Жасөспірімдер қылмысы азаймай тұр
Жасөспірімдер қылмысы азаймай тұр

Nur Otan партиясы жа­нын­дағы Балалардың құқы­ғын қорғау жөніндегі рес­пуб­ликалық кеңестің өкілдері Түркістан облысына келді. Шымкентте осы кеңес­тің ба­лалардың құқы­ғы мен заңды мүддесін қор­ғауды қамта­масыз ету жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарды зер­делеу және жинауға жауапты жұ­мыс тобының қатысуымен жиын өтті. Жиынды Түр­кіс­тан облысы әкімінің орын­басары Сәкен Қалқаманов жүргізді.

Басқосуда балалар құқығын қорғау саласындағы баяндамалар мен есептер тыңдалып, келелі мә­се­­лелер талқыланды. Nur Otan партиясы жанындағы бала­­лардың құқығын қорғау кеңе­сі­нің мүшесі, топтың кон­су­льтант-жетекшісі Рысты Жұма­бекова сөз арасында жұмыс сапары­ның мақсатына тоқталды. Оның ай­туын­ша, арнайы топ өңір­дегі Жол картасының «Бақыт­ты отбасы» партиялық жоба­сы­мен танысады. Қиын жағ­дайға тап болған отбасыларға көмек­тесу және балалық шақтың қор­ғалуын қамтамасыз ету құрал­дарын енгізу, өңірлік дең­гейде балалардың құқығы мен бос­тан­дығын қамтамасыз ететін меке­мелердің қызметімен та­нысу да басты назарда тұр. Nur Otan партиясы жанындағы бала­лардың құқықтарын қор­ғау кеңесі төрағасының орын­ба­сары, жұмыс тобының жетекшісі Динара Закиева да талқыланған мәселенің маңызын тілге тиек етті.

Жиында сондай-ақ жергілікті полиция, адами әлеуетті дамыту, қоғамдық денсаулықты сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының есептері тыңдалды. Балалардың жағ­дайы туралы статистикалық мә­ліметтер мен отбасыларды қолдау бойынша келешекте жүзеге аса­тын жобалар сара­ланды.

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев баяндамасында «Бақытты от­басы» партиялық жобасы бойын­ша филиал жанынан 117 адамнан құралған топ құрылғанын атап өтті. Бұл топ мемлекеттік орган­дармен бірлесіп жұмыс істеп, өңірдегі негізгі үш мәселені анықтаған. Олар – әлімжеттік, зорлық-зомбылық және суи­цид. Өңірде жүргізілген рейд нәтижесінде 8 айда ата-ана ба­қылауынсыз қалған 62 жасөспі­рім бейімдеу орталығына ор­на­­ластырылған. Өкініштісі, об­лыс­та жасөспірімдер ара­сын­дағы қылмыс пен суицид азаймай тұр.

– Жаңа облыс құру бары­сында балалар мәселесімен ай­налысатын мекемелер мен кәсіби мамандардың көбі Шымкентте қалып қойды. Сон­дықтан Түркістан облысында психологиялық және зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды оңалту орталықтарын ашу – ке­зек күттірмейтін іс. Партия фи­лиалы осы бағытта белсенді жұ­мысқа көшеді, – деді Б.Тәжібаев.

Үш күнге жоспарланған са­пар аясында жұмысшы топ Түркістан облысындағы 80-нен астам білім беру, медицина, ювеналды полиция, әлеуметтік қорғау және өзге де мекемелерге кіріп, олардың жұмысымен та­нысады. Атап айтқанда, Түр­кістан, Арыс қалалары мен Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби, Сайрам ау­дан­дарын аралап, жұмыс жүр­гізеді. Сонымен бірге көпба­лалы аналарды тұрғын үймен қам­тамасыз ету, жұмысқа орналас­тыру, балаларға қосымша тегін білім беру жолдары талқыланып, өзге де мәселелер бойынша тұр­ғындардың ұсыныстары тыңдалады.


Әбілмансұр ЖАСАН