Жалпы, 8 қазаннан бастап облыс орталығына қатынайтын автобустарға электронды төлем жүйесі енгізілген болатын. Аталған электронды билет арқылы төлем құны бұрынғыдай 65 теңге болып қалса, қолма-қол ақшалай төлем 130 теңгеге өскен. Осылайша, қоғамдық көліктердің жұмысын оңтайландырамыз деген жергілікті биліктің жоспары жүзеге аспай жатқандай. Себебі карта төңірегінде айқай да, шағым да азаймай тұр. Әсіресе, карта сатып алуға кезекке тұрғындардың санынан көз сүрінеді. Ал карталардың таусылып қалуына байланысты сауда нүктелерінің есігіне қара құлып таңылған.
– Адамдарға жақсылық жасағымыз келді, бірақ сіздер бәрін жоққа шығарасыздар. Дәрі алуға кезекте тұрған адамдар енді төлем картасын алуға кезекке үйілді. Бұл не масқара? Дүңгіршекте 20 ғана карта қалған, ал кезекте 40 адам тұр. Неге мұның бәрі алдын ала ойластырылмаған? – деп ашуына мінген аймақ басшысы жауапты мамандардан жеке-жеке жауап алды.Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков электронды төлем жүйесі енгізілетіні бір ай бұрын ескертілгенін, алайда халық жайбасарлыққа салып, асықпағанын айтып ақталды.
– Қыркүйек айының басында азаматтар күніне ең көп дегенде 700 картадан сатып алып отырды. Ал соңғы күні бәрі ағыла түсті. Ұзын-сонар кезек содан туындап отыр, – деді басқарма басшысы.Бұл жауап облыс әкімін қанағаттандырмай, халықты кінәлаған басқарма басшысы ісі сынға алынды.
– Картаны қай уақытта алатынын халық өзі біледі. Бұл жерде мәселе карталардың жетіспеушілігі болып отыр. Сіздер бұл туралы алдын ала ойластыру керек едіңіздер, енді міне халықтың наразылығын көріп отырсыздар, – деді Бердібек Машбекұлы.Өз кезегінде салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек те мән-жайды түсіндіруге тырысқанымен, өңір басшысы оның да сөзін жоққа шығарды.
– Сіз тұрғындарды айыптай алмайсыз. Кінә – өзімізден. Біз халық үшін жұмыс істейміз. Сондықтан қара халықты кінәлауға болмайды. Бұқара картаны соңғы күні ала ма, әлде соңғы сәтте ала ма, оны өзі біледі. Бірдеңені артық қылайықшы дейміз де, соңы тыртық болып жатады. Картаны бастапқыда енгізейін дегенде де уақытын созып жүріп алдыңыздар. Оған да төзіммен қарадым. Енді қолданысқа енгенімен, жүйесіз жұмыс тұрғындардың наразылығын тудыруда. Мұнда олар: «Біз қаланың жартысын айналып шықтық, карта табылмады», «Лермонтов көшесінде карта үшін екі әйел жұлысты» деп жазады. Мұндай шағымдар өте көп. Жоқ жерден мәселе туындатып отырсыздар және оны түзеу үшін ешқандай шара қолданбадыңыздар. Осы сенбі мен жексенбіде барлық олқылықтың орны толсын! – деп облыс әкімі өзінің орынбасары Ұлан Жазылбекке, Тараз қаласы әкімдігіне, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жағдайды тез арада түзетуді міндеттеді.Аймақ басшысынан осындай талапты тапсырма түскеннен кейін жауапты мамандар сыннан қандай сабақ шығарғанын апта басында білген едік. «Қазіргі уақытта қаладағы сатылым орындарына қосымша 30 мыңға жуық карта жеткізілді. Алдағы күндері тағы 50 мың дана электронды карталар сатылымға шығатын болады.
Сонымен қатар мектеп оқушыларының электронды карталарды сатып алу жолдары да оңтайландырылып, карталарды дайындауға өтініш мектептерде толтырылуда. Білім нысандарынан бұл іске жауапты бір маман арнайы бөлініп, карталармен қамтамасыз ету қарастырылған. Оқушылар тарапынан карта алуға жалпы 12 033 оқушы құжат өткізсе, оның 2 979-ы картаны қолдарына алды. Енді 9 054 оқушыға карта әзірленуде», – дейді Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметі.Жалпы, қаладағы қоғамдық көліктерге TulparCard электронды төлем жүйесін енгізбес бұрын Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев пен «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС директорының орынбасары Мирас Сәдуақасов баспасөз мәслихатын өткізген болатын.
– Бүгінде Тараз қаласында 10 тасымалдаушы компания 42 бағыт бойынша қызмет көрсетуде. Алайда әлемдік пандемияға байланысты автобустардың саны 270 бірлікке қысқартылды. Міне, осы қоғамдық көліктерде TULPARCARD электронды билет жүйесі қолданылатын болады. Бір картаның құны – 500 теңге. Қазір қолымызда Ресей мемлекетінен алынған 50 мың карта тұр. Ал негізгі қажеттілік 100 мың картаға туындап отыр. Сондай-ақ 73 600 оқушыға карта әзірленуде, – деп қала әкімінің орынбасары Есеналиев жоспарлы жұмысты айтқан. Алайда сол сәттің өзінде журналистер: «300 мыңнан аса халқы бар Тараз қаласына 50 мың карта жеткілікті ме? Оған қоса, өзіңіз 100 мың картаға қажеттілік туындап отырғанын жасырмай отырсыз» деп қала әкімінің орынбасарын сұрақтың астына алған. Асхат Есеналиев болса: «Біз бұл мәселені жіті зерделедік. Қолда бар 50 мың картадан бөлек, тағы 50 мың карта сатып алынатын болады. Одан бөлек, 73 мың карта мектеп оқушыларына өткізіледі. Ал қалған тұрғындар шаһар шеңберінде өз көлігімен қатынап жүр деген есеп шығарылды. Бұл – негізсіз емес. Себебі бүгінде Тараз қаласында 150 мың көлік тіркеуде тұр» деп Асхат Қамқабайұлы бәрі ойдағыдай болатынына сендірген. Алайда апта өтпей жатып, қала әкімі орынбасарының сөзі сылдыр суға айналғанын аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі айқындап берді. Демек, о баста сандар «сандырыққа», ал болжам «бақа есепке» баланған секілді.Не де болса, Тараз қаласы әкімдігі енді барлығы жоспар бойынша жүретініне сендіруде. Лайым, солай болғай. Әйтпесе, электронды билетіңді бұқара қабылдамай, ертең бармақ тістеп отыруымыз да бек мүмкін.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы