаулы күннен кейін фут­болшыларымыз Албания құрамасымен жасыл алаңға шығады. Ойын Алматы қала­сында 11 қазан күні өтеді. Өз алаңымызда жеңіске жететін, маңызды үш ұпайды ен­шілейтін оңтайлы сәт туды. Олай дейтін се­бе­біміз, топтың фавориті саналған Ал­бания құрамасының бірнеше жетекші ойын­шысы Ұлттар лигасы аясында өтетін Қа­зақстан мен Литваға қарсы кездесуге қа­тыса алмайды. Шетелдік басылымдардың ха­бар­лауынша, Этрит Бериша (СПАЛ, Италия), Илбер Рамадани («Вайле», Дания), Флориан Камбери («Санкт-Галлен», Швейцария), Линдон Селяхи («Твенте», Нидерланды) Клаус Гьясула («Гамбург», Германия) Албания құрамасының жаттығу жиынына келе алмаған. Сондай-ақ денсаулығына байланысты «Лацио» қақ­пашысы Томас Стракоша мен қорғаушы Йон Мерсинай («Локомотив», Хорватия) да алдағы ойындарға қатыса алмауы мүмкін. Сондықтан өз алаңымызда өтетін кездесуде Албанияның екінші, үшінші құрамына қарсы тұрамыз. Бұл біз үшін топ бастауға тамаша мүмкіндік.
– Футболшылар жеңіл жаттығу жұмыс­тарын өткізді. Өйткені ішкі біріншілікте ұлттық құрама футболшылары әр төрт күн сайын Премьер лиганың матчтарына шықты. Сондықтан оларға жаттығу кезінде қатты күш салуға болмайды. Жалпы, футболшылардың көңіл-күйі жақсы. Албаниямен ойында жігіт­тер жеңіске жетуге бар күшін салады, – дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас  бапкері Михал Билек.
Айтпақшы, кездесу алдында қазақстандық бір ойыншыдан да коронавирус анықталды. Ол бельгиялық «Беерсхот» командасында өнер көрсететін ұлттық құрама қорғаушысы Ян Вороговский. Сондай-ақ жаттығу ке­зін­де алған жарақатына байланысты Мирош­ниченко, сары қағазының көптігінен Сер­гей Малый бұл ойынға қатыса алмайды. Мароч­киннің де жарақаты толық жазылған жоқ. Қалған ойыншылар әзірге алдағы матчқа сақа­дай сай.
– Алматыдағы ұлттық құраманың жат­тығу базасына тізімдегі барлық футболшы кел­ді. Қазіргі кезде біз Албаниямен ойынға дайындықты бастап кеттік. Тыңғылықты дайындықтан соң құрама жігіттері алдағы кездесу туралы талқылады. Топтан шығу үшін бізге алдағы екі ойында да жеңіске жету керек. Біздің футболшылар Ұлттар ли­гасы­ның топтық кезеңінде жақсы нәтиже көр­сетуге ниетті, – дейді Қазақстан ұлттық құ­рамасының капи­таны Бауыржан Исламхан.
Біз де құрамамыздың футболшыларына сенім артамыз. Алатау бөктерінде Исламхан, Зайнудтинов бастаған футболшылар албан­дарды айқын басымдылықпен жеңіп, жан­күйерлерге қуаныш сыйлайды деген үміт­теміз. Енді  Ұлттар лигасындағы өзге де қызықты деректерге кезек берейік. Вирустың салқыны тиді деген осы шығар. 4 жыл бұрын мансабын аяқтаған Александр Шовковский Украина ұлттық құрамасына қайтадан шақырту алды. Қақпашылар Андрей Пятов, Андрей Лунин, Юрий Паньковтан коронавирустың бары анықталғаннан кейін олардың әлем чемпионы Францияға қарсы өтетін жолдас­тық кездесуге қатыса алмайтыны белгілі болды. Соның арқасында 26 жастағы «Ди­намо Киев» командасының қақпашысы Гео­ргий Бущан да құрамадағы де­бют­тік ойын­ын өткізді. Бірақ ол ой­ын кезінде қақ­пасына 7 доп өт­кізіп алды.  

