Елде – демократия, тұрғын үй кешендерінде – тоталитаризм...
Елде – демократия, тұрғын үй кешендерінде – тоталитаризм...
134
оқылды
Қазақстанда үй шаруашылығын басқарудың жаңа түріне барлық пәтердің қожайындары 2021 жылдың 7 қаңтарына дейін толық көшіп болуы керек. Сондықтан Үкімет әр облыстың, аудан-қаланың әкімдігін асықтырып, екі аяғын бір етікке тығып жатыр. Нәтижесінде, әкімдіктер елді мекендегі қандай көше нақты қай уақытта МИБ-ке  көшетінін бе­кітіп, кесте түзді. Яғни, бастапқыда бұл – үйді және есепшотта жинал­ған ортақ ақшаны басқарудың жаңа бір мүмкіндігі ретінде ұсы­нылса, енді ол тізеге салып жүр­гі­зілетін, жоғарыдан түсірілген кезекті науқанға айналды.  

Қыста ыстық сусыз қаласыз!

Үкіметтің кезекті бастамасы қандай азап-мехнат әкелгенін аза­маттардың шағымынан аңғаруға болады. Алматы тұрғыны Жанар Кембаева ПИК (КСК) орнына МИБ (ОСИ) келгелі үйді ұстап тұруға жұмсалатын «эксплуата­циялық шығындар» көлемі күрт артқанын айтады.
«Бірлестік құрылғалы нағыз проблема басталды. Ол Жетісу ау­данында орналасқан көпқа­батты тұрғын үйімізді ұстап тұ­рудың жаңа сметасын жариялады. Біздің ауданда жергілікті мәслихат үйді лайықты жағдайда ұстап тұру үшін әр шаршы метрге 25-30 теңгеден жиналсын деп бекіткен. Меншік иелерінің бірлестігі болса, 150 тең­геден жиналады деп белгіледі. Сал­­дарынан 66 шаршы метрлік баспана үшін тек МИБ-ке ғана ай сайын 10 мың теңгеден төлеп тұ­ру­ға тура келеді. Үйді жөндеу үшін ақ­ша бө­лек жиналатын көрінеді», – дейді ол. Елорда тұрғыны, сантехник Руслан Манарбай МИБ кесірінен жұ­мыс орнын өзгертуге тура келіп жатқанын жеткізді: «Бұрын КСК кезінде басқарушы компания бірден бірнеше үйге қызмет көрсететін. Жа­лақым 100 мыңнан асатын. Қазір «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» дегенді енгізіп, бір үйдің бірлестігінің шта­тында ғана қалдырды. Айына 50 мың теңгеден артық жалақы төлемейтінін айта­ды. Нұр-Сұлтанда барлығы қымбат, мұндай сомаға отбасың түгіл, өзіңді асырай алмайсың. Сон­дықтан басқа жұмысқа ауысып жатыр­мын», – дейді ол.
Серік Абдуллаев та үйді басқару­шылармен қырқысуға мәжбүр.
«Нысаналы алымды жинап бер­­медің деп үйімдегі ыстық суды ағы­тып тастауы қанша­лықты заңды?! Бұл – масқара. Бір үйдегі тұрғын­дардың әл-ауқаты бірдей емес, біреуі төлесе, екіншісі төлей алмайды. Ай сайын­ғысын төлеп тұрмыз. Жоға­рыдағылар бұларға осындай қатал шарамен жа­залауға құқық беріпті. Ай сайынғы төлеміміздің қайда кетіп жатқанын білмейміз. Содан алуға болмас па? Бірнеше күн болды, суық күнде ыстық сусыз отырмыз» деп ол «репрессияға» назаланды.
Елордалық адвокат Г. Дүйсе­новаға жаңа бірлестіктен қиянат-құқай көр­­­ген адамдар көп жүгінеді екен. Шағым сан алуан дейді: мен­шік иелері бірлес­тігінің төрағасы және үй кеңе­­сінің мүшелері ауыз жаласып, сол тұрғын үйдегі ком­мерциялық мен­шікті жалға алған бизнес­мендерден МИБ үшін демеу­шілік көмек жинай­ды, оның сома­сын және қайда жұм­салғанын ашып айтпайды. Берешегі бар не бірлестік шешіміне қарсы тұрғандарға ком­­муналдық қызмет көрсетуді – жа­рық, су беруді тоқ­татады. Тұрғын үйде болған апат­тармен уақытылы күрес­пейді, содан пәтер қожайын­дары сырттан сан­техник не өзге маман жал­­дап, өз бе­тінше оның сал­­дарын жоюға мәжбүр. Авария қызметінің, жедел жәрдемнің көлік­терін аулаға кіргізбей қояды. Пәтер иелерін жертө­ле, төбе, жылу торабы секілді ортақ мүлікке жо­латпайды, көр­сетпейді.
«МИБ-тер не істесем де өз еркім деп басы­нып барады. Адамдар болса, сотқа береді деп қорқады. Бұрын ПИК-тер құзырымыз жоқ деп, тіпті айыппұл сала алмайтын. Бас­қару­шылар кәсіпкерлерге де қыр­ғидай тиеді. Шенеуніктер шағым­данған азаматтарды сотқа бағыттай салуға жаман үйренді. Түк бітірмесе, ат­қа­рушы билік деген аты қайда?! Осы арқылы ел бюджетіне зор жүк­теме түсіруде: мемлекетке 1 судья­­ны ұстап тұру 1 маманды ұстап тұрудан әлде­­қайда қымбатқа түседі. Өз кезе­гінде, жер­гілікті және орталық ат­қарушы билік ештеңе шешпегесін, халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсе­ді», – дейді адвокат.
 

Бірлестік сотқа сүйрей алады

Зорлық көрген, қиындық кеш­кен қазақстандықтар салаға жауап беретін уәкілетті орган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері коми­тетіне жүгінеді. Комитет сонда не деді? Ведомство төрағасы Мархабат Жайым­бетов Азаматтық кодекстің 189-бабына сілтеме жасай отырып, «меншiк иелері, яғни әрбір қазақ­стандық өзiне тиесiлi мүлiктi күтiп ұс­тау­дың бүкіл ауыртпалығын өзі көтеруі тиістігін» және «бiржақты тәртiппен мұндай ауырт­палықты үшiн­­шi жаққа ауыстыра алмай­тынын» нықтады. Басқаша айтқанда, кезінде МИБ деген осы министр­ліктің баста­масымен енгізілді, қазақ­стан­дықтарға ауыртпалық ар­тылды. Ары қарай ол ауыртпа­лықты қалай көте­реді, бір­лестік басшы­ларымен қалай тіл табысады – ол меморганның ісі емес. Арпалыса ма, соттаса ма, әлде осы күрес ке­зінде тұр­ғынның жүрек талмасы ұстап, жантәсілім ете ме – онда шенеуніктің шаруасы жоқ. Өйткені Азаматтық кодексте оларды қорғай­тын әлгі керемет бап бар. PIK Айтпақшы, ыстық судан айыру, қараңғы үйде қалдыру – МИБ-те­гілер қолданатын қысымның зоры емес екен. ПИК-тен айыр­машылығы сол, меншік иелерінің бірлестігіне заң бойынша соттасу құқығы бері­ліпті. Яғни, олар қарызға батқан тұрғын­дарды «оптом» сотқа беріп, үкімге қол жеткізе алады. Ондай жағ­­­­дайда қан­шама адамның есеп­шоттары және банк карталары тегіс бұғатталады, олар жалақы, зей­нета­қы, жәр­демақы ала алмайды, ше­телге шығу мүмкін­дігінен жаппай айы­рылады.
«Қазақстанның «Тұрғын үй қа­тынастары туралы» заңының 32-ба­­бына сәйкес, пәтерлердің және тұрғын емес үй-жайлардың (ТЕҮ) иелері кон­доминиум объектісін бас­қаруға және оның ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстарды төлеуі тиіс. Бұл шығыстарға кон­доминиум объектісін басқа­руға және ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, ағымдағы жөндеуге және ортақ мүліктің өрт қауіпсіздігін қам­­тамасыз етуге, оны күтіп-ұстау үшін тұты­нылған комму­налдық қыз­мет­терге ақы төлеуге арналған ай сайынғы жарна­лар кіреді. Бұл ретте пә­тер иелері өз жи­налыс­тарында көппә­терлі үйді бас­қарушыға немесе басқа­рушы ком­панияға берешекті өндіріп алу функ­ция­ларын табыс­тайды. Егер пәтер иесі берешегін өте­месе, онда басқа­рушы ол ақша­ны мәжбүрлі түрде өндіріп алуды сұрап не нотариусқа, не сотқа өтініш беруге құқылы!», – деді Құрылыс және ТКШ істері комите­тінің төрағасы.
 

