Нобель апталығы
Нобель апталығы
Физиология және медицина бойынша 2020 жылғы Нобель сыйлығы С гепатиті вирусын ашып, осы дертпен күреске үлес қосқан ғалымдарға берілді. Лауреаттардың аты-жөні Стокгольмдегі рәсім кезінде аталды. Олар – америкалық Харвин Олтер мен Чарльз Райс, британиялық Майкл Хоутон. Нобель комитетінің мәлімдемесінде «бұл ғалымдардың зерттеулері арқылы созылмалы гепатиттің себептері табылып, миллиондаған адамды ажалдан арашалаған дәрі-дәрмек жасалды» делінген. 85 жастағы америкалық ви­русолог әрі инфекционист Харви Олтер – АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институты инфекциялық аурулар бөлімінің басшысы. Майкл Хоутон Канаданың вирусология институтында жұмыс істейді. Ал Чарльз Райс – Нью-Йорктегі Рокфеллер университетінің вирусология профессоры. Физикадан 2020 жылғы Нобель сыйлығын Оксфорд университетінде қызмет атқаратын профессор Роджер Пенроуз, АҚШ-та еңбек ететін германиялық ғалым Рейнхард Герцель және америкалық физик Андреа Гез иеленді. Пенроуз салыстырмалылық теория аясында қарақұрдымды зерттегені үшін марапатталса, Герцель мен Гез «галактиканың орталығында өте ауыр объектіні ашқан». Сыйақының жартысы Пенроуздың қалтасына түседі, екінші жартысын Герцель мен Гез өзара бөліседі. Әдебиет сыйлығы америкалық Луиза Глюкке бұйырды. Швед академиясы ақынға бұл премияның «қайталанбас поэтикалық дауыс, адамның жеке уайымын адамзаттық дәрежеге жеткізгені үшін» тағайындалғанын айтады. Қазақ оқырмандарына Луиза Глюктің есімі мүлде беймәлім. Ал орыс қо­ғамында тек кәсіби ақындар мен аудармашыларға ғана белгілі екен. Глюк – Американың өнер және әдебиет академиясының мүшесі, Америка ақындары академиясының канцлері. Ол 1943 жылы Нью-Йоркте еврей отбасында туған. Сарра Лоуренс колледжінде және Колумбия университетінде оқыған, бірақ  диплом ала алмаған. Кейінірек Уильямстаундағы Уильямс колледжінде ағылшын тілінен сабақ берген, сондай-ақ Йельс, Бостон және Айова университеттерінде оқытушы болған. Химия саласы сыйлығына Дженнифер Дудна мен Эммануэль Шарпантье қол жеткізді. Ғалымдар «Генетикалық қайшы» деп аталатын зерттеу жұмысын жүргізіп, өсімдіктер, жануарлар мен микроорганизмдердің геномын талдайтын әдіс ойлап тапқан. Демек, енді ДНК-дағы қажетсіз фрагментті тауып, оны алып тастауға немесе басқасына ауыстыруға болады. Нобель комитетінің мүшесі Питер Бжезинскийдің пікірінше, болашақ осы әдістің қолында. Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы лайық деп танылды. Бұл ұйым аштықпен күресіп, аштықты соғыс құралы ретінде пайдалануға қарсы шығып келеді. 2019 жылы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 88 мемлекетте 100 млн адамға көмектескен. Сыйлыққа ұсынылғандар арасында АҚШ президенті Дональд Трамп, әлемге әйгілі экобелсенді Грета Гутенберг, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джасинда Ардерн, Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская, ресейлік оппозиционер Алексей Навальный және «Шекарасыз тілшілер» баспасөз қорғау ұйымы бар еді. Ал былтыр Бейбітшілік саласындағы атаулы марапат Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмед Әлиге тиген. Ахмед 2018 жылы премьер-министр болып сайланған соң Эритерия билігімен келісімге келіп, 20 жылға созылған қақтығысқа нүкте қойған. Экономика бойынша Нобель сыйлығы биыл америкалық экономистер Пол Милгром және Роберт Уилсонға берілді. Олар аукцион теориясын жетілдіріп, жаңа форматын жасаған. Швеция банкі бұл номинацияны 1969 жылы тағайындапты. Ол ресми түрде «Нобель сыйлығы» деп емес, «экономика саласы бойынша Альфред Нобель атындағы сыйлық» деп аталады. 2020 жылы Нобель сыйлығын табыстау рәсімі 10 желтоқсанға, Альфред Нобель дүниеден озған күнге белгіленген. Пандемия кесірінен салтанатты жиын онлайн форматта өтіп, Стокгольм мэриясынан тікелей эфирде таратылады. Марапаттар жеңімпаздарға елшіліктер пен университеттер арқылы табысталады. Әлемдегі ең әйдік сыйлық 1901 жылдан бері 597 рет тағайындалған. 950 адам мен ұйым лауреат атанған. Биыл әр номинацияның жүлде қоры 10 млн швед кронына (шамамен $1,11 млн) бағаланып отыр.  

Дайындаған Еркебұлан НҰРЕКЕШ