Жалпы, «Жастар-Отанға!» жобасы Елбасы – «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынды. Осы мақсатта атқарылатын жұмыстар легі 5 жыл қатарынан жүзеге асырылады. Жоба үздік отандық аналитиктер мен саясаттанушылардың қатысуымен, жастар мәселесіне қатысты халықаралық ұйымдар және әлемдік үрдістер мен тәжірибелерге сүйене отырып дайындалғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар jasotan.kz сайтында бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар мен нақты көрсеткіштер көрсетілген 216 жол картасы жарияланды. Аталған жоба бес бағытты қамтиды. Яғни, бағдарламадағы бес негізгі бағыт бойынша түрлі жұмыс атқарылады. Сондай-ақ партияның Жастар қанаты 5 жыл ішінде жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,7 пайызға, NEET үлесін 6,8 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсембаев айтты. Ол сондай-ақ брифинг барысында «Жастар-Отанға!» бағдарламасының басым бағыттарына да жеке тоқталған болатын.
– «Жастар-Отанға!» – еліміздің барлық жастарын қамтитын өте ауқымды бағдарлама. Бұл бағдарлама 5 бағыттан, яғни азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана, тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу бағыттарынан тұрады. Осы бағдарламаны әзірлемес бұрын республика бойынша онлайн және оффлайн форматында 200-ге жуық кездесу өтіп, 4 мыңға жуық жастардан кеңес алған болатынбыз. Бағдарламаны әзірлеу барысында әлеуметтік сауалнама жүргізуге ден қойдық. Екіншіден, халықаралық тәжірибелер зерттелді. Онда Канада, Германия сияқты дамыған елдердің тәжірибелері қаралды. БҰҰ-ның жастар саясатын қолдау бағдарламасы мен еліміздегі 2030 жылға дейінгі жастар стратегиялық бағдарламасы негізгі бағыттың бірі болды, – деді «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы.Расымен де, мұның бәрі жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстанның игілігі үшін жасалып жатқан игі бастама екені сөзсіз. Әрі бұл жұмыстар бойынша белсенді жастарды қоғамдық өмірге белсене араластыруға ықпал ету маңызды міндеттің бірі саналады. Қорыта айтқанда, келешекте «Жастар-Отанға!» бағдарламасы жастар саясатын дамытуға бағытталған маңызды әрі құнды құжаттың біріне айналмақ.
Әбілмансұр ЖАСАН