«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деп Міржақып Дулатов айтқандай, қас-қағымда қамшы салдырмай қарыштап дамыған бүгінгідей ақпарат дәуірінде жалынды жастардың сөзін, үнін жеткізе білген, қажыр қайратын жанып, намысын жонып, жігерін суарған, жеңісін еселеп көрсетіп жүрген Жамбыл облыстық ARAI жастар газетіне 15 жыл толды.
Басылымның әр нөмірінде әріптестердің қаншама қажыр-қайраты, азап-мехнаты мен табандылығы, жанкештілігі, талайлы тағдыры жатыр. Редакция ұжымы 15 жылдың ішінде салмағы ғасырға татитын ғибратты, танымдық дүниелерді оқырманның жүрегіне жеткізе білді. Әлі күнге бұқараның мәселесін жаңаша көзқараспен, зор жауапкершілікпен һәм асқақ абыроймен арқалап келеді. Өз кезегінде редакция ұжымы ел танитын талантты журналистердің ұстаханасына айналды.
Әлі де бергенінен берері көп берекелі басылымның еңбегіне толағай табыс, әріптестерге шалқар шығармашылық шабыт тілейміз! Он бес жылдық белес ғасыр асуына ұлассын!
Ізгі ниетпен Aiqyn газетінің ұжымы