Еңбекақы екі бөлек. Неге?
Еңбекақы екі бөлек. Неге?
154
оқылды

Қазақстандықтар мен шетелдік мамандардың еңбекақысындағы сәйкес­сіздік мәселесі бүгін пайда болған жоқ. Бұл мәселенің тамыры да, тарихы да тереңде. Өркениетті елдер бұл мәселенің шешімін тапқан. Ал бізде әлі күнге шешілген жоқ. Мұнай-газ және тау-кен өндірісі саласының жұ­мысшылары еңбекақы сәйкессіздігін жиі көтеретін контингентке айналды. Се­бебі шетелден мамандар дәл осы салаларға жиі тартылады.

Министр бүй деді,
жұмыс беруші не деді?

Шетелдік кадрларды елге кіргізбеуге құ­қымыз жоқ, бұл – әлемдік практика. Оның үстіне, шетелден маман тарту отандық кадрлардың білімін көтеріп, кәсібилігін шың­дайды. Бірақ солай екен деп, оларды шек­тен тыс тартуға тағы болмайды. Осы алтын аралықты сақтау үшін Қазақстанға келетін шетелдік мамандар санына квота бел­гіленген. Бүгінгі таңда аталған квота бойын­ша, Қазақстандағы 2 425 компания шет­ел­ден жұмысшы тартып, жұмыс істеп жа­тыр. Бір ғана Атырау облысында жыл басынан бері 364 жұмыс беруші 9 мың­нан астам шетел азаматын жұмысқа ша­­қырған. Оның ішінде басшылар жә­­не орынбасарларының үлесі – 63 адам. Қалғандары – қатардағы жұмыс­шы­лар. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Біржан Нұрымбетовтің ай­туынша, шетелден жұмыс күшін тартқан жұ­мыс беруші отандық азаматтарға да, шет­елдік жұмысшыларға да бірдей еңбек жағдайын жасап, бірдей жалақы төлеуі керек. Алайда әзірге олай болмай тұр. Күні кеше министр Біржан Нұрымбетов Атырау облысындағы мұнай және газ өңдеу зауытына барған сапарында өзі басқаратын ведомство мен Бас прокуратураның бір­ле­сіп жүргізген тексеру нәтижесін ха­бар­лады.

«Осы жылдың 8 қазанында 49 кәсіпорында тексеріс аяқ­талды, 791 еңбек және көші-қонзаң­намасын бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде жалақы және сыйақы төлеміндегі сәйкессіздік те бар – 24 кәсіпорында 476 дерек. Мысалы, Атырау облысында «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС жергілікті инженерге бір сағаттық тарифтік мөлшерлемені 568 теңге, ал осыған ұқсас қызметтегі ше­телдік жұмысшы үшін 6 500 тең­ге етіп белгілеген. Мұндай тәжіри­беге жол берілмейді», – деді ми­нистр.

Бізді министрдің соңғы цифры елең еткізді. Себебі 568 теңге мен 6 500 теңгенің айырмашылығы 10 еседен асады! Батыс өңір­де­гі жергілікті ірі құрылыс ком­па­нияларының бірінен саналатын «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-на хабарластық. Компания ди­ректоры Бекет Оспановтың ай­туынша, халықаралық деңгейге шығу үшін шет мемлекеттерден белгілі бір мамандық бойынша мамандар тартуға тура келетінін айтады.

«Ондағы негізгі мақсат – олар­дың халықаралық стандарттарды қолдану іс-тәжірибесін үй­рену, жергілікті мамандарды тех­ни­калық шет тіліне үйрету, ат­қарушы құжаттамаларды тап­сырыс берушінің талаптарына сәй­кес құру және жүргізу. Жұмыс орнының шалғайлығын, климаттық жағдайды, шетелдік мамандардың әлемдік жоба­лар­дағы сұраныста екенін ескере отырып, жергілікті мамандардың білім деңгейін арттыру үшін біз сырттан мамандар тартып, қосымша шығындарға баруға мәжбүрміз», – дейді ол.

Ал министр айтқан сағаттық мөлшерлеме жөніндегі берген жауабы бізді, шын айтқанда, таңғалдырды.

«Министр айтқан мәліметте нақты жағдайда жұмыс тәжірибесі жоқ жергілікті маманның сағат мөлшерлемесі мен әлемдік дең­гейдегі жобаларда көп жылғы тәжірибесі бар шетелдік маман­ның мөлшерлемесі салыстыра алын­ған. Ал бізде компанияда көп жыл­дан бері еңбек етіп келе жат­қан кадрлардың сағат­тық мөл­шерлемесі шетел­дік м­а­­ман­ның сағаттық мөлшер­ле­месімен бірдей. Жас маман білік­тілігін шыңдап, дағдысын жетілдірген сайын оның сағаттық мөлшерлемесі көбейе береді», – дейді ол.

