Алматы облысы орталығына Алматыдан енетін күрежолдың сол жағында орналасқан коттеджді қалашықтан 71 отбасы жеке үйлердің кілттерін алды. Жалпы, қала күні құрметіне орайластырылған баспаналы болу бақыты көптеген отбасына бұйырды. Коттеджді қалашықтан 71 дербес үй, «Көктем» шағынауданынан 60 пәтерлі көпқабатты үй пайдалануға берілді. Баспаналы болғандар қатарында 16 медицина қызметкері бар. Барлығы 620 үй орналасатын коттеджі қалашық Талықорғанның сән-салтанатын арттырып қана қоймай, жүздеген отбасының керегесін кеңейтуде. Жылдың аяғына дейін тағы біраз үйдің құрылысы аяқталып, халықтың қуанышы еселене түспек. Талдықорғандықтарды мерейлі мерекемен құттықтаған қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов: – Жылдағы дәстүр бойынша алтын күзде біз қала күнін өткіземіз. Жаңа нысандар ашамыз, пәтер кілтін табыстаймыз. Сол дәстүрдің биыл да жарасымды жалғасын тапқанына сіздер де куә болып отырсыздар. Коттедж қалашығында 620 үй салынып жатыр. Осы уақытқа дейін 157 коттеджді пайдалануға берсек, бүгін 71 үйдің кілтін тапсырдық. Желтоқсан айында тағы 48 үйді береміз. Жақында заманауи балалар ойнайтын алаң, аллея да ашамыз. Қала күнін жылда саябақтарда ауқымды түрде өткізетінбіз. Биыл індетке байланысты оның бәрін тоқтаттық. Осы сыннан аман-есен шығайық. Қала күні құтты болсын! – деген қала басшысы қалашықта 1 200 орындық мектептің құрылысы басталғанын, сондай-ақ үлкен сауда үйі салынатынын айтты. Бұл жолы да көпбалалы және толық емес отбасы, жетімдер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер коттедж кілтін иеленгеніне тоқталды. – Қуанышымызда шек жоқ. Мемлекетке, ел басқарған басшыларға алғыс айтамыз. Барлықтарыңыздың денсаулықтарыңыз мықты, жұмыстарыңыз жемісті болсын! Жақсылық тілейміз, – дейді үйлі болғандар. Салтанатты шара қазақы салтқа сай су жаңа үйлерге шашу шашумен, ақ дастарқаннан дәм татумен жалғасты. Мұндай қуаныш «Көктем» шағынауданындағы 60 пәтерлі үйдің кілтін тапсыруда да арнасынан тасып-төгілді. Үйлі болған медицина қызметкерлерінің де көңілдері көтеріліп, мамандыққа адалдықтың игіліктерге жеткізетініне қатысты сенімдері де арта түсті.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы