Жыр құлагерінің жиырма томдығы
Жыр құлагерінің жиырма томдығы
232
оқылды

Ілияс Жансүгіровтің Жетісуды екі күн қатарынан дүбірге бөлеген 125 жылдық мерейтойы ақынның туған жері Ақсуда басталып, облыс орталығындағы ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасып, «Талдықорған» атшабарындағы ұлттық ат спорты түрлерінен өткен тайталасты жарыспен тамамдалды.

Бірінші күні жиналған жұртшылық алдында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хаты оқылып, Ақсу ауылындағы орталық алаңда Жыр құлагерінің алыстан асқақтап тұратын алып ескерткіші ашылды. Облыс әкімі осынау игі іске демеушілік жасаған Молдияр Нұрбаев пен ескерткіш­тің авторы Қазбек Дулатовқа халық аты­нан алғысын жеткізді. Тойға келгендер ақын­­ның өмірі мен шығармашылы­ғын паш ететін «Құлагер» қойылымын тама­шалады. Түсте ас беріліп, Құран оқылды.

Мерейтойдың екінші күні Талды­қорғанда Ілияс Жансүгіровтің 125 жыл­дығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтіп, онда ақынның об­лыс әкімдігінің қолдауымен жарық көр­ген 20 томдық жинағы мен ТҮРКСОЙ ұйымы шығарған «Үш арыс» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Б.Римова атындағы драма театрға жан-жақтан жиналған қонақтар ақын өлеңіндегі Жетісу суреттеріне арналған картиналар топтамасы мен Ілиястың әдеби-мемориалды музейінің жәді­герлері қойылған көрмені көрді.

– Ілияс Жансүгіров – Алаштың алыбы, күллі қазаққа ортақ тұлға. Әде­биеттің барлық жанрында қалам тербеп, сөз өнерінің көркемдігі мен эпикалық тынысын барынша кеңейткен, оның классикалық дамуын жаңа сатыға көтерген дара дарын. Жыр құлагерінің есімін ұлықтап, өскелең ұрпаққа қалдырған бай мұрасын насихаттау мақсатында облысымызда біршама жұмыстар атқарылды. Ілияс Жансүгі­ровтің мұраларын толықтыру, қолда жоқ шығармаларын жинастыру мақса­тында құрылған «Ілияс ізімен» атты ха­лықаралық ғылыми-танымдық экспе­диция Ресей жеріне барып қайтты. Көптеген құнды деректер тауып, елге олжалы оралды, – деген облыс әкімі Жетісу мемлекеттік университеті ға­лым­дарының ізденістері нәтижесінде Ілиястың шығармашылығына арналған 20 томдық жинақ жарық көріп, оған ақынның кең көлемде насихаттала қоймаған тың дүниелері енгізілгенін де айта кетті.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет өз сөзінде Мәскеуге барған экспедиция Ілиястың 18 кітабын тауып келгені қазақ әдебиеті үшін зор жаңалық екенін атап өтті.

Жазушылар одағы басқарма төра­ғасының орынбасары Бауыржан Жақып Ілиястың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталса, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш «Ілияс Жансүгіровтің көркемдік әлемі», І.Жансүгіров атындағы ЖМУ оқытушысы, филология ғылымының докторы Мұратбек Иманғазинов «Ілияс жөніндегі соңғы зерттеулер», жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат «Ілияс журналистикасы», филология ғылымының докторы Серік­қазы Қорабай «Ілияс Жансүгіровтің «Дала» поэмасы. Айтылмай келген ақиқат» тақырыптарында баяндама жа­сады. Конференцияда Алматы қала­сының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың құттықтауы оқылды. Ілиястың неме­релері Ажар, Жанар, Лейла Жансү­гі­ровалар Жансүгіров қоры атынан облыс әкіміне, ақынның әдеби-мемориалды музейіне, ақын атындағы университетке Ілиястың ағылшын тіліне аударылып, жарық көрген кітаптарын сыйлады. Мерейтой аясында өткен респуб­ли­калық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдесі ақын Байбота Қошым-Ноғайға беріліп, бірінші орынды ақын Серік Ақсұңқар иеленді. Жыр жары­сы­ның қорытындысын жариялаған арда­гер-журналист Нұртілеу Иман­ғалиұлы ертеректе Ілиясқа арнап «Қа­зақтың маң­дайына өлең бітсе, өлеңнің маң­да­йына бітіп ең сен» деп өлеңімен өшпес ес­керткіш қойған көрнекті ақын Тұр­сын­зада Есімжановқа ақсулық азаматтар атынан темір тұлпардың кілтін тапсырды.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы