Жекпе-жек он раундқа есептелген. Алайда «Сиқыршы» лақап атын иеленген Кория Жәнібектің ауыр әрі сериалы соққыларына дайын болмай шықты. Бірінші раундтың өзінде-ақ аргентиналық боксшы нокдаунға түсті. Ал екінші раундта төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша, 27 жастағы Жәнібек кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне жетіп, WBO Global және WBC ContinentalAmericas титулын қорғап қалды. 23 жастағы Кория бұған дейін 16 жекпе-жек өткізіп, соның үшеуінде ұтылып қалған болатын. Бұл – оның төртінші жеңілісі. Боб Арум басқаратын Top Rank промоутерлік компаниясы қатарына қосылғалы бері отандасымыз орта салмақта чемпион атануға сенімді түрде қадам жасауда. Әуесқой бокста Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Азия біріншілігі мен Әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанған былғары қолғап шебері кәсіпқой бокста да биік белестерді бағындырып, үздік боксшы ретінде тарихта қалуды мақсат тұтып отыр. Күрзі жұдырық иесі Лас-Вегастағы кездесуінде орта салмақтағы үздіктерді шаршы алаңда кездесуге шақырды. – Қазақ стилін әлемге көрсеттік. Жеңіс құтты болсын, Қазақ елі! Бұл тек менің емес, сіздердің де жеңістеріңіз. Біз чемпиондық белбеуге тағы бір қадам жақындадық, – дейді ол. Боксшы кездесуге тыңғылықты дайындалғанын, жеңіске жетуге командасының зор еңбек сіңіргенін айтып, оларға алғысын білдірді. Сондай-ақ қолдау көрсетіп, әр кездесуін тағатсыздана күтетін жанкүйерлерімен әрқашан бірге екенін жеткізді. – Біз! Мен дегенді ұнатпаймын. Бұл – ортақ жұмыс, ортақ жеңіс. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтынын», жалғыз ағаштың орман болмайтынын жақсы білемін. Құдай мен деуден сақтасын. Бармақ бірікпей, ине қолға ілікпейді. Бес саусақ жұмылғанда жұдырық болады. Бұйыртса, биік шыңды бағындырамыз. Сіздер болып, біз болып Qazaq STYLE-ды тарихта қалдырамыз. Чемпиондық белбеулерді елге алып қайтатын күннің де ауылы алыс емес. Қолдауларыңызға көп рақмет, – деді боксшы. Өз кезегінде кездесуді тамашалаған Жәнібектің жанкүйерлерінің бірі Қайрат Абдолла да жекпе-жектен алған әсерімен бөлісті. – Қарсыласын бір рет нокдаунға, екінші рет нокаутқа түсірген екі соққыны да ол сол қолмен қапталдан жасады. Негізі, Әлімханұлының панчер екені әуесқой бокста жүрген кезінен-ақ белгілі. Қазір, байқаймын, соққысының күш-қуаты арта түскен сияқты. Жоғарыда айтқан екі соққы да бір нүктеге – құлақшеке тұстан тиді. Жақсы-ақ. Дегенмен солақайдың соққысының сүйіп тиетін жері бауыр екенін де естен шығармау керек. Келесі қарсылас оң қолын міндетті түрде жоғары ұстайтын болады. Ал аргентиналық Гонсало Корияға (17−4, 6 КО) келетін болсақ, оның Әлімханұлына қарағанда кәсіби тұрғыда деңгейі төмендеу боксшы екені байқалып тұрды. Нокаутқа жіберер алдында Әлімханұлы Корияның оң қолымен жасаған күшті соққысын жіберіп алды. Қолы ауыр біреу болғанда, біздің жігіттің қандай күйде болары бір құдайға ғана аян еді. Демек, қорғанысты күшейте түсу керек: екі қолдың арасы алшақтамай, иекті төңіректеп жүрсе деп тілейсің. Бұл жеңістен кейінгі кезегін күткен қарсыластардың рейтинг бойынша салмағы «ауырлай» түссе екен. Діттеген мақсатқа жету үшін енді Корияға ұқсайтын «қапшықтардан» қашықтау жүрген де жөн болар еді. Дегенмен әзірге бағыт – түзу, әрекет – дұрыс. Шулатпай-ақ, тамақ жыртпай-ақ, жеңістің шыңына шығуға болады, – деп отандасымыздың өнеріне оң бағасын берді. Біз де жанкүйер ретінде Жәнібектің алдағы кездесуде үздіктермен жұдырықтасып, жеңіс тұғырынан көрінгенін қалаймыз. Бокс мамандары да қазақстандық боксшылардың арасында Жәнібек Әлімханұлының әлем чемпионы атанарына сенеді. Сол сенімнің ақталар күні де алыс емес секілді. Жәнібекке «жорытқанда жолың болсын!» дейміз!
Абылайхан ЖҰМАШ