Матч барысында ауырсыну, соқтығу әсерінен алған жарақаттың жазылуы 2-3 күн алады. Ондайда төреші дәрігерге белгі береді. Біз алаңға шығып, ауырсынған жерге мұздатқыш спрей себеміз. Бұл – ауырсынуды басып, бұлшық етті бекітеді. Ал микрожыртылуды емдеу 3 күннен 10 күнге дейін созылады. Егер аяқ, қол сыну жағдайы тіркелсе, емделу 1-2 айға жалғасады»

  Қосалқы құрамда болған Шовковский бұған дейінгі ресми ойынын 2016 жылы «Заря» (Украина біріншілігі) клубына қарсы өткізген еді. Құрамамен де сол жылы қоштасқан. 2018 жылдан бері Украина ұлттық құрамасының бас бапкері Андрей Шевченконың көмекшісі қызметін атқарып келеді. Франциямен өт­кен ойында тізімде болғанымен, ардагер қақ­пашы алаңға шықпады. Тағы бір тосын оқиға, «Вулверхэмптон» командасының шабуылшысы Адама Траоре Ұлттар лигасы қарсаңында қос бірдей құрамадан шақырту алды. Фут­болшыны Испания мен Мали өз құ­рамасынан көргісі келетінін жет­кіз­ді. Спорт мамандары Траоренің Ис­паниядай грандтың шақыртуынан бас тарт­пайтынын айтты. Испания футбол фе­дерациясы бұл футболшыны алдағы матч­тарда Луис Энрикенің қол астында ой­найды деп үміттенеді. Шабуылшы Пор­тугалиямен болатын жолдастық матчта алаң­ға шығып, тұңғыш рет Испания жейдесін киді. Футболшы сондай-ақ Швейцария мен Украина ұлттық құрамаларымен бо­латын Ұлттар лигасының матчтарына ша­қырту алды. Бұдан бірнеше жыл бұрын Адама Испания құрамасы үшін ойнау бала күнгі арманы екенін айтқан еді. Ол осы­ған дейін Испанияның әртүрлі жастағы жасөспірімдер құрамаларында да өнер көр­сетті. Ағылшындық клубтың көшін алға сүйреп жүрген футболшы осылайша ар­манына қол жеткізіп, өз таңдауын жасады. Айта кетейік, Траоре алғаш рет 2019 жыл­дың қараша айында Мальта мен Румынияға қарсы Еуро-2020 іріктеу ойындарына Ис­пания құрамасынан шақырту алып, жа­рақатына байланысты құрамнан кетуге мәж­бүр болған. Содан кейін ол Ұлттар ли­га­сының Германиямен және Украинамен бол­ған матчтарына қайта шақырылды, бірақ Адама вирус жұқтырғанына байланысты екі матчқа да қатыса алмаған. Дегенмен Португалиямен өткен ойында футболшы  қайта шақырту алып, Испанияның намысын қорғады. COVID-19 cпорттық шаралардың көр­кін қашырды. Жер-жерде вируспен күрес жүруде. Пандемия қайта белең алғалы бері футболшылардың да мазасы қаша бас­­­тады. Бұл Ұлттар лигасына ғана емес, өзге де турнирлердің өтуіне, ішкі бі­рін­шіліктегі ойындарға да кесірін тигізуде. Әзір­ге Қазақстан Премьер лигасында өнер көрсететін қазақстандық футболшылардан вирус анықталмады. Сондықтан құрамамыз алдағы екі кездесуінде үздік құрамымен алаң­­ға шығады. Айта кетейік, Албаниямен кез­десуден соң Қазақстан құрамасы 15 қа­занда Минскіде Беларусь құрамасымен ой­найды.  

AblaiАбылайхан ЖҰМАШ