Еліміздегі ішкі істер органдары отбасылық құқықбұзушылыққа 2017 жылдың соңынан мықтап көңіл аудара бастапты. Интернетте және әлеуметтік желілерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ақпараттар легінің көбейіп бара жатқанына байланысты оның қаншалықты объективті екенін бағалау мақсатымен статистикаға талдау жүргізген. Нәтижесінде, тек қана тұрмыстағы емес, жалпы зорлық-зомбылыққа қатысты істерді бөлек жүргізу керек деген шешімге келіпті. 2018 жылдан бастап Бас прокуратурамен бірігіп, мұндағы жұмыс әдісін өзгертіп, ведомстволық қадағалауды күшейткен. Осылайша, 2018 жылдың қорытындысында ескі тәртіппен 739 тұрмыстық қылмыс тіркелген болса, оны түзете келе есепке алғанда 180 дерекке көбейіп, 919 оқиға болған. 2019 жылы мұндай құқықбұзушылықтар 14 пайызға көбейіп, 1 052 деректі құраған. «Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш былтырғы 758 оқиғамен салыстырғанда кішігірім 0,4 пайыз ғана өсім көрсетіп, 761 дерекке жетті. Оның тең жартысынан астамы, 393 оқиға мас күйде жасалған болса, 82 пайызын жұмыссыздар жасаған. Жәбір көргендер саны – 619 адам. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көп ретте әйел адамдар жәбір көреді екен. Яғни, 54 пайызы – 337 адам, 6 пайызы – 34-і кәмелеттік жасқа толмағандар, 40 пайызы – ер адамдар. Яғни, жақындарының қолынан таяқ жегендердің арасында әкелер мен бауырлар да бар. Жалпы, жыл басынан бері тұрмыстық құқықбұзушылықтар үшін 19 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 61,7 мыңнан астам қорғау нұсқамасы берілді. 7,8 мың құқықбұзушыға тәртібіне ерекше талаптар белгіленген болса, соның ішінде 5,4 мың адамға алкогольді ішімдік ішуге және есірткі заттарын қолдануға тыйым салынды», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев. Министрлік өкілі биылғы аз ғана өсімді карантин режимімен байланыстырады. Өйткені оқшауланып үйде отырғаннан көп адамның жүйкесі сыр берсе керек. Бұл тенденцияға БҰҰ-ның сарапшылары да назар аударған. Өйткені әлемде де ахуал – осы. Пандемияға сәйкес ІІМ есепте тұрған жанжал шығарушы азаматтарды қадағалау үшін әлеуметтік мессенджерлер арқылы жаңадан видеоқоңырау әдісін енгізіпті. Уақытша оңалту үшін аймақтардағы әкімдіктердің күшімен қонақүйлер қорынан 200-ден астам орын дайындалған. Үкіметтік емес сектормен де әріптестікті нығайтып, 38 дағдарыс орталығымен байланыс орнатқан. Жыл басынан бері сонда 8,6 мыңға жуық адамды жіберген екен. «2008 жылдан бері заңды жетілдіру бойынша жұмыстарды кешенді түрде үздіксіз жүргізіп келеміз. Мәселен, қорғау нұсқамасының уақытын 10 тәуліктен 30 тәулікке дейін ұзарттық. Яғни, зәбір көрсетушіні есепке аламыз да, зардап шегушіге және оның кейбір отбасы мүшелеріне жақындамауын қадағалап, жеті күн сайын хабарласып тұрамыз. Мұны бұзған жағдайда ескерту беріледі немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Соңғы өзгеріске сәйкес, қорғау нұсқамасын полиция органдары басшыларымен қатар учаскелік, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлары шығара алады. Сот шешімімен жанжал шығарушыны басқа үйі болатын болса, 30 тәулікке дейін бөлек көшіру мүмкіндігі енгізіліп, 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге алкогольді ішімдік ішуге және есірткі қолдануға тыйым салынды», – дейді Мұрат Қалибекұлы. Мемлекет басшысының былтырғы қыркүйек айындағы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын жүзеге асыру мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтілді. Қылмыстық кодекстің 110-бабы «Қинау» жеке айыптау ісінен жеке-көпшіліктік айыптау ісіне ауыстырылды. Бұл полиция қызметкеріне отбасылық «тиранның» кінәсіне дәлел жинау құзыретін берді. Бұрын мұнымен зәбір көрушінің өзі айналысатын. Сол сияқты осы баптың 2-бөліміндегі бас бостандығынан айыру мерзімінің ең төменгі уақыты 3 жылдан 4 жылға көбейтілді. Отбасылық бюджетке салмақ түсетіндіктен, бұған дейінгі айыппұл салу шарасы, ескерту беру немесе қамауға алу шарасымен алмастырылды. Бұрын әкімшілік өндірістің кез келген кезеңінде татуласуға болатын болса, қазір тек медиациядан өткен соң ғана сотта татуласуға болады. «Атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымына қарамастан, полицияның тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарын бір-ақ біліп жататын кездері аз емес екенін мойындау керек. Бұл тек жазаны қатаңдатумен ғана отбасындағы күш көрсетушіліктің алдын алуға болмайтынын білдіреді. Сондықтан да мұндағы жұмыстарды құқықбұзушыларға қарсы репрессивті сипаттан әлеуметтік, оңалту және психокоррекциялық бағытқа ауыстырудың уақыты келген сияқты деп ойлаймын. Қазір белгілі бір қадам жасалып жатыр. Мәжілістің қарауында осындай заң жобасы бар. Ол қабылданған жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына қатысты субъектілердің өкілеттіктері, міндеттері мен жауапкершіліктері бөлініп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейе түспек. Қоғамдық қадағалауды енгізу де ойластырылып отыр», – дейді полиция полковнигі. Осы ретте, келесідей проблемаларды атап өтуге болады. Мәселен, бүгінде қорғау нұсқамасы тек жәбір көрушінің келісімімен ғана беріледі. Бұл дұрыс емес. Ол «агрессордың» ықпалынан толық шыға алмайтынын ескеріп, нұсқаманы полиция қызметкерінің өзі беруі тиіс. Сондай-ақ әкімшілік материалдардың 60 пайыздан астамы тараптардың татуласымен байланысты тоқтап қалып жатады. Бірақ «татуласу» дегені шартты түрде ғана, зорлық-зомбылық проблемасы сол күйі шешілмей қалады. Сол себептен жанжал шығарған адамды аз уақытқа, мәселен 10 тәулікке үйінен бөлек жібере тұрған дұрыс. Бұл оның ашуын басып, болған жайды таразылауға мүмкіндік берер еді. Осы секілді ауылдық жерлерде әйелдерге арналған дағдарыс орталығының жоқтығы, маскүнемдікпен, жұмыссыздықпен күрес сынды проблемалар да өз кезегін күтіп тұр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тоқтамауы тиіс.
Нұрлан ҚОСАЙ