Ұлттық құрамамыздың ойыны да жақындап келеді. Санаулы күннен кейін футболшыларымыз Албания құрамасымен жасыл алаңға шығады. Ойын Алматы қаласында 11 қазан күні өтеді. Өз алаңымызда жеңіске жететін, маңызды үш ұпайды еншілейтін оңтайлы сәт туды. Олай дейтін себебіміз, топтың фавориті саналған Албания құрамасының бірнеше жетекші ойыншысы Ұлттар лигасы аясында өтетін Қазақстан мен Литваға қарсы кездесуге қатыса алмайды. Шетелдік басылымдардың хабарлауынша, Этрит Бериша (СПАЛ, Италия), Илбер Рамадани («Вайле», Дания), Флориан Камбери («Санкт-Галлен», Швейцария), Линдон Селяхи («Твенте», Нидерланды) Клаус Гьясула («Гамбург», Германия) Албания құрамасының жаттығу жиынына келе алмаған. Сондай-ақ денсаулығына байланысты «Лацио» қақпашысы Томас Стракоша мен қорғаушы Йон Мерсинай («Локомотив», Хорватия) да алдағы ойындарға қатыса алмауы мүмкін. Сондықтан өз алаңымызда өтетін кездесуде Албанияның екінші, үшінші құрамына қарсы тұрамыз. Бұл біз үшін топ бастауға тамаша мүмкіндік.
– Футболшылар жеңіл жаттығу жұмыстарын өткізді. Өйткені ішкі біріншілікте ұлттық құрама футболшылары әр төрт күн сайын Премьер лиганың матчтарына шықты. Сондықтан оларға жаттығу кезінде қатты күш салуға болмайды. Жалпы, футболшылардың көңіл-күйі жақсы. Албаниямен ойында жігіттер жеңіске жетуге бар күшін салады, – дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек.Айтпақшы, кездесу алдында қазақстандық бір ойыншыдан да коронавирус анықталды. Ол бельгиялық «Беерсхот» командасында өнер көрсететін ұлттық құрама қорғаушысы Ян Вороговский. Сондай-ақ жаттығу кезінде алған жарақатына байланысты Мирошниченко, сары қағазының көптігінен Сергей Малый бұл ойынға қатыса алмайды. Марочкиннің де жарақаты толық жазылған жоқ. Қалған ойыншылар әзірге алдағы матчқа сақадай сай.
– Алматыдағы ұлттық құраманың жаттығу базасына тізімдегі барлық футболшы келді. Қазіргі кезде біз Албаниямен ойынға дайындықты бастап кеттік. Тыңғылықты дайындықтан соң құрама жігіттері алдағы кездесу туралы талқылады. Топтан шығу үшін бізге алдағы екі ойында да жеңіске жету керек. Біздің футболшылар Ұлттар лигасының топтық кезеңінде жақсы нәтиже көрсетуге ниетті, – дейді Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан.Біз де құрамамыздың футболшыларына сенім артамыз. Алатау бөктерінде Исламхан, Зайнудтинов бастаған футболшылар албандарды айқын басымдылықпен жеңіп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлайды деген үміттеміз. Енді Ұлттар лигасындағы өзге де қызықты деректерге кезек берейік. Вирустың салқыны тиді деген осы шығар. 4 жыл бұрын мансабын аяқтаған Александр Шовковский Украина ұлттық құрамасына қайтадан шақырту алды. Қақпашылар Андрей Пятов, Андрей Лунин, Юрий Паньковтан коронавирустың бары анықталғаннан кейін олардың әлем чемпионы Францияға қарсы өтетін жолдастық кездесуге қатыса алмайтыны белгілі болды. Соның арқасында 26 жастағы «Динамо Киев» командасының қақпашысы Георгий Бущан да құрамадағы дебюттік ойынын өткізді. Бірақ ол ойын кезінде қақпасына 7 доп өткізіп алды.
Матч барысында ауырсыну, соқтығу әсерінен алған жарақаттың жазылуы 2-3 күн алады. Ондайда төреші дәрігерге белгі береді. Біз алаңға шығып, ауырсынған жерге мұздатқыш спрей себеміз. Бұл – ауырсынуды басып, бұлшық етті бекітеді. Ал микрожыртылуды емдеу 3 күннен 10 күнге дейін созылады. Егер аяқ, қол сыну жағдайы тіркелсе, емделу 1-2 айға жалғасады»
Қосалқы құрамда болған Шовковский бұған дейінгі ресми ойынын 2016 жылы «Заря» (Украина біріншілігі) клубына қарсы өткізген еді. Құрамамен де сол жылы қоштасқан. 2018 жылдан бері Украина ұлттық құрамасының бас бапкері Андрей Шевченконың көмекшісі қызметін атқарып келеді. Франциямен өткен ойында тізімде болғанымен, ардагер қақпашы алаңға шықпады. Тағы бір тосын оқиға, «Вулверхэмптон» командасының шабуылшысы Адама Траоре Ұлттар лигасы қарсаңында қос бірдей құрамадан шақырту алды. Футболшыны Испания мен Мали өз құрамасынан көргісі келетінін жеткізді. Спорт мамандары Траоренің Испаниядай грандтың шақыртуынан бас тартпайтынын айтты. Испания футбол федерациясы бұл футболшыны алдағы матчтарда Луис Энрикенің қол астында ойнайды деп үміттенеді. Шабуылшы Португалиямен болатын жолдастық матчта алаңға шығып, тұңғыш рет Испания жейдесін киді. Футболшы сондай-ақ Швейцария мен Украина ұлттық құрамаларымен болатын Ұлттар лигасының матчтарына шақырту алды. Бұдан бірнеше жыл бұрын Адама Испания құрамасы үшін ойнау бала күнгі арманы екенін айтқан еді. Ол осыған дейін Испанияның әртүрлі жастағы жасөспірімдер құрамаларында да өнер көрсетті. Ағылшындық клубтың көшін алға сүйреп жүрген футболшы осылайша арманына қол жеткізіп, өз таңдауын жасады. Айта кетейік, Траоре алғаш рет 2019 жылдың қараша айында Мальта мен Румынияға қарсы Еуро-2020 іріктеу ойындарына Испания құрамасынан шақырту алып, жарақатына байланысты құрамнан кетуге мәжбүр болған. Содан кейін ол Ұлттар лигасының Германиямен және Украинамен болған матчтарына қайта шақырылды, бірақ Адама вирус жұқтырғанына байланысты екі матчқа да қатыса алмаған. Дегенмен Португалиямен өткен ойында футболшы қайта шақырту алып, Испанияның намысын қорғады. COVID-19 cпорттық шаралардың көркін қашырды. Жер-жерде вируспен күрес жүруде. Пандемия қайта белең алғалы бері футболшылардың да мазасы қаша бастады. Бұл Ұлттар лигасына ғана емес, өзге де турнирлердің өтуіне, ішкі біріншіліктегі ойындарға да кесірін тигізуде. Әзірге Қазақстан Премьер лигасында өнер көрсететін қазақстандық футболшылардан вирус анықталмады. Сондықтан құрамамыз алдағы екі кездесуінде үздік құрамымен алаңға шығады. Айта кетейік, Албаниямен кездесуден соң Қазақстан құрамасы 15 қазанда Минскіде Беларусь құрамасымен ойнайды.