Вагонда дүниеге келген Көзайым
Вагонда дүниеге келген Көзайым
184
оқылды

Алматы қаласындағы №12 емхананың дәрігері, Nur Otan партиясының мүшесі Индира Қалқабаева «Жезқазған – Алматы» арасында қатынайтын пойызда орын алған қызықты оқиғасымен бөлісті. Ол әңгіме барысында түс мезгілінде күпеге жолсерік жүгіріп кіріп келгенін, оның «жолаушылардың ішінде медбике немесе дәрігер бар ма?» деп сұрау салғанын айтты. Көрші вагондағы аяғы ауыр әйелдің халі нашарлап, шұғыл дәрігерлік көмек керек болғанын естіген Индира көмек қолын созуға барады. Аяғы ауыр әйелдің жанына келіп, аты-жөні мен жүктілік мерзімін, бір сөзбен айтқанда, дәрігер-гинекологтар білуге тиіс мәліметтердің барлығын сұрап алғаннан кейін іске көшеді.

– Алғашқыда біраз қобал­жы­дым. Бірақ бірден есімді жиып алып, толғақтың жиілік уақытын санай бастадым. Толғақтың жиілей түскенін байқағаннан кейін арқасын уқалап, терезені ашып, боса­на­тын әйелге жайлы жағдай жасау үшін қолымнан келгенін істеуге тырыстым. Жолсеріктен таза жайма, сүлгі, спирт, дәрі қоб­дишасы сияқты керектің бә­рін сұрап алдым, – дейді Индира.

Ол дәрігер болса да, әйел­дер­ді қалай босандыратынын өмірінде бір-ақ рет көргенін айтты.

– Жолсеріктен сұрағанымда, ең жақын теміржол бекеті Ша­мал­ған екенін, оған әлі 35 ми­нут­тай барын білдім. Толғағы қысқан келіншектің стансаға жетпей, пойызда босанатыны белгілі болды. Сол себепті қо­лым­нан келгенінше көмек көрсеттім, – дейді кейіпкеріміз.

Индира дүниеге келген перзентті «Қазақстан теміржо­лы» деген жазуы бар жаймаға ораған. Пышақты ыстық суға сал­ған соң, жаңа туған сәбидің кін­дігін кесіп, шешесінің кеу­де­сіне жатқызады. Шамал­ған­да оларды жедел жәрдем күтіп алады. Содан соң босанған ана мен нәрсете перзентханаға жө­нел­тіледі. Ал оларды ажалдан аман алып қалған әйел отбасы­мен ары қарай Алматыға жол жүріп кете барады.

– Вагоныма жеткенге дейін халық қол шапалақтаумен болды. Менің қолым дірілдеп, біраз уақытқа дейін қобалжумен болдым. Құдайға шүкір, бәрі де жақ­сы аяқталды. Дүниеге кел­ген қыздың атын Көзайым қо­йып­ты. Қазір олар Ақтауда тұра­­­ды. Хат жазысып тұрамыз. Олар маған фотосуреттерін де жібер­ді. Жолым болып, оқиға­ның сәтті аяқталғанына әлі күнге дейін қуанамын. Бұл оқиғадан кейін дәрігерліктің тек тәжірибе мен ой жұмысы ғана емес, адамдарға бақыт сыйлаудың мол мүмкіндігі еке­нін түсіндім, – дейді Индира Қалқабаева.

 

Әбілмансұр ЖАСАН