Алматыдағы Құлагер шағын ауданында орналасқан «Nur Otan» партиясы Жетісу аудандық филиалы ғимаратында шаһардағы алғашқы қоғамдық кітап шкафы ашылды. «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл аудан тұрғындарын оқу мәдениетіне тарту және оқитын азаматтардың санын арттыру үшін жасалды. «Bolashaq Books» атты жоба «Bolashaq» қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырылды. Ал 150 кітаптан тұратын кітап қорын Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі ілтипатпен ұсынды. «Bolashaq Books» «Кез келген кітапты ал – орнына өзіңдікін қалдыр» қағидаты бойынша жұмыс істейді, яғни кітап сөресіне келген адам өз кітабын қалдырып, орнына ұнаған кез келген кітапты ала алады. Сондай-ақ, Алматының Әуезов ауданында, Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық театрдың алдында екі қоғамдық кітапхананың салтанатты ашылуы өтті. Жобаның мақсаты – шаһар тұрғындарын рухани байыту және кітап оқуды насихаттау.