Аударма неге ақсап тұр?
Аударма неге ақсап тұр?
377
оқылды
Халықаралық әдеби агент Бахтыгүл Маханбетова елімізде көркем аударма ісі бойынша институт жоқ дегенді алға тар­тады, «Біздің елде  көркем аударма ісі бойынша институттың жоқтығы егемендік жылдарындағы мемлекеттік қолдаумен ау­дарылған туындылардың сапасына тікелей әсер етіп отыр. Сапалы аудармаға әлі қол жеткізіп отырмыз деп айта алмаймын. Қа­зақ тілінен тікелей аудару, еш транзит тіл­сіз аудару – басты назарда болатын прин­цип. Қазақ әдебиеті аударма ісі ин­ституты аясында, жас қаламгерлерден ар­найы бәйге арқылы іріктеп, 1/2 жылдық ау­дармашылар курстарын, әдеби шыңдалу кур­старын ұйымдастыру керек. Еліміздегі және шетелдік танымал қаламгерлердің шеберлік сағаттарына, әдеби мектептеріне жастарды тарту қажет. Мемлекет осындай жобаларға арнайы грант, стипендиялар қарастыруы керек деп ойлаймын. Түрлі әдеби байқаулар елімізде бар, бірақ шын дарынды анықтау ісі әділ жүруде деп ой­ламаймын», – дейді. Оның ойынша, мықты рецензенттер, сыншылар мектебін жаңаша қалыптастыратын уақыт жеткен секілді. Алайда аудармашылар мектебі жеке инициативалар негізінде қалыптасып келеді. «Әлемдік бестселлер шығармаларды қазақ тіліне аударып ұсынып жатқан Райса Қадер Сайран, Шыңғыс Мұқан, Досым Сәтпаев бастаған азаматтардың жобалары аясында қазақ тәржімашылары төселіп келеді деуге болар», – дейді әдеби агент. Одан бөлек, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры қолға алған «100 оқулық» жобасы бар. Әрине, олар көбіне көркем аудармамен емес, оқулықтар ау­дарумен  шұғылданып отыр.  Бахтыгүл Ма­ханбетова қаламгерлердің өз қаржысын салып, аудартып, шетел баспаларынан кітап шығару үрдісін қалыптастырып жат­қанын айтады.  «ПЕН клубтың баста­масымен біраз кітаптар шет тілдерге ау­дарылуда. Британдық баспагер Марат Ахмеджановтың қазақ қаламгерлерін еу­ро­палық аудиторияға таныстыруы  оған жақсы қаржылық түсім әкелгенімен, біз­дің авторлар әлі пайдасын көре қойған жоқ. Оған қаламгерлердің нарықтан ал­шақ болуы, заңды құқықтарын білмеуі, уа­қыттан артта қалуы себеп болып отыр.  Кітабы басқа елде басылып шыққанын қанағат еткен шүкіршілік. Қазақ тілінен неміс тіліне көркем шығарманы аударуда жақсы мектеп қалыптастырып отырған жанның бірі –Шолпан Қызайбаева. Ол  – Гете институтының қызметкері. Бірнеше тілді меңгерген, жап-жақсы тәжірибе қалыптастырып келе жатқан жекелеген жастар бар. Қазақ әдебиеті ау­дарма ісі институты ашылса, әлеуеті мық­ты мамандар жетерлік», – дейді әдеби агент. Ал «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығының жетекші ғы­лыми қызметкері, филология ғы­лым­­дарының кандидаты Нұрсәуле Рсалиева­ның айтуынша, өзге елдерде де көркем аударманың мәселесі толық шешімін тапқан  жоқ. Тілден-тілге аудару барысында  кейбір құндылықтарды жоғалтып алады. «Біріншіден, аудармада түпнұсқа тілі толығымен физикалық тұрғыдан жоғалады, яғни оның физикалық тұрпатынан ештеңе қалмайды. Есімдер мағыналарын жоғалтады, көптеген сти­лис­тикалық тәсіл жоғалады, ұлттың құн­дылықтары да басқа тілге сол қалпында өте алмайды. Бұл – жақсы аудармалардың сипаты. Ал ортаңқол немесе одан да төмен дәрежедегі   еңбектер туралы әңгіме тіпті басқа, оны айтудың өзі ұят», – дейді ғалым. Аударма саласында мұндай кедергілер барын өзге мемлекеттер де жақсы біледі.   