Көп адам КСРО паспортымен жүр

Көп адам КСРО паспортымен жүр

2020 жыл басынан бері 1974 жылғы үлгідегі Кеңес Одағының паспорттарымен жүрген 867 адам табылды. 2019 жылы олардың саны 1 мың 727-ге жеткен-тін.

«Біз анықтаған тұлғалардың үлкен бөлігі Қазақстан азаматтары емес. Олар Қазақстанға ТМД елдерінен көшіп келіпті. Алайда бұрынғы мемлекеттері де енді оларды өз азаматымыз деп танымайды», – дейді ІІМ Көші-қон қыз­меті комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов.
Бүгінде оларды Қазақстан заңнамасына сай құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонда олар қазақстандықтар қатарлы емделіп, білім алу мүмкіндігін иеленеді, жәрдемақы, зейнета­қы және басқа көмекке қол жеткізеді. Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро директорының орынбасары Денис Дживага кеңестік паспорт иелерін «елес» деп атады.
«Бұл адамдар мемлекетте көзге түспейді. Олар медициналық және әлеуметтік көмек, зейнетақы не жәрдемақы алмайды. Еш жерге жұмысқа тұрмайды. Күші бар қандай да бір құжаты болмағандықтан, еркін жүріп-тұра да алмайды», – дейді Д.Дживага.
Сонда олардың Кеңес өкіметі құлағалы бергі отыз жылда қалай өмір сүріп келгені беймәлім. Оны терең зерттеуге еш органның күші, уақыты жетпейді.  

Елдос СЕНБАЙ