Бұл туралы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысын шығарған Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде «Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының жобасы» талқылануда. Ол бірнеше ай бұрын қабылданып кететін еді. Алайда оның шикілігін байқаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым Жоғарғы кеңесінің 2020 жылғы 19 мамырдағы отырысы барысында ескерту жасап, стратегия жобасын қайта пысықтауға жіберді. Мысалы, сарапшылар Еуразиялық одақ құрылымдарында Ресей өкілдерінің тым басым екенін сынап жүр. Алайда ары қарай да солай қалатынға ұқсайды. Біздің келіссөзшілер тіреспеген.
– Бүгінде комиссияның кадр саясаты, сондай-ақ ЕЭК-тің сауда шаралары жөніндегі шешімдеріне «вето» құқығын қолдану бөлігінде стратегия жобасына берілген қазақстандық ұсыныстарды талқылау жалғасуда. Келіссөздер кезінде комиссияда жұмыс істеу үшін үміткерлерді кәсіби дағдылары негізінде ғана іріктеу керек деп атап өтілді. Ал «вето» құқығын қолдану – әрбір мүше мемлекеттің даусыз егеменді құқығы. Бұл оған өз сөзін тыңдатуға және экономикалық мүдделеріне сәйкес келмейтін шешімдердің қабылданып кетуіне жол бермеуге мүмкіндік береді, – деді Жанель Күшікова.Естеріңізге сала кетейік, ЕАЭО-ға мүше елдерде карантин енгізілуіне байланысты олардың арасындағы жолаушылар қатынасы тоқтатылды. Тиісінше, интеграция қарқыны біраз бәсеңдеді. Алда қайта күшеюі мүмкін. Сондықтан жаңа стратегияда ұлттық мүдделердің сақталуына қол жеткізу маңызды.
Ерік ЕРДЕНОВ