Нобель - 2019: Сыйлық алған серкелер кім?
Нобель - 2019: Сыйлық алған серкелер кім?
217
оқылды

Нобель алудың ерте-кеші жоқ. Биыл 97 жастағы хи­мик Нобель сыйлығына ие бол­ды. Эфиопия пре­мьер-министрінің Эри­трея­мен келіссөзі бей­біт­­шілік белгі­сі­мен ба­­­­ға­ланды. Сон­дай-ақ фи­­зика, медици­на, әде­биет пен экономика сала­сы бойынша жеңім­паздар анық­­талды.

Бейбітшілік жаршысы

Норвегия астанасы Осло­да Нобель сыйлығының бей­біт­­шілік саласы бойынша жеңім­па­зы анықталды. Эфиопия пре­­мьер-министрі Абий Ах­мед Али демократиялық іс-әре­­кеті үшін жүлдеге лайық деп та­­нылды. Қазір оны жаһан Ба­рак Обама, Нельсон Мандела мен Михаил Горбачевпен салыстырып жатыр. Премьер-министр Нобель алатындай не істеді дерсіз. Нобельдің рес­ми сайтында «Абий Ахмед Али Эритреямен шекарадағы қақ­­тығысты басуда көрсеткен жан­кеш­ті қызметі үшін осы сый­лық­қа лайық болды» делінген.

Африкадағы көршілес мем­ле­кеттердің өзара қақты­ғы­сы ХХ ғасырдан бастау алады. 1993 жылы Эфиопия Эритрея­ның тә­­уелсіздігін мойындады. Бі­рақ Бадме қаласы мен айна­ла­­­сындағы тіршілік туралы ке­­лісім болмады. Сол үшін 1998 жылы соғыс басталып, 2000 жылға дейін жалғасты. Сал­­дары­нан, 80 мыңға тарта адам қаза тауып, іс Гаагадағы ха­­­лықаралық трибуналға жібе­ріл­ді. Жоғарғы сот Бадмені Эри­треяға тапсырғанымен, Эфио­пия мұны мойындамады. Сонымен екі ел арасындағы қыр­ғиқабақ соғыс басталды. Әуе байланысы мен дипломатиялық қатынас шиеленісіп, шекара төтенше жағдай үшін жиі дабыл қақты.

2018 жылы Эфиопияға сая­си көктем келді. Абий Ахмед Али сәуір айынан бастап пре­мьер-министр қызметіне та­ға­­йын­далды. Үкімет басына кел­­гендегі алғашқы ісі көрші­мен ара-қатынасты түзеу бол­ды. Шілдеде Эритреяға ба­рып, аумақ мәселесін елдің пай­да­сы­на шешуге уәде берді. Көр­ші ел қуаныш-хабарға жылы ле­бізін білдірді. Кездесуден соң Эри­трея көшбасшысы Исайяс Афе­­­ворки «қазіргі көңіл күйді сөз­­бен жеткізу мүмкін емес» де­ді.

Абий Ахмед Али – Нобель сыйлығын иеленген алғашқы эфиопиялық азамат. Жетістігі – соңғы 20 жыл ішінде алғаш рет Эритерея басшысымен кездесіп, екіжақты бітімге келуі. Сондай-ақ қос мемлекет басшысы қа­рым-қатынасты нығайту үшін қай сала болмасын, бір-біріне жол ашуға ниеттенді.

Әлем баспасөзі Ахмед Алиді «диа­логтің адамы» деп атайды. Эритреямен келіссөзден бөлек, ол Ніл өзенінің оң жағасында 2011 жылдан бері салынып жат­­қан Ренессанс су электр стан­­сасы мәселесінде Мысырға же­­ңілдік жасады. Қарбалас кез­де су жетпейтіндіктен, бөліп алу­ға тура келетін. Бұрын екі тарап­та үлесін бергісі келмейтін. Алай­да 2018 жылы Египетке сапармен бар­ған Абий Каирдың мүд­де­сін ескеруге дайын екенін мә­­­лімдеді. Сонымен бірге дін үшін болған кикілжіңде төреші бола білді.

Ол прогрессив реформалар жүр­гізді. Оның тұсында Эфио­пия саяси режимді тізгіндеді. Оппозиционерлер түрмеден боса­тылды. Олардың веб-сайт­та­ры бұғатталмайтын болды. Әйелдерге ел ісінде маңызды міндет жүктелді. Тіпті Қорғаныс министрі лауазымына тағайын­да­ла бастады. Бір сөзбен айт­қан­да, Эфиопияның пре­мьер-министрі өзінің бейбітшілік жар­шысы екенін дәлелдеп бер­ді. Сөзі мен ісі сәйкес келетін дип­ломат екенін көрсетті.