Осы тұсқа баса назар аудар­дық, себебі министр «Нефтес­тройсервис ЛТД» ЖШС жергілікті инженерге бір сағаттық тарифтік мөлшерлемені 568 теңге, ал осыған ұқсас қызметтегі шетелдік жұмысшы үшін 6 500 теңге етіп белгілеген» деп отыр, ал компания басшысы «...бізде компанияда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан кадрлардың сағаттық мөлшерлемесі мен шетелдік ма­манның сағаттық мөлшерлемесі бірдей» дейді. Кімге сенеміз?

Қалай болғанда да, министр мәлімдемесінен бері екі күн өтті, барлық БАҚ «Нефтестройсервис ЛТД» серіктестігін сынап үлгерді.

Егер өзге елде осындай жағдай болса, компания министрдің сөзін жоққа шығарып, компания имиджіне нұқсан келгені үшін жауапкершілікке тартуға дейін барар еді. Ал атыраулық компания әзірге министр мәлімдемесіндегі деректерге қатысты наразылық білдіруге асықпайтын сияқты.

 

Туған жердің гастарбайтерлері

Еңбекақы арасындағы айыр­машылықтың он есеге дейін жететінін жуырда Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы мәлімдеген болатын. Оның дерегіне сүйенсек, Қызылорда облысындағы ірі мұнай ком­панияларында лауа­зым­дары мен атқаратын функ­цио­налдық міндеттері бірдей қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің жалақысында сәйкессіздік фактісі анықталып отыр, яғни шетел қызметкерлеріне лауазымдық еңбекақысы мен ше­телдегі жұмысы үшін аумақтық үстемеақысынан басқа, заңмен көзделмеген үстемеақы түрлері және сыйақы мен өзге де төлемдер төленетіндігі, кейбіреуіндегі жа­лақы айырмашылығы 10 есеге дейін жететіндігі белгілі болған.

«Мысалы, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясында жұмыс істейтін қазақстандық учаске шеберінің жалақысы 315 мың теңге болса, осы лауазымдағы шетелдік маманның жалақысы 3 млн теңгеден асады. Мұндай мы­салдар Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында да жеткілікті. Өкінішке қарай, еліміздегі ең­бек және жұмыспен қамту заң­намаларында сәйкессіздік фактісі орын алған, жұмыс берушіге қатысты әсер ету тетіктері қарас­тырылмаған», – дейді депутат. Сол себепті сенатор жуырда Үкі­мет жетекшісіне жергілікті және шетелдік қызметкерлерге еңбек­ақы төлеу жөніндегі халық­аралық тәжірибелерді тұжы­рым­дап, еңбекақыдағы сәйкессіздікті қысқарту, оның ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде мін­деттемелерді орындау жауап­кер­шілігін күшейту, мұнайды терең өңдейтін мұнай-химия сала­сын дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылдауын сұрап, депутаттық сауал жолдады.

Мұрат Бақтиярұлының ай­туынша, соңғы он жылда Қа­зақстан тікелей шетелдік инвес­тиция тартудан Шығыс Еуропа елдері мен ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шыққан. Тәуел­сіздікке ие болғаннан бері елімізге әлемнің 120-дан астам елінен 320 млрд астам доллар тікелей ин­вестиция тартылған, бұл елдің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің 0,8 пайызын құрайды. Мұндайда «Ақшаны кім төлесе, музыкаға тапсырысты сол береді» деген тәмсіл жүзеге асады. Яғни, ше­тел инвестициясы құйылған жоба­лардың бас мердігерлері мен қосалқы мердігерлері шетел­дік компаниялар болады, мұн­дай табысы, жалақысы, әлеу­меттік пакеттері бар ірі шетелдік компаниялар өз мамандарымен келісімшарттар жасап, қаржысын шетелге алып кетіп жатыр. Ал біздің қосалқы мердігерлер ыс­тық күннің астында қара жұ­мыс­ты сөткелеп істейтін таба­ны құмға, маңдайы күнге күйе­тін қазақстандық жүздеген бри­гада, яғни он мыңдаған қара­пайым жігіттер туған жері­нің гастарбайтерлері сияқ­ты күн кешіп, жалақысы тө­мен қара жұмысты қанағат тұ­ту­ға мәж­бүр. Салдарынан шетел­дік инвес­торларға деген жақтыр­мау­шылық, өз жерінде өздері алданған құ­қық­сыз және қажетсіз сезіну пи­ғыл­­дары көрініс бере бастады», – дейді сенатор.

