Ұлттың қуаты – тіл
Ұлттың қуаты – тіл
803
оқылды

Тіл туралы тұңғыш заң 1989 жылғы 22 қыр­­­күйекте қабыл­да­­н­ып, қазақ тіліне мем­­ле­кеттік тіл мәрте­бесі бе­рілді. Осы жылы «Ха­­­лықара­лық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Одан бері отыз жыл өтті. Отыз жылда не өз­­­герді? Сараптап көр­­­сек...

Отыз жылда ана тілге деген құрмет артты ма? Әлде жаңа ұрпақ тілдің қадірін қашырып жіберген жоқ па? «Өз тілі­мен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жо­ғал­­майды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп бола­тын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін азды­ру­ға тырысады» деген болатын Ахмет Байтұрсынұлы. Иә, жылдар бойы өз тәуелсіздігін аңсаған Қазақ елі үшін тілін сақтап қалу оңай болмады. Жан-жақтан қыспаққа алған сайқал саясат, орыстандыру үшін бар­лық жағдайды жасап-ақ бақты. Бірақ іріген, бір кез­дері он бес республиканы бір тудың асты­на жинаған алып держава ша­шырап тын­ды. Бұл бізге өтке­ні­мізді қайта жаң­ғырту, тілі­мізді, дінімізді, ділі­міз­ді сақтап қалу үшін бе­ріл­ген сый бола­тын. Оны түсіне білуі­міз ке­рек-ақ.

Қазір жер-жерде тіл үшін қарусыз майдан жүргізілуде. Елі­міздің түкпір-түкпірінде жұ­мыстар қарқынды қолға алынуда.

Тіл мәселесі тек біздің ғана шы­рылдап қорғап жүрген мәсе­леміз емес. Ол – әлемді ойлан­дырған жайт. Олай бол­маса, Францияда тіл қорғай­тын арнайы полиция құрылмас еді. Ал Балтық жағалауында орналасқан Эстонияда сырт елдің азаматтарының құжат­та­ры­на «Шетелдіктің эстон паспорты» деп жазып қояды. Және 41 процент эстон, 43 процент орыс халқы тұрса да, өз тілін жоғары қойып, тек эстонша сөй­леседі. Бұл да тілді жоғалт­пау қамы.

Еліміз бойынша ана тілі­міз­­ді ұлықтау мақсатында жоба­лар да жасалып, жүзеге асу­да. Жақында Ақордада тілі­міз­ді әспеттеп, оның аясын ке­ңейту үшін үлкен жұмыстар атқарып жүрген бірқатар тіл жанашырлары марапатталды. Салтанатты рәсім «Тіл туралы» заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай ұйымдас­ты­рыл­ды. Президенттің алғыс­ха­ты 100-ден астам азаматқа беріл­ді. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынба­са­ры Дархан Кәлетаев: «Мем­ле­кет басшысы халыққа Жол­да­уында қазақ тілі ұлтаралық тіл болатынын айтқан еді. Осы мұратқа жету жолында жұрт жұдырық болып жұмыла білу керек. Тілдің өрісін кеңейтуге біраз азамат осы күні атсалы­сып жүр. Еңбектері еш кетпеді. Ақордада Мырзатай Жолдас­бек, Мұхтар Шаханов, Асылы Осман, Дос Көшім бастаған бір топ майталман Президент­тің алғысхатын алды» деді.



Осы кеште сөз алған мем­ле­­кет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбек «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сы­нов дәуірінде осылай деген. Әлі де өзекті. Салтанат­ты шара­да сөз сөйлегендер тілдің туын жық­пау үшін қазақтілді басы­лымдардың еңсесін көте­ру керек» десе, Qazaqstan Dauiri ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбай «Мемлекет бас­шысының марапаты респуб­лика бойынша 100-ден астам адамға берілді. Бұл – еңбектің еленгені һәм үлкен жауапкер­ші­­­ліктің жүктелгені. Асы­лын­да, тілдің мәртебесін биіктету тек санаулы адамның міндеті емес. Ол – тұтас ұлттың басты мұраты» деп сөзін түйіндеген еді. Бұл марапат оларға жай­дан-жай беріле салмағаны анық. Ол –тілім деп шырыл­да­­ған жанашырлардың жыл­дар бойғы еңбегінің жемісі.

