Нұр-Сұлтанда бет-әлпеті арқылы жол ақысын төлеуге болады
Нұр-Сұлтанда бет-әлпеті арқылы жол ақысын төлеуге болады
95
оқылды

Елордада арнайы камераға қарап, қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуге мүмкіндік беретін жүйе жасақталды.

Face Pay жүйесі Нұр-Сұлтандағы «Astana LRT» конференциясында таныстырылды.

«Бұл биометрия яғни адамның фотосуреті арқылы төлем жасау. Біз Telegram-да бот құрдық, онда сіз ЖСН-ді енгізіп, селфи жасап, автобус картаңызды қосып, жүйеге кіре аласыз. Содан кейін жеке деректеріңізді қолдануға рұқсат береді. Кейін төлем картасы немесе телефон болмаса да автобусқа кіріп, билет ала аласыз», дейді «IPay» ЖШС құрылтайшысы Алмас Айменов.

Оның айтуынша жеке деректерге қатысты алаңдаудың қажеті жоқ.

«Қауіпсіздік мәселесін көтердік. Біздің жүйеміз адамның әлпетін 95 пайызға дейін таниды, егер жүйе 80 пайызға дейін таныса, онда адамға тағы да камераға қарау туралы өтініш келеді. Бастапқыда бұл жүйе жол жүру ақысын төлемеген адамды ұстауға арналмаған, ал жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жасақталған. Бұл жүйені қолданғысы келген жолаушы мақсатты түрде камераға қарап, жол ақысын төлейтін болады», дейді А.Айменов. Оның айтуынша жоба Қазақстанға тиесілі.

Face Pay-ді осы аптада екі автобуста сынамадан өтеді.