Кезіндегі "Синий кит" есіңізде ме? Міне, тура осы. Аты басқа болғанымен, заты сол. Әуелі балаларды өзіне қарай баурап алады, кейін түрлі тапсырмалар беріп, соңында өзіне қол жұмсауға мәжбүрлейді. Ал айтқанын істемесең, жақындарыңды өлтіремін деп қоқан-лоқы көрсетеді екен. Сонда өрімдей ұл-қыздарды өлімге итермелейтін бұл не ойын? Балаларды қалай қорғаймыз? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Осыдан үш жыл бұрын қауіпті ойын ойнаймыз деп жүздеген бала от басып, отбасын жылатып кетті. Елдің есін шығарған "Тихий Дом","Синий кит" естеріңізде болар. Өрімдей ұл-қыздарды өлімге жетелейтін ойындармен жұрт жұмыла күресіп еді. Енді бәрі ұмыт қалды ма дегенде тағы мбасталды.
"Елімізде қазақ тілінде "қырға дейін 50 қадам" деген жаңа ойын тарап жатыр. Шарты өте қарапайым. Квест түрінде өтеді. Ұйымдастырушылар балаларға 50-ге жуық тапсырма береді. Әуелі сурет салып, кураторға жібер, кейін таңғы төртте ұйқыдан тұрып бір стақан су іш дейді, ал соңында суицид жасауға мәжбүрлейді. Абырой болғанда, осыған дейін бұл ойыннан ешкім зардап шекпеді. Дегенмен, ата-аналарға абай болған жөн", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас психологы Светлана Пошолченко.Иә, өйткені бала аталған ойынға қалай кіріп кеткенін өзі де аңғармай қалуы мүмкін. Ұйымдастырушылар құрығына түсіретін жандарды өздері іздейді екен. Ата-анасы көңіл бөлмейтін, достарымен бірге жүрмейтін, бойында белгілі бір комплексі бар балаларды таңдайды. Сөйтіп досының рөліне кіреді.
"Олар сауалнама жүргізу арқылы балаларлың отбасылық жағдайын, ішкі күйзелісін біледі де қақпанына түсіреді. Яғни өмір сүруге құқысы жоқ деп өздері шығарып алады немесе бұның өмір сүруі өте ауыр мен бұған әрі қарай өмірінде қиналмау үшін көмектесемін, көмек беремін деген мақсатта, - дейді психолог Ғалияш Махашева.Мәселен, еліміздің оңтүстігінде осындай арам пиғылды жандардың бірі құзырлы органдардың қолына түсті. Ол өзі құрған телеграм каналдарды пайдаланып, жасөспірімдерді суицид жасауға шақырыпты. Қазір оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Өкініштісі, ел бойынша балаларды өлімге жетелейтін тағы 14 топ бар екен. Бәрінің аты басқа болғанымен, заты бір.
"Егер ол қауіпті екенін білетін болса, бірден айтпау керек балаға ол қауіпті зиянды нәрсе деп. Себебі ол шошып кетіп, ата-анасына қандай ойын ойнап жатқанын айтпауы да мүмкін. Мысалы жаман топқа келсе, олар "ата-анаға ешкімге айтпа" деп айтады ғой.Сондықтан әр ата-ана 18 жасқа дейінгі балаларды қадағалау керек", - дейді психолог Айсұлу Исахметова.Ойын ұйымдастырушылары әдетте жақсы психолог болады дейді білетіндер. Баланың осал тұсын анықтап, келесі амал-айласын да соған байланысты асырады. Ал үйдегі ұл-қыздың арам пиғылды жандардың құрығына түскенін қалай білеміз?
"Ең басты екі нәрсе. Бұл баланың ұйқысы және тамағы. Дәл осыны бұзады олар. Олар осы жағынан өте жақсы. Бала тамақтан әлсіреген уақытта, ұйқысы бұзылған уақытта ол роботқа айналып, кез-келген айтылған тапсырманы орындай береді. Мен өзімді жек көремін, мен сендерге керек емеспін деп өз-өзін кінәлай бастайды. Немесе жек көре бастайды. Бұл ата-ана үлкен сигнал",- дейді психолог Ғалияш Махашева.Қалай болғанда да, қазір жауаптылар әлеуметтік желілерде арнайы мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер қандай да бір күдік туындаса, әлгі топ я парақша бірден бұғатталады. Дегенмен, жаңасының ашылмасына кепіл жоқ екен. Сондықтан әр ата-ана өз баласын өзі бақылағаны дұрыс дейді құзырлы орган өкілдері.