Бизнесменнің күні не болмақ?
Бизнесменнің күні не болмақ?
 

45 пайызы банкрот болған ба?

 Елде наурыз айында тым-типыл тыныштық орнады. Қатаң карантинде барлық бизнес түрінің есігі тарс жабылды. Үйге дейін жет­­кізу қызметін есепке алмаған­да, көп кәсіп тұралап қалды. Тіпті, тамақты үйге апарып беру сервисі бұрынғыдан бетер дамыса да, жал­ға алған орын, жұмыссыз қалған қызметкер, өзге де шығындар пай­да­­ның астында қалуға мүмкін­дік бере қоймады. Мамырда жағ­дай сәл-пәл өзгеріп, жазғы алаң­қай­ларда жұмыс істеуге рұқсат етілді. Дегенмен кафе-мейрамха­налардың бәрінде бірдей алаңқай жоқ екенін ескерсек, кейбірі әлі күнге дейін «кеудесін көтере ал­май» жатыр.
 Рестораторлар клубы қауым­дастығының президенті Гүлнар Қатибаева шығынды шамамен есептеп берді. Оның айтуынша, каран­тинге дейін кафе, мейрам­хана, бар, караоке, бильярд, ки­нотеатр мен ойын-сауық ор­талық­тары жа­нындағы фудкорт­тар­дың ұзын саны 16 мыңға жуық бо­лыпты. Әрқайсы­сында кемі 50 жұмыс орны бар деп алса, рес­­публика бойынша 800 мың­дай қызметкер жалақы алып, еңбек еткен. «Бүгінде біз ка­раоке­лердің қанша шығынға бат­қанын есептеп шықтық. Нау­рызда жабылғалы бері 20 млрд теңгеден астам екен. Кинотеатр­лар жанындағы фуд­корттағы шығын – 7 млрд теңгеге жуық. Түнгі клуб, тойхана, би­льярд ой­найтын жерлер нақты соманы әлі атамады. Бірақ ол жер­лерде ондаған миллиард шы­ғын бары анық», – дейді Қатибаева.
Қауымдастық карантиннен кейін аяққа тұрып, ісін жалғас­тырып жатқандардың үлесі 55 па­йыз деген дерек келтіріп отыр. Яғ­ни, қалған 45 пайызы бүгінде та­быссыз қалған. Әлеу­меттік же­лі­де жүргізілген монито­ринг бо­йын­ша, бір ғана Алматыда 6 мыңға жуық нысан жабылған. Дегенмен Мемлекеттік кірістер департамен­тінде ресми тіркеуде бары  3,5 мың ғана. Олардың да 40 па­йызы ісін тоқтатқаны белгілі бо­лып отыр.  

Мегаполис кәсіпкерлерінің күні қараң

Гүлнар Қатибаеваның сөзіне сүйен­сек, орынды жалға алғандарға тіпті ауыр тиген. Өйткені ол ақыдан бөлек, ком­муналдық төлем, қызметкерлерге төленуі тиіс қаражат қосылады. Ол аз десеңіз, ашылып, жұмыс істеп жатса да, санита­рия талаптарын сақтамады деп айыппұл­ға ілінгендер де аз емес. «Мәсе­лен, Ал­ма­ты қаласы Бостандық ауданын­дағы бір кішкентай кофехана 500 мың теңгедей айыппұл төлеген. Ондай мысал­дар жетіп артылады», – дейді қауым­дастық бас­­шысы.
Орынды жалға алу мегаполистерде өте қымбат. Сонымен қатар Алматы, Шымкент қалаларында коронавирус жұқтырғандар саны да жоғары. Кәсібін жүргізу үшін жеткізу қызметін қолға алып, оған да бейімделуге тырысты. Дегенмен карантинге дейінгідей күн қайда? Табыстың бұрынғыдай болмай­тыны белгілі. Жалға берушілер жұмыс жүрмей жатыр деп ақыны алмай қой­майды. Өйткені олар үшін бұл – бизнес.
Қатал карантиннен кейін жұмысын жалғастырғандардың да жағдайы «бес» емес екен. Олай дейтін себебіміз, қызмет­шілер азайып, жүктеме көбейген. Қати­бае­ва мысал ретінде сырахана желі­сін келтірді. «Сырахана жұмысына кіріс­кен соң, қызметкерлерінің 30 пайы­зы ғана оралған. Өйткені көпшілігі басқа жұмыс тауып алған. Әсіресе, техқызмет­керлер тапшы. Бұрын ыдыс жуу, тазалау сияқты жұмыстарды Өзбекстан, Тәжік­стан, Қыр­­ғыз елінен келгендер атқара­тын. Олар карантиннің алдында еліне қайтып кеткен. Қазір Қазақстанға келе алмай, үйінде. Ал жергілікті халық болса, бұл қызмет түрлеріне деген сұраныстың жоға­­ры екенін біліп, бағасын өсіріп жіберген. Айталық, ыдыс жуушы бұрын 5 мың теңге алса, қазір – 7-8 мың теңге шамасында. Үш-төрт адам істейтін жұ­мысты 1-2 адам атқарып жатыр. Жүктеме көбейді дегеніміз – осы», – дейді ол.
 