Осы көрініске не себеп не­месе кім кінәлі? Әлгінде айт­қа­нымыздай, шетелдік инвесторлар мұнай өңдеу зауытын салуға құ­лықсыз. Өйткені инвесторлар бізден шикідей алып кетіп, өзі­мізге бірнеше есе жоғары бағаға сатқанды жөн көреді.

 

Білімді мыңды жығады

Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, тәуелсіздік жыл­да­рында елімізде 1,5 млрд тонна мұнай мен газ конденсаты өн­діріліп, экспортқа шығарылған. Нәтижесінде, Қазақстан әлем бойынша мұнай-газ экспорттаушы елдердің алғашқы қатарына кірді. Шынын айтсақ, бұл мақтанатын дерек емес, себебі біз экспортқа шығарылған өнімнен өңделген өнімді кері сатып алу арқылы импорт үшін қыруар қаражатты шетел экономикасына құйып жатырмыз.

Бұл мәселенің бір ұшы білім беру саласына, соның ішінде техникалық кадрларды даярлауға келіп тіреледі. Биыл оқу грантына қосымша 20 мың грант бөлінді. Оның 11 мыңы техникалық ма­мандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге бағытталды. Аталған грантты иеленгеннің бәрі техни­калық кадр болып кетеріне кепіл жоқ әрі биыл студент атан­ған­дар диплом алғанша 4-5 жыл уақыт керек. Сондықтан шетел­діктермен тайталасатындай кадр­лар шоғыры жуық арада пайда болады дей алмаймыз. Олай болса, осыдан үш жыл бұрын енгізілген дуалды оқыту жүйесінің қалай жұмыс істеп жатқанына мән беруіміз керек.

Теорияны өндіріспен ұш­тастыра оқытатын дуалды оқыту жүйесі алғаш Германияда пай­да болған. Мұнда оқушылар уақытының үштен екі бөлігінде еңбек ете жүріп, өндірістен қол үзбей оқиды. Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуалды жүйесі тех­никалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді әдісі са­налады. Бұл жүйе Қазақстан үшін тиімді деген соң 2016 жылы арнайы заң қабылданды. Бір жылдан соң дуалды оқыту жүйесі тех­никалық, технологиялық, ауылшаруашылық бағыттары бойынша 421 колледжде (респуб­ли­кадағы колледждердің жал­пы санының 51,5 пайызы) жүр­гізіле бастады. Бағдарламаға 2 433 кәсіпорын қатысып, 27 мың студент қамтылды. Осы жүйемен жұмыс істеп жатқан компанияның бірі – «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай саласына маман дайындайтын Назарбаев университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-мен өзара келісімшарт жасаған. Аталған оқу орындарының сту­денттері компанияда өндірістік тәжірибеден өтеді.

«Биыл аймақтардағы жоға­ры және орта арнаулы оқу орын­дарынан жалпы 430 студент прак­тикадан өтті. Практиканың ерек­шелігі – студенттерге ең­бек­­ақы төленеді. ЖОО-ның сту­­денттері – 100-120 мың теңге, колледж студенттері – 70-80 мың тең­геден еңбекақы ала­ды. Тегін тамақ, жұмыс киімі, қауіп­­сіздік құралдарымен то­лық­тай қам­тамасыз етеміз. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін студенттердің жұмыс жүктемесі өзге жұмысшылардан 1-1,5 са­ғатқа аз. Жатын орнынан бастап толық жағдай жасалды», – дейді «ҚазТрансОйл» АҚ бас дирек­торының орынбасары Орал Ыдырысов. Оның айтуынша, оқу бітіретін студенттер өндірісте жүріп, диплом жұмысын жазады. Практикадан жақсы өткендер байқау негізінде жұмысқа қабыл­данады. Бұл – жоғары білімді кадр тапшылығын шешудің бір тетігі. Біз сөз ортасында тілге тиек еткен «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС да дуалды оқу жүйесі бойынша жұмыс істеп келеді. Бірақ қолға алынғанына 2-3 жыл ғана болған бұл жүйенің же­місін көруге әлі бірнеше жыл керек. Сон­дықтан отандық кадрлар мен шетел­дік мамандардың еңбекақы сәй­кессіздігі туралы мәселе әлі біраз жыл көтеріле бермек. Ол мәселе шешілгенше атқарушы билік пен жұмыс беруші өз аргу­менттерін алға тартумен болады.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