Сол үшін француздар өз әдебиетін бас­қа тілдерге аударуға асықпайды екен. «Скандинавия елдерінде әдебиетінің басым бөлігі басқа тілдерден аударылады екен. Ал француздарда өздерінің консерватив мінездерімен бұл көрсеткіш небәрі 30 пайызға ғана жетеді. Ағылшындарда тілге қатысты мынадай бір әзіл бар: «Ағылшын тілі бизнес үшін, француз тілі әңгіме-дүкен құру үшін, испан және италиян тілі романс үшін, орыс тілі солдатқа пәрмен, команда беру үшін, неміс тілі итіңді шақыру үшін» дейтін. Әр тілдің шын мәнінде қолдануға жақсы жері бар екені рас, егер қазақ тілінің өз шабытын көсіле сермейтін жері – көркем проза мен поэзия десек, оған таласатындар табыла қоймас деген ойдамын. Бұл жердегі айтпағымыз – сол шебер жазылған туындыларымызды аударма арқылы көрсете алмай жатқан жайымыз бар», – дейді Нұрсәуле Рсалиева. Аударма саласының тағы бір кемшілігі бар. Аудармашылардың дені ақпарат пен көркем аударманы ажырата алмайды.  «Ақпаратты тілді меңгерген кез келген адам аудара алуы мүмкін. Бірақ оның көркем аудармаға тісі бата бермейді.  Неге? Себебі бүгінгі қазақ жастары ақпарат тілін ғана түсінеді де, одан әріге тереңдей алмайды. Ендігі тығырықтан шығатын жол – қазақ тілі мен әдебиетін және журналистиканы таңдаған, яғни жүрек қалауымен сөз өнерін таңдаған жастарды аудармаға баулу. Оларға әлемнің жетекші тілдерін және көркем аударманың техникасын үйретіп шығаруымыз керек», – дейді ғалым. Техниканы үйрену бір бөлек те, көр­кем аударманы жеткілікті деңгейде аудару мәселесі – бір бөлек. Көркемдік деңгейін сақтай  отырып, аударма жасаған дұрыс. Мәселен, бүгінге дейін әлем әде­биетін көбіне орыс тілінен қазақ тіліне тәр­жімаладық. Түпнұсқадан аударылмаған соң, оның бояуы қанық шықпауы мүмкін. Әрі әр аудармашы оны өз деңгейінде жеткізе бермейді. Түпнұсқаның орыс тіліне қаншалықты жоғары деңгейде ау­дарылғанын да толық біле бермейміз. Сол себепті де кез келген көркем дүние­ні  түпнұсқадан аударған дұрыс секілді. Ал оған тілді жетік білетін маман табыл­ғанымен, оның аудармашылық дарыны мық­ты болмауы мүмкін. «Осыны қолға алмасақ болмайды. Ең қымбат ұлттық қазынамызды кім бол­са соған сеніп тапсыра алмаймыз. Көр­­кем аудармамызды өзгелер аударып, «не жасап» бергенін тарихтан жақсы білеміз.  Оның салдарын бүгінге дейін жоя алмай келеміз. Нені меңзеп отырғанымды оқырмандар жақсы біледі. Мәселен,  Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын алайық. Біз оны өз деңгейінде аудара алдық па?», – дейді Нұрсәуле Рсалиева. Ғалымның пікірінің жаны бар. Тіл­ді меңгергендер жетерлік. Бірақ тіл біле­тіннің көбінің көркем аудармаға тісі бата бермейді. Сол себепті  Бақтыгүл Маханбетова айтқандай, аударма ісін реттейтін институт қажет. Оны қазір қол­­ға алмасақ, рухани дүниені аударуда «қателік­терге» жол беріп аламыз. Осыны бүгіннен ескерген жөн шығар.  

Гүлзина  БЕКТАС