Көпбалалы мүгедек ана интернет алаяқтарға алданды
Көпбалалы мүгедек ана интернет алаяқтарға алданды
128
оқылды

Мүгедек әйел әрі бес баланың анасы телефон ұтысына қатысамын деп 69 мың теңгесінен айырылып қалды.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшыларының көмегіне Петропавлдағы Береке ықшамауданының 41 жастағы тұрғыны жүгінген. Ол интернет алаяқтарға жем болған.

Бес баланың анасы интернеттен IPhone ойнататыны туралы хабарландыруды оқып, бағын сынамақ болады. Ол ұтыс жеңімпаздарының қатарында бар екені хабарлама алғаннан кейін сыйлықты күтеді. Ұйымдастырушылармен хат алмасып, олардан құлағының мүкістігіне байланысты кез келген жаңалықты жазбаша хабарлауды өтінеді. Алайда оның көпбалалы ана екені де, мүгедектігі де алаяқтарға тоқтау салмаған.

Бірер күннен кейін «ұйымдастырушылар» хабарласып, шекарадағы жағдайға байланысты пошта шығындарын өтеу қажеттігін жазады. Олар талап еткен соманы жібергеннен кейін де, алаяқтар әйелді тағы да екі рет ақша аударуға итермелеген. Осылайша, аударылған ақшаның жалпы сомасы – 69 мың теңге. Оның күдігін сейілту үшін алаяқтар курьер жолда келе жатыр деп жалған бейне және фото жіберген. Соның ішінде ұшақтағы жолаушылардың фотолары да бар. Қазіргі уақытта аталған факті «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.