Аудитор шақырта аласыз

Мархабат Жайымбетұлы тұрғын үйді басқару және ұстап тұру шы­ғыстарының сметасын, сол шығыс­тың ай сайынғы көлемін пәтер ие­лерінің жалпы жиыны бекіте ала­ты­нын еске салды. Ол хаттама түрінде рәсімделеді. Содан соң атал­ған шешім тұрғын үйдегі пәтер мен коммер­циялық алаңдар қожайын­дары­ның бәрі үшін міндетті болады. Өкінішке қарай, әр отбасы азық үшін ақша табу қамымен бас қатырған күйзеліс кезеңінде барша пәтер иесін бір күні, бір уа­қытта жинау – тым күрделі шаруа. Сол себепті МИБ басқарушылары тұр­ғын үй қо­жайын­дары арасындағы «доста­рына» сүйе­неді: олар бірін-бір үнемі қол­дайды, белгіленген күні жинала қалып, ба­сым дауыспен шешім қа­был­дайды, бірер «оппо­зиционер» табылса, бет қа­ратпай, үнін шығартпай тастайды. Мұның арты кейде наразы адам­дардың көршілерін аралап, жемсау басын­дағы топқа қарсы «революция» ұйым­дастыруына соқты­рады. Қарап тұрсаңыз, су астындағы иірімдей көзден таса, көңілден тыс қырғын талас, сұрапыл тартыс жүруде. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы­ның өзінде қаншама «темір тұлпар» иесі осы бірлес­тіктермен қыры­лы­суда: бұлар тұрғындардың үй астын­дағы жабық автотұрақта сатып алған орындары үшін 15-20 мың теңге ай сайын төлем талап ететін көрінеді. Заң бойынша автотұрақ орнын ұстап тұруға арналған төлем мөлшерін де жалпы жиында МИБ анықтайды. Біраз адам пәтерімен бірге болашақ көлігі үшін орын сайлап қояды. Алай­да дағдарыс қысып, автомобиль сатып алуы ұзай­ды. Ал оның бос тұрған орны үшін ай сайын үлкен алым төлеуі тиіс. Содан автотұрағын жалға беру туралы хабарламалар жиі кездеседі. Бұдан бөлек, шлаг­баумды көтеретін кілтті алуға қосымша шығында­луыңыз қажет. Сарапшылар Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму ми­нистр­лігінің ТКШ коми­тетіне жүгін­геннен еш пайда жоғына назар аудартады: ведомство негізінен сырғытпа жауап жолдаумен, өзгеге сілтеумен айна­лысады. Дұрысы – жергілікті әкім­діктің тұрғын үй инспекциясына шағымданған жөн. Бұл инспекцияның бұзушылықты түзеу жөніндегі ұйға­рым-шешім­дерін МИБ пен ПИК орын­дауға міндетті.  

Атқа жемді кім салар?

Коронавирус пандемиясына орай кез келген үлкен жиналысты, соның ішінде пәтер иелерінің жиы­нын өткізуге тыйым салынған.
«Біздің ТК-да қандай да бір ше­шім қабылдайық десек, жұрт жинал­майды. Осында көп жылдан бері тұрып келе­­мін, бұған дейін де бірде-бір рет кво­рум болған емес. Амалсыз үйді-үйді аралап, сауалнама ұйым­дасты­рады. Бірақ ол өте көп уақытты алады, ел есігін ашпайды, көп пә­терде қожайы­ны емес, пәтер­шілер тұрады. Оның үстіне, сауалнамамен айна­лысуға ынта мен уақыты та­былатын еріктілер аз. Пандемия өршігелі пәтерлерді аралау қауіпті болып кетті. Әкімдік, ТКШ орталы­ғы, тұрғын үй инспекциясы, Ин­дустрия министр­лігінің ТКШ коми­теті, Цифрлық даму министр­лігінің, МИБ-тің ұйымдары және басқа да қаптаған құрылымдар құрыл­ған. Осы мәселені солардың бірі өз мой­ны­на алса, жақсы болар еді», – дейді елордалық белгілі кәсіпкер Әзізхан Елемесов.
«Сен салар да мен салар, атқа жем­ді кім салар?» дегеннің кері. Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі Бейбіт Атам­құлов қазан айының басында өз блогында ешбір орган пәтер иелері­нің мәселесін шешумен айна­лыс­пай­тынын анық аңғартты. Ол «пәтер және ТЕҮ иелері өз мәселе­лерін жиында өзі шешетіні» туралы билік­тің өзі жазып қойған заң талабын қайталады.
«Республикада карантин шектеу шаралары енгізілгеніне байланысты қазіргі жағдайда тұрғын үй иелері кондоминиум объектісін басқару мәселелерін онлайн режимде тал­қылауы керек. Бұл үшін ZOOM, SKYPE, WhatsApp және басқа да бағдарламалық өнімдерді пайда­лануға болады. Әйтсе де, шешім бекітілуі үшін тұрғын үй заңна­масына сәйкес жазбаша сұрау жүр­гізілуі қажет. Заң бойынша дауыс беру тұрғын үй қатынастары сала­сындағы инфор­­матизация ны­саны – арнайы элек­трон­­ды ақпа­раттық ресурс ар­қылы жүзеге асырылуы тиіс. Дауыс беру кезінде пәтер не ТЕҮ иелері өзі­нің элек­тронды цифрлы қолтаң­басы көме­гімен дауыс береді немесе қағаз про­токолға өзі қол қояды», – дейді ми­­­­нистр.
Онсыз да машақаты көп үдеріс еді, енді тіпті күрделеніп кетті...

АйханАйхан ШӘРІП