 

Онкологиямен күрес. Экзопланета.
Литий-ион батареясы

Нобель сыйлығын тапсыру 7 қазанда басталды. Америкалық ғалымдар Уильям Кэйлин, Грег Семенца және британиялық сэр Питер Рэдклифф медици­на саласы бойынша Нобель сый­­­лығына ие болды. Олар­дың зерттеу тақырыбы – адам жа­­сушасының ауа тап­шы­­­лы­ғына бейімделуі. Ғалым­дар­дың жүргізген зерттеуі онко­ло­­гиялық ауруларды емдеуге кө­мектеседі.

8 қазанда физика бойынша Но­бель иегерлері мәлім бол­ды. 2019 жылғы Нобель сый­лы­ғын астрофизиктер алды. Сый­­лық­тың биылғы жүлде қоры – 900 мың доллар. Ақ­ша­­лай жүл­­денің жартысын «фи­зи­­ка­лық космологиясы жаңа­лы­ғын ашқан үшін» Джеймс Пиблс алады. Ал қалғанын Майкл Мейд­жор мен Дидье Келоз тең бө­лі­седі. Қос ғалымға сыйлық күн типтес жұлдызды айналып жү­ре­тін экзопланетаны ашқаны үшін берілді.

Джеймс Пиблс – жойқын жа­рылыс теориясын, «Күң­гірт материя» формасын те­рең зерттеген ғалым. Ал Ми­­­шель Майор мен Дидье Ке­лоз –1995 жылы тұңғыш рет экзопланетаны ашқан астро­фи­­зиктер. Экзопланета – Күн жү­йе­сінен тыс орналасқан, Күн­ге ұқсас, негізгі тізбек жұл­ды­зын айналып жүрген планета.

Химиядан Нобель сыйлығы литий-ион батареясын жаса­ған­­дарға бұйырды. 2019 жыл­­ғ­ы жүлдені химиктер – Джон Гуденаф, Стэнли Уит­тин­­гем жә­не Акира Ёсино ала­тын бол­ды. Олар литий-ион ак­куму­­ля­торын жасады. Қызығы, Но­бель алған америкалық про­фес­сор Джон Гуденаф – 97 жас­та. Үш ғалымның біріккен жұ­мы­­сына Швеция Корольдік ғылым академиясы жоғары баға берді. «Бұл – жеңіл, қайта заряд­талатын және қуатты бата­рея. Қазір барлық жерде атал­ған батареяны қолданады. Олар күн мен желден алған энер­­гияның едәуір мөлшерін үнем­дей алады» деді Нобель ко­ми­теті.

Драматург Петер Хандке әде­биет аталымы бойынша Но­бель сыйлығын алады. Жүл­­­де оған «адамзат тәжіри­бе­сі­­нің перифериясы мен ерек­ше­­­ліктерін лингвистика­лық кө­ре­ген­дікпен зерттеген ықпал­ды жұ­мысы» үшін беріледі.

2018 жылы әдебиет аталымы айналасындағы шу үшін Нобель иесін таппады. 2017 жылы сый­лық­ты британ жазу­шысы Исигуро Кадзуо, 2016 жылы аме­рикалық Боб Ди­лан алған еді.

Экономика бағытындағы Но­бель сыйлығы америкалық эко­­номистер - Абхиджит Ба­нерд­жи, Майкл Кремер және Францияда туып, АҚШ-та жұ­­мыс істеп жүрген Эстер Дюф­­­лоға беріледі. Ғалымдар ке­дей­­лікке қарсы күресудің жаңа әдісін ұсынған. Швеция ака­­демиясы лауреаттардың ең тиім­ді тәсілдерді ұсынғанын мә­­лім­деді.

Сыйлық иегерлері анық­тал­ғанымен, сән-салтанатқа әлі ерте. Нобель сыйлығын та­быс­тау кеші 10 желтоқсанда Сток­гольм­де өтеді. Лауреаттарға мара­патты Швеция королі Карл XVI Густав табыстайды.

 

Қай елде Нобель көп?

Нобель – өлшемі биік, құны жоға­ры жүлде. Өнертабысты, елдің ойлау жүйесін сыйлық иегерлеріне қарап бағамдауға болады. Мысалы, АҚШ-тың 382 ғалымы жүлдеге үміткер ретінде тіркеліп, 380-і лауреат атаныпты. Ұлыбританиядағы 132 ғалым қатарынан оза шап­қан. Үздік үштікті Германия түйін­­дейді. Немістің 109 ға­лы­мы Нобель сыйлығын ал­­ған. Содан кейінгі кезекте Фран­­ция, Шве­ция, Ресей бар. КСРО кезінен Ресейде 31 ға­лым салмақты сыйлыққа ие­лік еткен. Естеріңізде болса, те­гі әзірбайжандық Шырын Эбади 2003 жылы Нобель сый­лы­ғын иеленген еді. Елі­мізден Швецияға жолы түскен ғалым мен әдебиетші әлі күнге шыға қойған жоқ.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

https://youtu.be/XdZhNYOkmY0