Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қайтсек жеңеміз?
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қайтсек жеңеміз?
201
оқылды
­­­Еліміздегі ішкі істер органдары отба­сылық құқықбұзушылыққа 2017 жылдың соңынан мықтап көңіл аудара бастапты. Интернетте және әлеуметтік желілерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ақпараттар легінің кө­бейіп бара жатқанына байланысты оның қаншалықты объективті екенін бағалау мақ­сатымен статистикаға талдау жүргізген. Нәти­­жесінде, тек қана тұрмыстағы емес, жалпы зорлық-зом­былыққа қатысты істерді бөлек жүргізу керек деген шешімге келіпті. 2018 жылдан бастап Бас прокуратурамен бірігіп, мұндағы жұмыс әдісін өзгертіп, ведомстволық қадағалауды күшейткен. Осылайша, 2018 жылдың қорытындысында ескі тәртіппен 739 тұрмыстық қылмыс тіркелген болса, оны түзете келе есепке алғанда 180 дерекке көбейіп, 919 оқиға болған. 2019 жылы мұндай құқықбұ­­зушылықтар 14 пайызға көбейіп, 1 052 деректі құраған. «Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш был­тырғы 758 оқиғамен салыстырғанда кіші­гірім 0,4 пайыз ғана өсім көрсетіп, 761 дерекке жетті. Оның тең жартысынан ас­тамы, 393 оқиға мас күйде жасалған болса, 82 пайызын жұмыс­­­сыздар жасаған. Жәбір көргендер саны – 619 адам. Тұр­мыстық зорлық-зомбылықтан көп ретте әйел адамдар жәбір көреді екен. Яғни, 54 пайы­зы – 337 адам, 6 пайызы – 34-і кәмелеттік жасқа толмағандар, 40 пайызы – ер адамдар. Яғни, жақындарының қолынан таяқ жегендердің арасында әкелер мен бауырлар да бар. Жалпы, жыл басынан бері тұрмыстық құқықбұзушылықтар үшін 19 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тар­тылып, 61,7 мыңнан астам қорғау нұсқамасы берілді. 7,8 мың құқықбұзушыға тәртібіне ерекше талаптар белгіленген болса, соның ішінде 5,4 мың адамға алко­гольді ішімдік ішуге және есірткі заттарын қолдануға тыйым салынды», – дейді ІІМ Әкім­шілік полиция комитетінің төрағасы Мұ­­­рат Баймұқашев. Министрлік өкілі биылғы аз ғана өсімді карантин режимімен байланыстырады. Өйткені оқшауланып үйде отырғаннан көп адамның жүйкесі сыр берсе керек. Бұл тенденцияға БҰҰ-ның сарапшылары да назар аударған. Өйткені әлемде де ахуал – осы. Пандемияға сәйкес ІІМ есепте тұрған жанжал шығарушы азаматтарды қадағалау үшін әлеуметтік мессенджерлер арқылы жаңадан видеоқоңырау әдісін енгізіпті. Уақытша оңалту үшін аймақтардағы әкім­­діктердің күшімен қонақүйлер қорынан 200-ден астам орын дайындалған. Үкіметтік емес сек­­тормен де әріптестікті нығайтып, 38 дағ­­дарыс орта­­­­лығымен байланыс орнатқан. Жыл басы­нан бері сонда 8,6 мыңға жуық адамды жіберген екен. «2008 жылдан бері заңды жетілдіру бойынша жұмыстарды кешенді түрде үздіксіз жүргізіп келеміз. Мәселен, қорғау нұсқамасының уақы­тын 10 тәуліктен 30 тәулікке дейін ұзарттық. Яғни, зәбір көр­сетушіні есепке аламыз да, зардап шегушіге және оның кейбір отбасы мүшелеріне жақындамауын қадағалап, жеті күн сайын хабарласып тұрамыз. Мұны бұзған жағ­дайда ескерту беріледі немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Соңғы өзгеріске сәйкес, қорғау нұсқамасын поли­ция органдары басшыларымен қатар учаскелік, кәмелетке толмағандар ісі жө­нін­дегі және әйелдерді зорлық-зомбы­лықтан қорғау инспекторлары шығара алады. Сот шешімімен жанжал шығару­шыны басқа үйі болатын болса, 30 тәулікке дейін бөлек көшіру мүмкіндігі енгізіліп, 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге алкогольді ішімдік ішуге және есірткі қолдануға тыйым салын­ды», – дейді Мұрат Қали­бекұлы. Мемлекет басшысының былтырғы қыр­күйек айындағы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын жүзеге асыру мақсатында тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қатысты жауапкершілік кү­шейтіл­ді. Қыл­мыстық ко­декстің 110-бабы «Қинау»  жеке айыптау ісінен жеке-көп­ші­ліктік айыптау ісіне ауыстырылды. Бұл полиция қызметкеріне отбасылық «ти­ран­ның» кінәсіне дәлел жинау құзы­ретін берді. Бұрын мұнымен зәбір көру­шінің өзі айна­лысатын. Сол сияқты осы бап­тың 2-бө­­­ліміндегі бас бостандығынан айыру мер­­­зімінің ең төменгі уақыты 3 жылдан 4 жыл­­­ға көбейтілді. От­басылық бюджетке салмақ түсетіндіктен, бұған дейінгі айыппұл салу ша­расы, ескерту беру немесе қамауға алу ша­расымен ал­мас­тырылды. Бұрын әкім­шілік өндірістің кез келген кезеңінде тату­­ласуға болатын болса, қазір тек медиа­ция­дан өткен соң ғана сотта тату­ласуға болады. «Атқарылып жатқан жұмыстардың ауқы­­­мына қарамастан, полицияның тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың салдарын бір-ақ біліп жататын кездері аз емес екенін мойындау керек. Бұл тек жазаны қатаң­датумен ғана отбасындағы күш көрсе­ту­шіліктің алдын алуға болмайтынын біл­діреді. Сондықтан да мұндағы жұмыс­тарды құқықбұзушыларға қарсы реп­рессивті сипаттан әлеуметтік, оңалту және психо­коррекциялық бағытқа ауыстырудың уа­қыты келген сияқты деп ойлаймын. Қазір белгілі бір қадам жасалып жатыр. Мәжі­лістің қарауында осындай заң жобасы бар. Ол қабылданған жағдайда тұрмыс­тық зорлық-зомбылық профи­­­лакти­­касына қатысты субъектілердің өкілеттіктері, міндеттері мен жауапкершіліктері бөлініп, ведомст­воаралық өзара іс-қимыл күшейе түспек. Қо­ғамдық қадағалауды енгізу де ойлас­­тырылып отыр», – дейді полиция полковнигі. Осы ретте, келесідей проблемаларды атап өтуге болады. Мәселен, бүгінде қорғау нұс­қамасы тек жәбір көрушінің келісімімен ғана беріледі. Бұл дұрыс емес. Ол «агрес­сордың» ық­палынан толық шыға алмай­тынын ескеріп, нұсқаманы полиция қыз­меткерінің өзі беруі тиіс. Сондай-ақ әкімшілік материалдардың 60 пайыздан астамы тараптардың татуласымен байла­нысты тоқтап қалып жатады. Бірақ «татуласу» дегені шартты түрде ғана, зорлық-зомбылық проблемасы сол күйі шешілмей қалады. Сол себептен жанжал шығарған адамды аз уақытқа, мәселен 10 тәулікке үйінен бөлек жібере тұрған дұрыс. Бұл оның ашуын басып, болған жайды таразылауға мүмкіндік берер еді. Осы секілді ауылдық жерлерде әйелдерге арнал­ған дағдарыс орталығының жоқтығы, мас­күнемдікпен, жұмыссыздықпен күрес сынды проблемалар да өз кезегін күтіп тұр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тоқтамауы тиіс.  

Нұрлан ҚОСАЙ