Машина NATO стандарттарына сай жоғары ұтқырлыққа, баллистикалық және минаға қарсы қорғаудың жеткілікті деңгейіне ие. Тереңдігі 1,8 метрге дейін баратын су кедергілерінен жеңіл өтеді. Arma-да әртүрлі жағдайда және қазіргі заманғы майдан алаңында ұрыс салатын, калибрі 7,62 мм-ден 105 мм-ге дейін жететін қару-жарақ тұғырнамасы орнатылады. Түріктер қазақтардың сынауына өрт себу машинасын, барлау машинасын, командалық-штабтық машинаны, инженерлік, санитарлық, эвакуациялық және амфибиялық нұсқаларын да ұсынады. Алғашқы сынақтар биылғы наурызда Қарағанды облысының оқу полигонында күндізгі және түнгі уақытта жүріпті. Көліктердің қазақ даласындағы қауқары бағамдалған, биіктігі 30-дан 65 см-ге дейін жететін оппа қарды еңсерген. Ату сынақтары тәжірибелік атулар жүргізу арқылы күндізгі және түнгі уақытта өткізілді. Жұмыс тобы түріктің броньды машинасы шығарушылар ұсынған сипаттамаларға сәйкес келетінін растады. Егер Қазақстан сатып алса, Otokar БДМ-де біздің елдің талаптарына сәйкес келетін кез келген жауынгерлік модульді орнатуға дайын екен.
Айхан ШӘРІП