Шексіз кеңістіктегі Димаш
Шексіз кеңістіктегі Димаш
173
оқылды

Димаш көрерменін таң­­­дандыра біледі. Бұ­ған жаз­да Нұр-Сұл­тан қа­ла­сын­да өткен концер­тін­де көзіміз жетті. Әр әнді ерек­ше талғаммен таңдап, қо­йылыммен әрлегені кө­рер­­менге ұнады. Енді ол 10 жел­­­­тоқсанда Нью-Йорк­те Arnau tour ENVOY атты жеке кон­цертін береді. Күт­­кені­міз­дей, әншінің дайын­даған тосынсыйы бар.

Arnau tour ENVOY тұжырым­дамасына елордада өткен Arnau концерттік бағдарламасының үз­дік сәттері енді. Астанадағы кон­церт әншінің елге деген ықы­ласын білдірсе, жаңа шоу оны қазақ мәдениеті мен әлем музы­ка­сын бойына сіңірген та­лант ретін­де көрсетеді.

Шоудың лейтмотиві – шексіз кеңістік. Әрине, мұның астары бар. Димаштың әндері адам сана­сына әсер етіп, ғарыштық көңіл күй сыйлайтынын білдіреді. Шы­ны­­мен де, Димаш орындаған әннің шекарасы жоқ. Көпшілік музыка ырғағы мен дауыс үйлесі­мін жоғары бағалайды. Концертте шоу үшін арнайы жазылған шы­ғар­малар мен ескі хит әндер шыр­қалады. Әнші қазақ, орыс, ағыл­шын және қытай тілінде ән салады.

Arnau tour ENVOY – имидждік жоба. Шоу арқылы жаһан елімізді жіті қадағалайды. Концерт ба­ры­сы, жоспары, дайындық жұ­мыс­­­т­ары қызу жүріп жатыр. Ба­сы-қасында жүргендердің дені жас­­тар. Шоу бағдарламаға қа­ты­су­­шылардың орташа жасы – 25.

Қуаныш Бекен мен Арсен Именов – шоу хореографы. Олар Димаштың дауыс деңгейін, ән құдіретін бимен жеткізгісі келеді. Музыка мен бидің әуелгі үй­ле­сі­мін әншінің әр әнінен із­деп көрмек. Қуаныш Бекен өзін түр­лі телевизиялық жобада, клип пен эстрада жұлдыздарының үл­кен концертінде сынап көрген. Тәжі­­рибелі қоюшы хореограф. Ар­сен Именов Contemporary art бағы­тында жұмыс істейді. Түрлі еуро­па­лық труппада бой көр­сет­кен.

Концерттегі би қойылым­дарын 10 бишіден тұратын қа­зақ­стандық топ орындайды. Олар­­дың қатарында атақты биші Алек­сандр Ли де бар. Есте­рі­ңіз­де болса, Александр Arnau кон­­цертінде жеке композиция ұсынған еді. Ендігіде ол қойы­лым­ның барынша піскен түрін Нью-Йорк көрермендеріне ұсы­нады. DQ_band – концертке қа­­тысатын музыканттар мен мульти аспапшылар. Ұжымның әр мүшесі бірнеше аспапта еркін ой­найды.

Афишадағы Димаш бейнесінің артында үлкен еңбек тұр. Суретті дарынды фотограф Евгения Вол­кова түсірген. Постерді Contemporary art және New Media Art жанрларының өкілі Ринат Абдрах­манов дайындады. Ол шоу идеясын графикалық нұсқада әзірлеп, көрерменге визуалды әсер етуді мақсат еткен. Ал шоу афишасының дизайн авторы –Анастасия Шиповалова.

Шоудың промо-ролигін да­рын­ды қоюшы оператор Азамат Дулатов дайындады. Arnau tour ENVOY үшін Шарын шатқалында түсірілім жұмысын жүргізген. Қосымша түсірілімдер жұмысы хореографиялық элементтер бар павильонда өткен. Ролик негізі ретінде«Дүрдараз» әні таңдалды.

Димаштың командасымен бірге Нью-Йоркке «Астана ба­лет» театрының ұжымы бара­ды. «Астана балеттің» деңгейі бәрі­міз­ге мәлім. Ұжым классикалық және қазіргі заман стилі мен ұлт­­тық хореографияның ортақ құры­­­лымын жасап жүр. Нью-Йорк қазақ балетіне таңданады деген ойдамыз.

Концертті Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның АҚШ-тағы мәдени күндері ая­сын­да ұйымдастырады. Шоу Barclays Center аренасында өтеді. Аре­на­ға барлығы 19 мың адам сияды. Концерт билеттері 13 қыр­­күйектен бастап сатылымға шықты.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