Сонымен бірге елімізде тіл үйренудің әдіс-тәсілдері де жетілдіріліп келеді. Мысалы, Павло­дарда «Ана тілі» орта­лығы балабақша тәрбиешіле­рі­не мемлекеттік тілді оқыту курсын трамвайда өткізуде. Орталық директоры Шолпан Кинжикова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін үйретуге арналған «Flash тренинг» жобасын өткізіп отыр­мыз. Арасында осы фор­матта сабақ өткізсек деген идеямыз болған. Оны Nur Otan партиясы, трамвай басқармасы және облыстық тілдерді дамы­ту жөніндегі басқарма қолда­ды. Енді кейбір сабақтарымыз осылай өтіп отыратын болады. Сабағымыздың тақырыбы – қала. Курсқа қатысушылар өт­кен тақырыптарды қайталай оты­рып, қаланы аралап таны­са­ды және сурет арқылы көр­ген­дерін жеткізеді. Кейін өз ойларын жазады. Жобаға қаты­сушылар тәрбиешілер бол­­ғандықтан, олар үшін бала­лар­ға сурет арқылы сабақ беру оңайырақ. Мұнда ойлау және сөйлеу қабілеттерін жетілдіре­тін шығармашылық сабақтар өтеді» дейді. Иә, тіл үйрену­ге деген ықылас болса, қай жер­де де өткізуге болады. Пав­ло­­дарлықтардың бұл ісі сүй­сін­­терлік.

Тілге деген құрмет тек оны біліп қана қоюмен шектелмесе керек. Қазақ тілінде дұрыс жазу да басты міндеттің бірі болса керек. Осыны басты қағида етіп алған елордалықтар да айтарлықтай игі шаралар өткізуде. Мысалы, қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп ке­ле­ді. Басқарма мемлекеттік меке­мелердегі тіл нормалары­ның сақталуына мониторинг жүргізу, көше атауларын ретке келтіру, тарихи тұлғалардың есімдерін ұлықтау, қазақ тілін­дегі сапалы контентті дамыту, қазақ тілі курстарын ұйым­дас­ты­ру, мекемелер, жеке­леген азаматтар арасын­дағы интел­лек­­туалдық сайыстар, азамат­тардың шағымдары бойынша кездесулер өткізу және тағы басқа шараларды атқаруда. Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқар­ма­сы басшысының орын­ба­са­ры Сәкен Есіркеп «Кез келген мемлекеттің дамуы, ең әуелі, елдің өркендеуіне атсалысатын азам­аттық қоғам институт­та­ры­­­ның қызметіне байланысты. Тілдің жағдайы да осы сияқты. Мемлекеттік органдар да, ел аза­маттары да кешенді түрде әре­кет еткенде іс оңалары анық. Сондықтан көптеген ша­­ралар ұйымдастырып, аза­мат­тарды, жалпы көпшілік қауымды акциямызды қолдап, тіл тазалығын сақтауға үлес қо­суға шақырамыз» дейді. Осы бас­қарма аясында, 2018 жылы құрылған «Руханият» мекеме­сін­де 1 500 адам қазақ тілін меңгеруде. Қалада «Жарна­ма­да­­ғы тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясы да ұйым­дас­ты­рылған. Акция уақытында 900-ден аса көше қаралып, жеке кәсіпкерлерге заң талап­та­ры туралы түсіндірме жұ­мыс­тары жүргізілген. Нәти­же­сін­де, өткен жылы 1 000-нан аса заң талаптарына сай кел­мей­тін жарнама мен көрнекі ақ­параттар алынып тасталған. Бұл елдегі істеліп жатқан тіл жана­шырларының игі істері­нің бір парасы ғана.

Иә, әке қанымен, ана сүті­мен даритын тіліміздің ары қа­рай да жасай, жарқырай беруі сіз бен біздің қолы­мыз­да.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