Қоқысқа батқан өңірді ақша ғана құтқара алады
Қоқысқа батқан өңірді ақша ғана құтқара алады
Тарифті көтеру мәселесі қалалық қоғамдық кеңесте қаралды. Пандемияға байланысты талқылау ZOOM-да ұйым­дастырылды.
«Қоқыс таситын көліктерге 25 жүр­гізуші жетіспейді. Қазір біз жала­қы­ны көтере алмаймыз, өйткені қаржы ре­сурстары жеткіліксіз. Қазіргі та­риф 214 теңгені құрайды, ал біздің нақ­ты шы­ғындарымыз көпқабатты сек­тор­дың тұрғынынан 458 теңге және абат­тан­дырылмаған, яғни жеке сектордан 588 теңге мөлшерін құрайды. Бұл санды әкімдіктің тапсырысы бойынша тәуелсіз ау­диторлық компания есептеп шығар­ды, – дейді «ГорКомТранс» компаниясы­ның директоры Виктор Иванов.
Қоқыс таситын компания билік­пен өзара ынтымақтастық туралы Мемо­рандумға қол қоюға дайын. Егер билік ҚТҚ шығару және кәдеге жарату тарифін 410 теңгеге дейін көтеруге міндеттенсе, компания өз қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеріп, жаңа арнайы техника сатып алмақ. Нәтижесінде, Қа­ра­ғандының қоқыстан уақытында та­за­ратынына сенімді. Қарағандыда қоқыс шығарумен «ГорКомТранс», «Ресайклинг-Сервис» және «ЭкоАлем Казахстан» атты үш ком­пания шұғылданады. Қарағандылықтар қоқыстың көбеюіне көптен бері наразы. Шаһарды қоқыстан тазартуға полицейлер де кіріскен. Тәр­тіп сақшылары қалдықтарды қоқыс жәші­гіне төкпейтіндерге айыппұл салады. Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша жеке тұлғалардан 20 АЕК, яғни 55 мың теңгеден астам айыппұл өндіруге болады.
«Қатты тұрмыстық қалдықтарды жи­нау, шығару, кәдеге жарату, қайта өңдеу және көму тарифі бір текше метр үшін 2 591 теңгені құрайды. Біз жиналыс өт­кі­зіп, әлеуметтік шиеленісті азайту үшін шешім қабылдадық, жеке сектор тұр­­ғындары үшін төлемді 15 пайызға, яғни 410 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдадық», – дейді Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожолдар бө­лімі басшысының орынбасары Рүстем Қожақапанов.
Шенеунік биыл жазда Қарағандыда 1 000 контейнер алаңы абаттандырылғанын хабарлады. Олардың барлығы көпқабатты тұрғын үй секторында ғана орналасқан. Әр алаңда бетон негізі төселіп, жаңа қоқыс жәшіктері, шамдар мен бейнебақылау ка­мерасы орнатылған.
«Биыл біз қайталама шикізатты қай­та өңдеу деңгейін 20-дан 30 пайызға дейін арттыру міндетін өзімізге алдық. Сон­дықтан бізге қайталама шикізатты жеткізетін арнайы техника қажет. Біз көрсетілетін қызметтің сапасын дамыту мен жетілдіруге 1 миллиардтан астам теңге инвестиция салғымыз келеді», – дейді қо­қыс жинайтын компания басшысы.
Пришахтинск және Сұрыптау тұрғын­дарына қызмет «Ресайклинг-Сервис» компаниясының клиенттері аз, сондықтан олардың шығыны «Горкомтрансқа» қара­ғанда аз.
– Біздің шығын бір адамға – 430 теңге. 2016 жылы бекітілген алдыңғы тарифте ди­зель отынының бағасы литріне 80 теңге бол­ды. Жарты жылдан кейін ол 192 теңгеге дейін өсті, яғни екі есе артты. ЖЖМ шы­­ғын­дары біздің шығындарымыздың ша­мамен 40 пайызын құрайтынын атап өткім келеді. Егер қазіргі 214 теңге та­рифті алып, оны 30 күнге бөлсек, онда тәу­лігіне бар болғаны 7 теңге табамыз. Бұл өте аз! – дейді «Ресайклинг-Сервис» компаниясының бас директоры Айтпану Омарова.
Бас директордың айтуынша, қоқыс шы­ғаратын компания қызметкерлерінің жалақысы төмен. Жүк тиеушілердің алатыны – 70 мың теңге. Осының өзінде кәсіпорын үшін ол әжептеуір шығын, жалақы барлық шығындардың шамамен 45 пайызын құрайды екен. Қоғамдық кеңес мүшелері арасында талқылау қызу болды. Қарсы болғандар да, қолдағандар да көп болды. Дауыс берудің өзі 40 минутқа жалғасты.  Нәтижесінде, 11 адам тарифті өсіруді жақтап дауыс беріп, 9-ы қарсы дауыс берді, тағы 1 мүшесі қалыс қалды. Енді қоғамдық кеңестің қоқыс жинау бағасын көтеру жобасын мәслихат депу­таттары қарайды. Болжам бойынша абат­тандырылған аумақтан қоқыс шығару үшін бір адам 380 теңге және жеке сектордан қоқыс шығарылғаны үшін бір адам 410 тең­ге төлейді.
«Егер жарты жылдың ішінде жағдайды жақсартпаса, олармен келісімшартты бұзу керек», – дейді Қоғамдық кеңес төрағасы Қабдығали Оспанов.
 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы