Дзюдо бапкері – праймериз үздігі
Дзюдо бапкері – праймериз үздігі
5,183
оқылды
Жалпы, бұл саяси дода елге жаңа есімдерді таныстырды. Аудан, қалаларда қарапайым еңбек адамдары, жастар да көп дауыс жинап, доданың көркін қыздыра түсті. Солардың бірі – Мұхит Асилов 2 540 дауыс жи­нап, Сарыағаш ауданы бойынша 1-орынға шықты. Ол ірі кәсіпкер де, мекеме бас­шысы да емес. Дзюдодан Сары­ағаш ауданының аға жаттық­тыру­шысы. Аудан жаста­рын спортқа баулуды мақсат тұтқан намысты азамат. Бүгінде білікті бапкердің шәкірттері республи­калық, ха­лық­аралық сайыстарда жүлде алып жүр. Өзі 2013 жылдан бері «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі.
– Партияның бұл праймеризі талай азаматқа қанат бітіргені рас. Мен де осы елдің азаматы ретінде бағымды сынауды жөн көрдім. Маған Сарыағаштың өзекті мәселелері таңсық емес. Үгіт-наси­хат кезеңінде бір күнді бос өткізбей, барлық шалғай елді мекенді аралап, елмен кез­дестім. Мектептерді түгел аралап шық­тым. Сайлауалды бағдарла­мам­да бірнеше саланы қамтып, жоспар құрдым. Жастарға, ұстаздарға, мұғалімдерге, жалпы аудан тұр­ғын­дарына жан-жақты қолдау көр­сетуді көтердім. Алдымен Са­ры­ағаш ауданының, өз ауылым­­ның мұң-мұқтажын билік­ке жет­кізіп, бірге шешсем деймін. Екін­шіден, өзімнің негізгі маман­ды­ғым – спортқа ерекше басымдық бермекпін. Сарыағаш ауданында халық өте тығыз орналасқан. Бірақ бірде-бір олимпиадалық спорт мек­тебі жоқ. Бапкерлері­міз­дің, спорт­­шы­­ларымыздың жағ­­­­­да­йын жа­сауға күш саламын, – дейді ол.
Бапкер праймериздің ма­ңыз­ды әрі керек бастама екеніне де тоқталды.
– Бұл бір ерекше саяси қадам болды. «Nur Otan» партиясының бастамасы уақытында қолға алынды дер едім. Егер өз өңірін­де ел сеніміне ие болсаң, жеңе­сің, егер дауыс жинамасаң, еш­кімге ренжи алмайсың. Сары­ағаш жұрт­шылығына, спорттағы әріп­тестеріме, ауылдастарға, маған сенім білдірген жерлес­теріме рақ­мет. Сенімді ақтауға уәде беремін, – деді праймериз үздігі.
 

Әбілмансұр ЖАСАН