Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған науқастар саны артып барады

Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған науқастар саны артып барады

Бүгінде коронавирус инфекциясымен ауыратын 87 науқас қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Олардың арасында ұзақ уақыт қарқынды терапия бөлімінде ешқандай оң динамикасыз ем алып жатқандар бар, - деп хабарлады елорд әкімдігінің ресми сайты.

«Азаматтардың әдеттегі алдын алу шараларын сақтамауы қалада коронавирус жұқтырудың көбейе бастауына әкеп соқтырды. Адамдар әлеуметтік қашықтық сақтауды, маска тағу мен жеке гигиенаны ұмыта бастады. Әрине, жаз мезгіліндегі аурушаңдықтың шыңымен салыстырғанда, жағдай қорқынышты емес. Жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирус жұқтырған науқастарға арналған 200 төсек-орын орналастырылған. Бірақ біз мұндай науқастардың көбеюіне жол бергіміз келмейді. Сондықтан санитария нормаларын ұмытпау керек. Қала тұрғындарының санитария нормаларын сақтамауы жаппай індет жұқтыруға әкелуі мүмкін, сондықтан медициналық персонал мен медицина мекемелеріне жүктеме айтарлықтай артуы мүмкін. Бұған жол бермеу керек», - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Муратов.

Нұр-Сұлтанда ПТР сынағынан өткені туралы куәлігі жоқ әуе жолаушыларын Ramada Plaza қонақ үйіндегі карантин стационары қабылдайды. Қалалық жұқпалы аурулар орталығы 200 төсек-орынға дейін кеңейтілді.

«5 мыңнан астам стационар төсек-орнын орналастыра аламыз. Алайда, бұл жұмыс жүйесінде оң нәтиже бермейді. Керісінше, халық арасында коронавирустың таралуын болдырмау қажет. Бұл біздің басты міндетіміз», - деп қорытындылады Тимур Муратов.

Еске салайық, 12 қазанда Нұр-Сұлтанға келген әуе жолаушысынан коронавирус анықталды. Жолаушы әуежайдан бірден карантин стационарына жеткізіліп, қажетті зертханалық тексерулерден өтті. Науқастың нәтижелері анализ алынғаннан соң 4 сағаттан кейін дайын болды. Жолаушыдан індеттің симптомсыз түрі анықталып, үй карантиніне оқшауланды.