24 жыл бұрын экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген қазақстандық әйел ана атанды. Бұл туралы Репродуктивті медицина институты хабарлады.
Мекеменің мәліметі бойынша жүктілік және босану табиғи түрде болған. Салмағы 3,2 келі болатын шекесі торсықтай сәби өз мерзімімен дүниеге келді. Дәрігерлер бұл оқиғаны тарихи деп бағалап отыр, өйткені шыны түтіктің көмегімен дүниеге келген балалардың бедеулігі туралы аңызға нүкте қойылады.
«Бүгін біз пациенттің дәрігерлердің көмегінсіз өзі босанғанын қуана хабарлаймыз. Жүктілік және босану табиғи жолмен болды, бұл оқиға Экстракорпоралды ұрықтандыру жолымен туған баланың табиғи жолмен дүниеге келген балалармен бірдей екенін тағы бір дәлелдеді», – дейді репродуктивті медицина институты директорының орынбасары Людмила Баделбаева. Людмила Баделбаеваның айтуынша, жас ананың өзі 1996 жылы 31 шілдеде шыны түтікшенің көмегі арқылы 2,8 келі салмақпен дүниеге келген. Бұл Қазақстандағы тұңғыш экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген сәби болатын.
Әлемде ЭКҰ көмегімен 6,5 миллионнан астам бала дүниеге келген. Аталған технология 42 жыл ішінде қалыпты медициналық жағдайға айналды және Қазақстанда да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасына енгізілді.