Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың: «қате диагноз қойған дәрігерлер қатаң жауапкершілікке тартылмауы тиіс» деп кесіп айтқан сөзі есімізде.
Бұл сөзімен министр ақ халаттыларды ақтап алғысы келген шығар. Дұрыс-ақ делік. Оларды қатаң жауапкершілікке тарту медицина саласына кері ықпал етуі ықтимал. Себебі дәрігерлерді қателігі үшін соттай беретін болса, жастар дәрігер болудан қорқып, адам емдейтін маман тапшы болып қалуы мүмкін. Министрдің қаупі – осы.
Министр өз әріптестерін осылай ақтап алғысы келді. Дегенмен өз ісіне салғырт қарап, қателік жіберсе, кешіріммен қарау мүмкін бе? Қателеспейтін пенде жоқ. Ал ол қателіктің ар жағында адам тағдыры тұрған жоқ па? Кез келген ақ халатты дәрігерлік қызметті таңдағанда «адам тағдырына араша боламын» деп уәде берген жоқ па? Сонда олар өз «антына» өзі жауапты бола алмағаны ма? Дәрігерлер ісінде ең үлкен қателік неде деген сауалға тоқталсақ. Білікті кадр қателік жасамауға тырысады. Диагнозды дәл анықтайды. Науқасты емдеп жазуға бар күшін салады. Ал біліксіз кадр ше? Оларды кім даярлап жатыр?
Медицина саласында эксперимент жасауға болмайды
Сенатор Нұртөре Жүсіп Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа жолдаған сауалында осы мәселені көтерген екен. «Менің депутаттық сауалыма еліміздің медицинаны дамытуға және білікті медициналық кадрлармен жасақтауға қатысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен кездесулер негіз болып отыр.
Денсаулық сақтаудың Біртұтас жүйесі халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсартуға, профилактикалық шараларды кеңейтуге, дәрі-дәрмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді» деп мәлімдеді.
Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында қазір медицина саласының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды. Емдеудің инновациялық технологиясы енгізіліп жатыр. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» және 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының пайдасын халқымыз көріп отыр.
Қазіргі таңда Қазақстанда 230 мың медицина қызметкері бар, оның ішінде 70 мың дәрігер, 160 мыңнан астам орта медицина персоналы жұмыс істейді.
Әлем өзгерді: жаңа технология тез дамып жатыр, соған сәйкес қоғамның да сұраныс талабы артып отыр. Мыңдаған білікті дәрігер халқымыздың денсаулығын кірпік қақпай күзетіп тұрғанын да айтуымыз керек» дейді.
Қазір ХХІ ғасыр. Жаһандану заманы. Озық технологиялар дәуірі. Адамдар емес, роботтар техниканы басқаруда. Ал заманауи техниканы меңгеруде адам күшінің жетіспей жатуының сыры неде?
Сенатор: «Осы заманғы аппаратурасы бар ең жақсы материалдық-техникалық база дегеніңіз – кәсіби мамандарсыз, адам факторынсыз құр әшейін темір ғана болып қалмақ. Іс жүзінде онымен жұмыс істейтін мықты маман табыла бермейді. Күнделікті өмірде науқас адамды емдеуден бұрын диагнозды дәл қою мәселесінің өткір тұрғандығын көріп жүрміз. Диагноз дұрыс қойылмағандықтан оның арты қаншама қайғылы жағдайға душар етуде.
Жыл сайын медицина саласына жоғары оқу орындарын бітірген жүздеген жас маман келеді. Солардың көбінің қажетті білімі мен дағдысы, дәрігерлік машығы нашар. Көбі дербес жұмыс істеуге әзір болмай шығады, операция үстелінде бір сәт тұрып көрмеген, озық техникамен жұмыс істеуді білмейтін тәжірибесіз маманнан не күтуге болады? Тіпті, иненің өзін дұрыс сала алмайтындар кездеседі. Себепсіз салдар болмайды» дегенді алға тартады.
Сенатордың қауіп қылатын да жөні бар. Мықты мамандарды даярлайтын арнайы бағдарланған жоғары оқу орындары болуы тиіс. Бізде қазір медицина саласының мамандарын дайындайтын оқу орны өте көп.
«Тиісті салаға маманданбаған жоғары оқу орындарында дәрігерлерді даярлау ісіне жол беріп отырмыз, – дейді сенатор. – Елдегі бірқатар педагогикалық, жекеменшік университеттер дәрігер кадрларын оқытуға көшті. Басқа салада эксперимент жасауға болатын шығар, бірақ дәл медицина саласында мұндай эксперимент жасауға болмайды. Дәрігерлерді тек қана осы салаға бағдарланған, терең тарихы мен заманауи мүмкіндігі зор, бұрыннан қалыптасқан университеттерде ғана оқыту қажет деп есептеймін. Қазір біз бұрынғы Кеңес кезінде кемел білім алған дәрігерлердің игілігін көріп отырмыз. Олар кеткеннен кейінгі жағдай қалай болады?
Сондықтан профильді емес жоғары оқу орындарының жанынан медицина факультеттерін ашудың қандай қажеттігі бар? Мұндай факультеттердің клиникалық, қаржылық, ұйымдастырушылық мүмкіндіктері қаншалықты? «Кадр тапшылығын жоямыз» деп жүріп, біліксіз кадрлар қаптап кетсе, күні ертең кім жауап береді?» деген сауалдарын жолдайды.
