Дариға Назарбаева Сингапурды Қазақстанға инвестиция салуға шақырды. Ел Парламенті Сенатының төрағасы Сингапурдың аға министрі – ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіруші министр Тео Чи Хинді қабылдады.
Жоғарғы палата басшысы Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сингапурдың бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю негізін қалаған достық қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті.
«Біз сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, Қазақстанға Сингапур инвестициясын тартуға мүдделіміз», – деді ол.
Дариға Нұрсұлтанқызы осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуына байланысты бизнес үшін тартымды жағдай қалыптасып отырғанын жеткізді: «Сингапурлық компаниялар Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен ынтымақтастықта «Астана» қаржы орталығының әлеуетін пайдалануға мүмкіндіктері бар. Бұл халқы 160 миллион адамнан асатын қарқынды дамып келе жатқан келешегі бар аймақ», – деді Д.Назарбаева.
Тео Чи Хин ЕАЭО мен Сингапур арасындағы еркін сауда айналымы жөніндегі келісімді ратификациялаудың маңызына тоқталды. «Келісім Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiнің қауымдастығы мен ЕАЭО елдері арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді», – деді Сингапурдың аға министрі.
Сенат төрағасы Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін дамыту жоспары туралы хабардар етіп, Сингапур қазақстандық компаниялардың Оңтүстік-Шығыс нарыққа шығуының қақпасы бола алатынын мәлімдеді. Ол Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын нығайтуға мүмкіндік беретін көлік-логистикалық хабта маңызды рөл атқаратын «Бір белдеу, бір жол» Қытай мегажобасының әлеуетіне назар аудартты.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Дариға Назарбаева елімізбен, оның көрікті жерлерімен және тұрғындарымен жақсы танысу мақсатында сингапурлық депутаттарды туристер ретінде келуге шақырды. Ол Сингапур мен Қазақстан арасында тікелей әуе бағытын ашуды ұсынды.
Тео Чи Хин Сингапур цифрландыру және мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін хабарлады. Сондай-ақ Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның дамуына зор үлес қосқанын және Сингапурдың жақын досы екенін айтты. Ол Елбасыны Сингапурға сапармен келуге шақырды.