Кәсібі тоқтап, қарызға батқан Елена

«Үш жыл жұмыс істеп келген кафемізді жабуымызға тура келді. Бірінші карантинді енгізгенде қызметкерлер жала­қысы мен кей қарыздарымды жап­тым. Бірақ мұздатқышта азық-түлік қалған соң, сақтап қалу үшін жарықты қосулы қалдырдық. Нәтижесінде, қарызымыз 120 мың теңге болды. Былай қарасаңыз, аса көп сома емес. Соның өзін төлеуге шамамыз келмеді. Бір айда қайтарамын деп жарықты өшірмеуін сұрағаныммен, ешкім тыңдамады. Жа­­рық­­сыз қалып, мұздатқыштағы азық-тү­­лік те бұзылды. Коммуналдық төлемге де, салық бойынша да шегерім жасал­мады. Хат жаздым, сұрадым, уәде бер­гені­мен еш нәтиже болмады. Содан мүлкімді сатып, кафені жаптым. Соның өзінде қарызым біткен жоқ. Мемлекет еш көмектеспеді. 15 адам жұмыссыз қал­ды», – дейді Алматыдағы «Центр» кафесінің иесі Елена Юферова.
Енді кәсіпкер мемлекеттен көмек сұрап отыр. Бірақ қарызын төлеп, шығы­нын өтеуді талап етпейді. Бар болғаны шегерім жасалса дейді. «Әу баста шегерім жасалады дегенде, қарыздарымыздан біртіндеп құтыламыз деп ойладық. Бірақ бәрі басқаша болып шықты. Қарыз болғандықтан, газ, су, жарықты өшірді. Салық жүктемесі тіпті күрделі – 23 пайыз. Қазір кәсіпкерлерге кредит бері­­леді деп жатыр. Ал несиені алдық делік, оны қалай қайтарамыз? Алуын алып алып, өсімпұлы бар, мерзімінен кешікті­­ру мен соттасу сияқты мәселелер алдан шығады. Жағдайымызды түсінгісі келген ешкім жоқ» деп қапаланып отыр кәсіп­кер.
«Банкротқа ұшырағандар ісін тоқтат­­қанымен, мойнындағы жауапкершілік сол күйі қалды. Кейбірі мейрамханадан стрит-фуд бағытына ауысып жатыр. Енді бірі жиһаздарын сатып тастаған. Бұл саланы аман сақтап қалу үшін бөлек орган қажет. Мемлекет емес, бизнес­мендер құруы керек. Дағдарыс жағдайы­нан алып шығатындай алгоритм жасалуы тиіс. Біз ұсынысымызды айттық. Яғни, субсидия беріп, салық жүктемесін кемі бір жылға жеңілдетсе жөн болады. Егер мейрамхана саласының мәселесін шешпесе, жұмыссыз қалғандар көбейеді. Болдырмау үшін айтқанымдай, орган қажет. Тамыр-таныс арқылы субсидия беретін емес, нақты қажеттілік бойынша жұмыс істейтін болуы керек. Мысалы, карантиннің алдында іске кіріскен стар­таптар бар. Пандемияға дейін 15 миллион теңгелеп табыс тапқан. Міне, сондай жастарды қолдауға болады», – дейді ресто­раторлар клубының негізін қалау­шы Ирина Лебедева.
Мамандардың пікірінше, мейрам­хана саласының қайтадан аяққа тұруына кемінде 3 жыл керек екен. Қазір жансақ­тау бөлімінде жатқан науқастың күйін кешіп жатқан саланың ел үшін маңызы жоғары. Оларға түскен әр тиын салық боп қайтады. Карантиннің көп кәсіпті көлеңкеден жарыққа шығаруға септігі тиіп жатыр. Әйтсе де, пайдасынан зияны әлдеқайда көп. Бұған кәсіпкерлердің шамасы жетпей жатыр. Мемлекеттен қолдау күтуі заңды. Әлі күнге дейін ашылмаған орындардың жайы – бір бөлек. Табыс түспегені аздай, қарыз көбейіп жатыр. Енді не болады? Кім демеп жібереді? Белгісіз.  

Жадыра АҚҚАЙЫР