Қаптаған университет, біліксіз маман
Білікті маманды кім дайындайды? Білікті кадр. Барлық жекеменшік университеттер білімді профессорлар тобын, білікті ғалымдарды таба бермеуі мүмкін. Белгілі хирург, профессор Жақсылық Досқалиев: «Елімізде алты медициналық университет бар. Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Семей, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында. Бұл – білікті мамандарды дайындайтын бірден-бір оқуы орындары. Медицина университеті бола тұра, жекеменшік оқу орынында медицина факультетін ашудың қажеті жоқ. Өйткені дәрігерді дайындау үшін аудитория жинау маңызды емес. Бірінші, қаражат керек. Ол қаражат түрлі аппаратураларды, лабораторияны жасақтау үшін қажет. Одан бөлек, студенттерге сабақ беретін мамандар да тапшы. Нағыз білікті профессорлар, ғылым докторларынан тәлім алған студенттерден ғана білікті маман шығады. Бізде мықты алты университет болса, сол елімізге жеткілікті. Дәрігер дайындаймыз деп, академия, университеттерді қаптата беруге болмайды. Өйткені оның сапасы ертең сын көтере алмайтын жағдайға жетеміз» дейді.
Дәрігердің білімі аз болса, науқасқа дұрыс диагноз қоймаса, оған кінәлі кім? «Бұл тұрғыда әуелі дәрігер дайындауға жауапты адамдарды жазалау керек», – дейді «Балалар хирургиясының атасы» Камал Ормантаев. Балалар арасында жүйке ауруы белең алғанын айтып жүрген де Ормантаев. «Енді бір он жылда балаларға дұрыс диагноз қоя алмайтын дәрігерлер көбейе ме деп алаңдаймын. Қай жастағы балаға қандай өлшеммен дәрі беру керек екенін игеріп үлгермеген шала педиатрлар бала өліміне себепші болуы мүмкін. Қазір көп ата-ана дерті асқынған балаларын шетелде емдетіп жүр. Соның өзінде денсаулығы жақсарып кететіндері сирек» дегені бар-ды. Камал Ормантаевтың бұл пікірі әлі де құнын жоғалтқан жоқ. Елімізде педиатр мамандардың азайғанын айтып, БАҚ беттерінде талай жазды. Әрі нақты диагноз қоя алмайтын дәрігерлердің де адам емдеп жүргенін, білімсіз дәрігерлер көбейгенін де шырылдап жеткізген еді.
Дәрігер мамандығы тапшы. Есесіне, дәрігерлерді дайындайтын оқу орны көп. Онда статистика неге екі түрлі? Кадр тапшылығын жоюдың жалғыз жолы – медицина факультеттерін көбейту ме?
Білім берудің сапасы жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Біз әр аймақта және әрбір жоғары оқу орнында медициналық факультеттер ашуды бастадық. Кезінде медицина институттары Пастер, Павлов, Мечников және тағы басқа әйгілі ғалымдардың айналасында құрылды. Олардың арасында Нобель сыйлығының лауреаты болды. Яғни, білім мен ғылымның мықты ТЕМПІ болды. Кейін соғыс және репрессия кезінде Орталық Азия елдерінде, Қазақстан мен Сібірге жер аударылған ғалымдармен байланысты болды. Сол себепті де ондағы білім деңгейі ең жоғары деп саналды. Қазір ше? Батыста студенттер 16 жыл оқиды. Жылына 200 мың доллар табады. Бізде мамандар институт бітіреді, сосын қайда барады? Негізінен фармацевтикалық бизнесте, жеке ұйымдарда қызмет атқарады. Неге? Кім «бір тиын» үшін жұмыс істегісі келеді? Бұл дұрыс та шығар. Алайда тек ақшаны ойлайтын адамнан жақсы дәрігер шыға ма? Оған ұнай ма, жоқ па, бірақ біздің мықтылығымыз шеберлігімізге байланысты. Дәрігердің де лайықты жалақысы болар деген үміттемін. Бізге қаншама мекеме ұстап, сонша дәрігер даярлау керек пе? Санның орнына сапаны таңдайтын уақыт жетті. Оларды қанша жыл оқытатынымыз маңызды емес. Әрі кім және кімді оқытатынымыз да басты мәселе емес. Дәрігерлік кәсіп адамның жүрек қалауымен орындалатын мамандық. Яғни, адамның сенімі маңызды. Жақсы дәрігер болуы үшін жақсы адам болуы тиіс. Сондықтан біз жақсы адамдарды, яғни зиялы, білімді, парасатты әрі өз кәсібін сүйетін жандарды тәрбиелеуіміз керек. Сол себепті де тарихи атауы бар университеттер ғана қалып, қалғанын жапқан дұрыс. Бұл – менің жеке пікірім» деп жазады. Байжүнісовтің пікірі орынды.
P.S.
Бізге білікті кадр, білімді маман керек. Ал бір дәрігердің қателігі – бүкіл Қазақстан медицинасының атына кір келтіруі мүмкін. Сол себепті де адам тағдырын сеніп тапсыратын жандардың парасатымен қатар, дәрігерлік сауаты да жоғары болғаны маңызды. Сондықтан адам өмірінің арашасысы, денсаулық ісінің дәнекері саналатын кәсіби білікті дәрігерлерді тек қана арнайы бағдарланған жоғары оқу орындарында оқыту қажет деп білеміз. «Маман тапшы» деген желеудің жетегінде кетіп, топырлатып диплом берудің қажеті жоқ. Қаражатты Қазақстандағы алты бірдей медицина университетінің клиникалық, қаржылық, ұйымдастырушылық мүмкіндіктерін дамытуға жұмсаған жағдайда ғана ұлтымыз ұтысқа шығады.